Вице-министр экологияны жақсартудың жалғыз жолын айтты

1517

Үздік қолжетімді технологияларды кәсіпорындар 2025 жылдан бастап қолдана бастайды. 

Вице-министр экологияны жақсартудың жалғыз жолын айтты

Жаңа экологиялық кодекс жобасы жайлы баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов коронавирус пандемиясына байланысты кодексті қабылдауды кейінге шегеруге қатысты пікірін білдірді.

"Төтенше жағдай режимі кезінде де экология мәселелері маңыздылығын жоғалтпайды. Қазір ірі өндірістік қауымдастықтар коронавирус пандемиясы салдарына байланысты жаңа экологиялық кодексті қарастыру мен қабылдау уақытын кейінге шегеру туралы айтуда. Алайда бұл экологиялық кодекстің мақсаты мен жүзеге асыру мерзімі қазіргі жағдайды еш ушықтырмайды. Бүгінгі экологиялық жағдай мәз емес. Соңғы бір айда болған апаттарды айтайын: Теңізде пештің тоқтауы себебінен күкірт газы ауаға тарады, ArcelorMittal Теміртау кәсіпорынындағы ЖЭС шатырының жануынан қоршаған ортаға залал келді. Бұндай жағдайлар өте жиі кездеседі. Экология саласында қатаң шаралар қабылдауды қазірден бастап қолға алуымыз керек", –  деп баса айтты вице-министр.

Ахметжан Пірімқұлов баяндамасында өндірісті экологиялық талаптарға сай ету тетіктеріне тоқталды. 

"Экологиялық кодекс аясында үздік қолжетімді технологиялар (ҮҚТ) қолданылады. Бұл кодексті қабылдаған кезде өндірістік кәсіпорындардың шығын шығаруына тура келетінін білдік. Алайда бүгінгі күні бұл Теміртау, Балқаш, Өскемен, Қарағанды сынды қалалардың экологиясын жақсартудың жалғыз жолы. Бірінші кезекте айтқым келетіні, бұл механизмді елдегі 50 ірі кәсіпорын 2025 жылдан бастап қолдана бастайды. Сонымен қатар, жаңа технологияны енгізген кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылады. Яғни, үздік қолжетімді технологияларды енгізудің қисынды мерзімі мен шарттары ұсынылып отыр. Жобаның қандай да бір тәуекелге әкеп соқтыратыны туралы айту ерте. Жаңа экологиялық кодексте "кәсіпорындар ҮҚТ енгізбегені үшін жабылады" деген норма жоқ. Тек эмиссия үшін төлем мөлшерлемесін кезең-кезеңмен көтеру қарастырылған. Қазақстанда салынатын жаңа кәсіпорындар үздік қолжетімді технологияларды енгізуге міндетті болады", – деді ол.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі өңірлердегі кәсіпорындардың қоршаған ортаға шығарған қалдықтары үшін жергілікті бюджетке төлеген қаражаты қайда жұмсалатынын мәлім етті.

"Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, өңірлер түскен қаражаттан экологияға 40%-дан артық бөлмейді. Ал Ақмола, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан тәрізді аймақтарда бұл көрсеткіш тіптен 5%-дан аспайды. 2019 жылы бюджетке 99 млрд теңге түсті. Заң жобасы қабылданса, қоршаған ортаға эмиссия үшін жиналған ақша 100% экологияны қорғауға жұмсалады. Бұл қаражатты айналаны көгалдандыру, саябақтар ашу, кәріздер және қалдықтарды тазарту бекетінің құрылысын салу, тұрмыстық қатты қалдықтар төгілетін полигондарды ретке келтіру, бейберекет қоқыс төгумен күреске арнау қажет", – деп түсіндірді экология вице-министрі.

Оның сөзінше, өндіріс кәсіпорындары қоршаған ортаға шығаратын қалдықтарын шынайы уақыт режимінде автоматты бақылау жүйесін орнатқан, алайда бұл мәліметтермен қоғамды таныстыруға асығар емес.

"Автоматты мониторинг жүйесі біріншіден, бизнесті тексеруді азайтады. Ең бастысы, кәсіпорындар қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтардың мөлшері жайлы дұрыс мәліметтер береді әрі жұртшылықты хабардар етіп отырады. Бұл норма міндетті түрде орындалуға тиіс. Ірі кәсіпорындарда мониторинг қондырғылары бар, бірақ мәліметтерін бергісі келмейді. Алайда біз талап ететін боламыз. Дегенмен жаңа экологиялық кодекс ережелері кәсіпорындарды жабуға немесе олардың жұмысын қиындатуға арналмаған. Мақсатымыз – қалаларда өмір сүруді жайлы ету", – деп түсіндірді А.Пірімқұлов.

Сондай-ақ, вице-министр бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналған Түркістан облысындағы су басу мәселесін сөз етті. Оның айтуынша, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасына қазақстандық және халықаралық сарапшылар техникалық аудит жүргізбек.

"Кеше министр Мағзұм Мырзағалиев Шымкент қаласында Өзбекстанның су ресурстары министрімен кездесіп, Сардоба су қоймасына қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысатын техникалық аудит жүргізуге келісімге келді. Аудит қорытындысы бойынша ол нысанның болашағы жайлы шешім қабылданады", – деп айтып өтті лауазымды тұлға.

Сонымен қатар, экология вице-министрі қазіргі кезде оңтүстіктегі су басқан аймақта адам өміріне қауіпті ластаушы заттардың жоқ екенін де мәлім етті.

"Осы төтенше жағдай басталған күннен бері Түркістан облысындағы су басқан аймақта "Қазгидромет" және экология департаменті мамандары қызмет етуде. Олар судың сапасын күнделікті қадағалап отыр. Бүгінгі күні тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін айтарлықтай зиянды немесе ластаушы заттар жоқ. Бақылау ары қарай жалғаса береді", – деп сөзін аяқтады Ахметжан Пірімқұлов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу