Елде жұмыс нарығында ахуал күрделенгенін Еңбек министрлігі де жоққа шығармады. Салдарынан тіпті қандас қазақтардың елге квотамен келуі қиындатылғалы тұр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға 2023 жылы 1 миллион адамға жұмыс тауып беруге тура келмек. Мұны министр ханым таяуда өткен өз ведомствосының кеңейтілген алқа отырысында мойындады. Дүйсенова ұлттық еңбек нарығына бірнеше қауіп төнгенін жеткізді және негізгі сын-қатерлер қатарында соғыс салдарынан ушыққан геосаяси жағдайды, бэби бум нәтижесінде еңбек нарығына өз жастарымыздың үлкен легінің қосылуын, ірі кәсіпорындардағы күтілетін жұмыстан босату науқанын және жаңа жұмыс орындарының аз генерациясын (ашылуын) атады. Бұлардың бәрі, оның пікірінше, халықтың табысын азайтып, тұрмысын төмендетуі мүмкін.
"Сондықтан министрлік өз жұмысының басты бір мақсаты ретінде отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтуды және оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуын бекітті. Негізгі нәтиже жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру болуға тиіс", – деді Еңбек министрі Тамара Дүйсенова.
Бірақ әрине, министрдің қолында дайын тұрған 1 млн жұмыс орны жоқ. Министрліктегілер 800 мыңға жуық азамат жеке бастамалары негізінде өзі жұмыс тауып алады деп үміттенеді. Әйтпесе, тіпті мемлекеттік бағдарламалардың орнын басқан, бюджеттен бірнеше триллион теңге шығындалатын оннан астам ұлттық жоба да құтқармайын деп тұр.
"Республика бойынша 2023 жылы салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар шеңберінде 75 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бұған қоса жалпы сомасы 131 млрд теңгеге жалақысын бюджеттен субсидиялау арқылы 150 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ал 780 мың адам жеке бастамалар аясында жұмыс табады және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналасады деп күтілуде. 6 мың жас азаматқа 5 жылға жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті микрокредиттер беріледі. Зейнеталды жастағы адамдар үшін "Күміс жас" жобасын іске асыру жалғасады. Жоба аясында жыл сайын кемінде 15 мың адам жұмыспен қамтылады", – деді Тамара Дүйсенова.
Кейбір сарапшылар шетелден көшетін, басым көпшілігі орта мектепті ғана бітірген, жоғарғы білімі жоқ қандастар жұмыссыздық проблемасын өршітеді деп санайтыны жасырын емес. Сондықтан Үкімет қандастарға арналған әлеуметтік қолдау пакетін нығайтумен қоса, оларды квота бойынша қабылдау талабын да қатайтуға көшті. Мысалы, Еңбек министрлігі этникалық қазақтарды қабылдау алгоритмін Маңғыстау облысында сынақтан өткізді. Алда ол қандас қабылдайтын барлық өңірге таралады деген болжам бар. Оған сәйкес жұмыс берушісі растаған жұмысқа шақыруы бар этникалық қазақтар кәсіпорынның орналасқан жері бойынша өңірге виза алады. Басқа санаттар жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша түрлі қоныстандыру өңірлеріне жіберіледі. Осы арқылы билік олардың бір шерде шоғырланбауына, араласып, тастай батып, судай сіңуіне қол жеткізбек.
Қынжылтатыны сол, Үкімет Ресейдегі мобилизациядан қашқан жүздеген мың РФ тұрғындарының тасқынына алдын ала дайын болмай шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, солтүстік көршіде соғысқа жігіт алу жарлығы шыққан былтырғы 21 қыркүйектен қарашаның соңына дейін Қазақстанға 400 мың ресейлік азамат қоныстанған. 198 мың ресейлік Қазақстан арқылы өзге елдерге транзитпен өтіп кеткен. 2022 жылғы желтоқсанда ресми мәлімет бойынша республикамыздағы ресейліктердің саны 298 мыңды құрады. Олардың 30 мыңнан астамы ресми жұмысқа орналасып үлгеріпті. Қалғандары бейресми, тіркелусіз, жасырын табыс тауып жүрсе керек.
Осы орайда Қазақстанның шетелдіктерге арналған визаранды (Visa Run) жоятыны туралы хабар әсіресе, ресейліктерді дүрліктіріп отыр. Осы аптада Үкімет тиісті қаулысын да ресми жариялады. Оған сәйкес, иммигранттардың елге келуі және елде болуы қағидалары өзгерді.
Мәтіні енді ғана жария етіліп отырған Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 31 желтоқсандағы №1146 қаулысы бойынша иммигранттарға республикада келесі мерзім ішінде ғана болуға рұқсат етіледі:
- Қазақстанға виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген көшіп келушілер үшін ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткеннен бастап күнтізбелік 30 күн, күнтізбелік 180 күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күн;
- Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерінің азаматтары үшін ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 90 күн, күнтізбелік 180 күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күн;
- уақытша тұруға рұқсат ресімдеген көшіп келушілер үшін осы рұқсаттың қолданылу мерзімі өткен соң тәмамдалады.
Яғни, шенеуніктер тілінен аударғанда, ресейліктер жүз сексен күн (жарты жыл) ішінде Қазақстанда жалпы саны 90 күн ғана бола алады. Әрі қарай өз еліне оралып, Қазақстанға қайта кіруге тиіс. Сонда қалған жартыжылдықта жалпы жиынтығында тағы 90 күн жүруіне рұқсат етіледі.
2012 жылдан бері күшінде болған Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі және онда болуы қағидаларының бұрынғы редакциясында ресейліктерге жартыжылдық шектеу көзделмеді. Салдарынан, елімізде болу уақыты біткен ресейліктер шекаралас ресейлік қалаға не тіпті деревняға бара салып, сол күні-ақ Қазақстанға қайта кіретін. Мұны визаран атайтыны мәлім.
Visa Run – өзге елде заңды болу мерзімін жаңарту үшін шекараны кесіп өтуді білдіреді.
Аталған қаулы ресми жарияланған күннен бастап он күн өткенде, яғни 2023 жылғы 26 қаңтарда, алдағы аптаның бейсенбісінде күшіне енеді.
Осылайша, жаңа қағидалар бойынша ресейліктер енді шұғыл "визаранды" жүзеге асыра алмайды. Ресейіне кетіп, сонда келесі жартыжылдықтың басталуын күтуіне тура келмек.
Бұл бір жағынан, шетелдік жұмыс күшінің квотасынан тыс қаптап келіп жатқан ресейлік жұмыс қолының ауыртпалығын азайтуға ықпал етуі мүмкін. Үш айға еліне аттанған жаңа жұмысшысын жұмыс берушісі сарғая күтіп отырғысы келмей, жергілікті маманды алуы да ғажап емес.
Бірақ визаран жойылғаннан кейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі түсініктеме беріп, қаулының кері күші болмайтынын мәлімдеді. Яғни, былтыр елімізге тасқындаған ресейліктер 27 қаңтарға дейін өз елдеріне кетіп, жартыжылдық мерзімді тез жаңартып ала алады.
Бірақ саяси көзқарасы үшін қудаланғандар және мобилизациядан қашқандар бұл жеңілдікті пайдалануға қорқады екен. Олар журналистермен әңгімесінде РФ шекарадан кері өткізбей қояды, әскерге шақыруды (повестка) ұстатып, соғысқа жолдайды деп үрейленеді. Себебі, Рф президенті 2022 жылғы қыркүйектегі ішінара жұмылдыру туралы жарлығының күшін жойған жоқ, ол әрі қарай күшінде.
Ресейлік "Такие дела" порталына сұхбатында 6 қазанда қоныс аударған мобилизант Павел шетелдік паспорты болмағандықтан, Қазақстанды таңдағанын айтты. Содан бері ол бір рет визаранды жүзеге асырыпты. Бірақ 9 күннен кейін қайта ұзартпаса, "нелегалға" айналмақ. Оның былтыр өз елінде рәсімдеген шетелдік паспорты тек биылғы сәуірде дайын болады екен. Соған дейін ол қазақстандық көші-қон қызметінің өкілдерінен жасырынып жүруге тырысатынын хабарлады. Әрі қарай паспортымен алыс шетелге тайып тұруға мүмкіндігі болады.
Ресейден қоныс аударған Артем бүгінде Қазақстанда SMM-редактор болып жұмыс істейді. Ол визаранның жойылуын өзі үшін "жаман жаңалық" деп бағалады.
"Қазақстанның Еуразиялық одақ елдеріне қатысты визараннан бас тартуы Ресейден келгелі тұрған миграцияның жаңа толқынын тежеудің қамы екенін түсінемін. Бірақ визаранның жойылуы жоспарларымды бұзып, өміріме мазасыздық лебін әкелді. Мен Ресейде мобилизация басталғанда бірден Қазақстанға келдім. Содан соң Грузия бардым, ондағы жағдаймен танысып, Қазақстанға оралудың орынды екенін ұғындым. Елордада екінші пәтерге көшіп үлгердім, ең кемі 3 айға жалдау келісімін бекіттім. Қалу ниетім бар. Қалу үшін не істеу керектігінің түрлі нұсқаларын салмақтап жатырмын. Мысалы, 1 жылға уақытша тұруға ықтиярхат алуға болады. Ол жұмыс істейтіндерге, оқитындарға және діни миссионерлік қызмет ететіндерге беріледі. Тағы бір нұсқа осы қызметті заңсыз алу, ол үшін шамамен 40 мың рубльдей беру керек", – деген Артем Қазақстанда ұзаққа тұрақтаудың кез келген амалын қарастыратынын жеткізді.
Ресейде паспорт екіге бөлінеді: ішкі және шетелдік паспорт. Содан шетелдік паспорттары жоқтары Қазақстанға, Грузияға, Арменияға қашты. Ал мұндайлардың қатары солтүстік көршіде алапат. РФ азаматтарының 76% ешқашан Ресейден асып, шетелге шықпаған. РФ федералдық көші-қон қызметінің дерегінше, 2023 жылғы жағдай бойынша Ресей тұрғындарының небәрі 30%-ының шетелдік паспорты бар. Мәскеудің өзінде бұл көрсеткіш 59 пайыздан аспаған.
Ендеше алда геосаяси ахуал күрт ушығып, Ресей еркектері жатжұрттарға қашса, оның басым көпшілігі Қазақстанға бет алады деп болжауға болады. Олай болса, Қазақстан Үкіметінің визаранды жою қадамы өзекті, керекті шара. Бірақ ол жеткіліксіз. Құзырлы органдар көші-қон талаптарын тек қандастар үшін ғана емес, одақтастардың азаматтарына қатысты да қатайтқаны жөн. Мысалы, олардың бас қалаларымызда және Ресеймен шектес облыстарымызда шектен тыс шоғырлануына жол бермеген жөн. Бүкіл өңірлерді қоса алғанда, 55 мыңдай ғана адам қатысқан қаңтар оқиғаларынан да зұлмат жағдайды болғызбай, алдын алу шаралары шетелдік мигранттарды қамтыса, абзал.
Айтқандай, релоканттарға көмектесіп жүрген қазақстандық заңгер Александр Чичков оларға баспанасын жалға беретін қазақстандықтарға ескертті: егер үйіңізде визараннан қашқан шетелдік тұрса, сол үшін сізге де қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
Жанат Ардақ