Витамин мен БАД-тарды кез келген адам үйінде жасай беретін болды

2129

Кәсіпкер дәрумендер мен "балық майын" жасап, маркетплейстерде сатудан айына 200 миллион табыс табатынын айтып берді.

Витамин мен БАД-тарды кез келген адам үйінде жасай беретін болды Фото: canva.com

Дәрігерлер, қаптаған блогерлер, "дұрыс тамақтану білгірлері" және басқалары халықты дәруменге тәуелді етіп қойды.

"Емханамыздың терапевтінің алдына жету қиын. Қабылдауына кіре қалғанның өзінде ешқандай дәрі-дәрмек бермейді, Д-есепте тұрсақ та, КТ, МРТ, УДЗ тексеруіне жібермейді. Бар айтатыны: "дәрумендер қабылдаңыз, сонда бәрі жақсы болады". Олардың дәріханалардағы бағасы удай. Көршілер чатында витаминдерді арзандау сататын жердің контактісі жарияланды. Соған хабарласып, Омега-3, "рыбий жирге" тапсырыс бердім. Содан бері қыр-соңымнан қалмай қойды, үнемі телефон соғады, жаңа өнімдерін тықпалайды. Витамин сату медицина емес, нағыз "сетевой" бизнеске айналған екен", – дейді елорда тұрғыны Бейбіт Манар.

Бұл тек желілік бизнес қана емес, ол сондай-ақ ақылы курстардың да табыс көзі. Әлеуметтік желі "Сізді БАД жасауға үйретемін" деген курстарға толы. Құны 400 мың теңгеге дейін барады. Кәсібін ашқандардың бір бөлігі онысын франшиза түрінде сатуда.

"Упал, поднялся" телеграм-арнасының авторы Вячеслав Рюмин биологиялық белсенді заттар (БАД) мен витаминдерді өндіретін шағын цехын ашып алған В.Липин және П.Мамаевтан сұхбат алды.

"Дәріханалар дәрі сатудан өте аз табыс табады. Өйткені дәрілік заттардың бағасының жоғарғы шегіне мемлекеттік реттеу енгізілген. Мысалы, парацетамолға не антибиотикке әрі кетсе 15% үстемеақы қоса алады. Бірақ кез келген бизнес сияқты дәріхана қожайындары да мол табыс тапқысы келеді. Сондықтан дәріханалардың өкілдері менікі сияқты өндіріс орындарына келеді де, биологиялық белсенді қоспаларға тапсырыс береді", – деді кәсіпкер Владимир Липин.

Бүгінде бұл қоспалардың түр-түрін өндіретін кәсіпкерлер көп. Өйткені оны жасауды жолға қою үшін зауыт салудың қажеті жоқ. Шағын өндірістік алаң, үйжай болса да жетіп жатыр.

Бизнесменнің айтуынша, дәріханалар өнімін барынша арзанға беретіндерді іздейді. Тіпті брендіне де қарамайды, таблеткаларды, капсулаларды және басқасын қалбырға, қаптамаға, блистерге салып берсе болғаны, оған өз этикеткасын жабыстырады да 200%, тіпті 400% үстемесін қосып, сата береді.

Бұл кәсіпкерлер жаргонында "СТМ" (төл сауда маркасы) деп аталады екен. Ауруына шипа іздеген адамдардың көбі дәруменсымақтарды кімнің өндіргеніне де қарамайды, бағасы арзандау болса болғаны. Тіпті жапсырмасындағы жазуын оқығанның өзінде ол компанияның өндірісі, беделі, сертификаттары және басқасы туралы мәліметтерді ары қарай індете іздей бермейді.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл жерде дәріханамен және оның провизорымен келісіп алған маңызды. Сонда ол дәрігерлер жазатын (ақ халаттылардың бірқатары белгілі бір брендтердің өнімін ілгерілетіп, солай табыс табатын көрінеді) рецептісіндегі "БАД"-ты сіздікімен алмастыруға ықпал етеді, науқасты соған үгіттейді.  

Мысалы, сарапшының айтуынша, дәрігер сырқатта Solgar магнийін қабылдауды жазып береді. Бірақ дәріханаға келген адамды фармацевт басқаға көндіреді: "Қараңыз, Solgar қымбат, 19 мың теңге тұрады, одан да мына магнийге назар аударыңыз, құрамы ұқсас, дәл сондай! Тек өндірушісінің бренді әлі кең таныла қоймағандықтан өнімі арзан, 2 мың теңге", – дейді.

Өндірушінің қарапайым халыққа мейлінше жақын болу үшін жарнамаға, пиарға қаржы шығындамайтынын, тауарын тек "ұзынқұлақ", оны тұтынған адамдардың бір-біріне кеңесі арқылы насихаттайтынын айтады. Халыққа "жақ" болса, халық та оған жақ. "Қане, онда соны беріңіз!" дейді клиент.  

Дәріхана сатушысы одан өз сыйақысын алады, ал, аталған марканың атақ-беделі ел арасында ауыздан-ауызға таралады. Сол сырқат "жерден жеті қоян тапқандай" қуанып, арзан дәруменге қол жеткізе алғаны туралы ақпаратын туған-туысқанымен, дос-жаранымен, көрші-қолаңымен бөліседі, чаттарға, әлеужеліге жазады.

Дәріханалар белсенді қоспалардан ең көп табыс табады. Мысалы, 2 мыңға сатқан магнийін көтерме саудамен "өндірушіден" 500-ден алады.

"Мен де магний өндіремін. Бұған дейін Ресейде спортпен айналыстым, бірақ 2014 жылы Қырымды қосып алу жүзеге асырылды да, ресейлік спорт санкцияға ілікті. Дәл осы кезде спорттық тамақтану ("спортпит") қарқынды қымбаттай бастаған еді. Санкция салдарынан оның шетелдік сапалы өнімдерін әкелу тиылды. Досыммен бірге осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұйғардық. Протеинді қап-қабымен сатып алып, оны пәтерімнің асүйінде өлшеп, қаптамалауға кірістік. Мен кеңседегі жұмысқа тұрғанмын, сондықтан өндіріс ісі кешкі 20:00-ден кейін қызатын", – дейді Липин.

2018 жылға дейін бұл бизнестің табыс шамалы, 150-250 мыңдай ғана болыпты. Осыған байланысты бұл бизнесті тастау туралы ой мазалаған.

"Бірақ 2018 жылы жолымыз болды. Біз өнімімізді маркетплейстер арқылы сатуға көштік. Табыстың ұлғаюы арқасында шағын өндіріс орнын сайлап, "БАД"-тарды сонда жасауға ауыстырдық. Маркетплейстер халық арасында кең танымал болды. Бұған қоса, бізге осы кәсіпті бастағысы келген өзге адамдар шықты. Олар біз жасаған биологиялық белсенді қоспаларға өз этикеткаларын жапсырып, төл "тауарларын" дайындады. Нәтижесінде, қазіргі кезде біздің өндірісіміз 3 500 шаршы метрдегі өндіріс алаңына дейін өсті", – дейді Липин.

Бұл кәсіпорын айына шамамен 200 миллион теңгедей табыс әкелетін көрінеді.

"БАД" өндіру нарығы миллиардтаған теңгемен саналады. Аталған компания қоспалар сыртында, енді косметика, протеин батондарын және тұрмыстық химияны да өндіреді.  

"Бұл сала әлі күнге заңмен жеткілікті реттелмеген. Мысалы, дәрі-дәрмек мемлекеттік тіркеуден өтеді, фармацевтикалық сапа стандартына (GMP) қатаң сәйкестікте өндіріледі. Одан бұрын клиникалық сынақтардан өтеді, алдымен жануарларға, кейін адамдарға әсері сарапталады. Сондықтан дәрілік препараттардан тек ірі, бай фармкомпаниялар ғана мол табыс табады. Биоқоспалардың жағдайы басқаша. БАД-тың ешқайсысы ауруға шипа болмайды. Оның қаптамасына "дәрілік эффектісі жоқ" екенін жазып қояды. Олар клиникалық сынақтан өтпейді. Биологиялық белсенді қоспалар тек қандай да бір заттың, мәселен, аминқышқылының, дәруменнің немесе минералдың қайнары ғана", – деді Липин.

Яғни, дәріде айталық, "тамақ ауруын емдейді" деп жазылуы мүмкін. Ал, "БАД"-та оның магнийден тұратыны ғана жазылады, бітті. Оның не үшін керек екенін, қандай ауру кезінде қолданылуға тиістігін дәрігер, не провизор-дәріханашы айтады, көбіне ойдан шығаруы мүмкін.  

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды тіркеу оңай көрінеді. Олар тамақ өнімдері ретінде тексеріледі екен. Яғни, денсаулыққа қауіпсіз бе, сол жағынан бағамдалады. Өнімнің тиімділігі бақыланбайды. Бұл ретте кейбір дәрілер мен қоспалардың компоненттері тіпті ұқсас болуы мүмкін.

Оның үстіне бақылаушы органдардың құзыры заңмен қатты шектелгендіктен қоспа өндірушілердің басым көпшілігіне өмірінде ешқандай тексеруші бармайды.

Сарапшы азды-көпті қатаң бақыланатын дәріге қарағанда, "БАД"-тан көп адам табыс таба алатынын жеткізді: мысалға, дайын қоспаны жай қаптау үшін жұмыс орны (коммерциялық алаң немесе үйжай), күрекше, таразы болса жеткілікті екен.

Одан күрделірек өндірісте "ұнтақ тамақ өнімдерін араластырғыш", ауатартқыш (вытяжка), дәлдігі жоғары таразы, калибровкасы бар таблетка пресі (таблеточный пресс) талап етіледі.

Таблетпресті бизнесмендер "милы" және "мисыз" деп бөледі. Мисызында әр таблетканы қалыптап, басып шығару қолмен, механикалық тәсілмен жүзеге асырылады. Милысын компьютер басқарады, әр таблетканы салмақтауды және калибрлеуді аппарат жүзеге асырады.

Мамандар биологиялық белсенді қоспалар (БАД) қауіпсіз болмауы мүмкін екенін ескертеді. Олар аллергияға, негізгі аурудың асқынуына, инсульт, жүрек талмасы, басқа салмақты салдарларға соқтыруы ықтимал.

Сондықтан қоспаны, витаминді және интернетте, маркетплейстерде, дәріханаларда еркін сатылатын басқа заттарды қабылдамас бұрын міндетті түрде білікті дәрігердің кеңесін алған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу