​Визасыз режим қытай бизнесін өркендетуі ықтимал

3103

Отандық авиакомпаниялар қытайлық әріптестеріне жол береді.

​Визасыз режим қытай бизнесін өркендетуі ықтимал

Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып, ақпарат құралдары таратқан хабар әлеуметтік желілерде дүрбелең туғызды. Онда "2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, ҚХР мен Үндістан азаматтарына елімізде үш күн бойы еш визасыз жүруіне рұқсат етілгені" айтылады. Кейбіреулер бұл ақпарат өздерін "естен тандырғанын" жазуда. Қытайлар қаптауынан қауіптенетіндер де үнсіз қалмады.

"Бүкіл әлем қытайлардан қауіптеніп, өткізу режимін қатайтып жатқанда, біздің керісінше, құшағымызды ашқанымыз не сорақылық?!" – дейді әлеуметтік желі пайдаланушыларының бірі.

Шынында, Үкімет жаңадан ештеңе де ойлап тапқан жоқ, тек бірнеше жылдан бері сынақтан өтіп жатқан және 2019 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған "визасыз транзит" жобасының мерзімін 2020 жылдың соңына дейін ұзартты. Бұл ретте визасыз режимнің уақыты да өзгерген жоқ және 72 сағат күйінде қалды. Әйтпесе, қытайлар мен үнділердің еліміздің ірі қалаларында еркін сайрандауы мерзімін 120 сағатқа, яғни бес күнге дейін созу көзделген болатын.

Дегенмен, биыл бірқатар өзгерістер де жоқ емес. Біріншіден, өткен жылы қос мегаполисіміз – елорда мен Алматы әуежайлары арқылы ұшатын ҚХР және Үндістан азаматтары ғана визасыз тәртіп қызығын көре алды. Ал биыл ол қатарға тағы Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Тараз қалаларының халықаралық әуежайлары қосылды. Яғни, билік 6 қалаға әлгі екі мемлекеттің транзиттік туристерін көптеп тартпақ ниетте.

"Бұл түзету 2019–2025 жылдарға арналған Қазақстанның туристік саласын дамытудың мембағдарламасын іске асыру үшін қажет. Бұған қоса, ҚХР-дің туристік компаниялары "Ұлы Жібек жолы" бойындағы орталықазиялық қалаларды қамтитын арнайы туристік бағдарламаға қызығушылық танытуда. Осыған байланысты халықаралық транзиттік жолаушыларға визасыз қыдыруға жол ашатын әуежайлар мен қалалар тізімі Ақтау, Қарағанды, Тараз және Шымкентпен толықтырылды", – дейді мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев.

Екіншіден, қазақстандық әуе компаниялары монополиясынан айырылып қалды. Көзіқарақты жолаушылар кейінгі жылдары әлемнің әр бұрышына мысалы, "Эйр Астанамен" сапарлайтын шың елі тұрғындарының қатары көбейгенін аңғарған. Бұған "визасыз транзит" жобасы да ықпал еткен.

Алайда 2020 жылы 72 сағаттық визасыз тәртіп ҚХР және өзге де шетелдік авиакомпанияларға таратылып отыр.

"72 сағаттық визасыз режим Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Тараз қалаларының халықаралық әуежайлары арқылы үшінші елдерге транзитпен өтетін ҚХР және ҮР азаматтарына оларда авиакомпаниялардың жарамды авиабилеттері болған жағдайда қолданылады", – делінген Үкіметтің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №1028 қаулысында. Бұған дейін "оларда қазақстандық авиакомпаниялардың" деген анықтауыш болатын, ол алып тасталды.

Бұл мемлекетімізге жол-жөнекей соғып, алты шаһарда ақшасын қалдыратын туристер санын арттыру үшін жасалыпты. Әйтпесе, ҚХР азаматтары қазақстандық ірі қалалар әуежайларынан емін-еркін шығып, жергілікті көрнекті жерлерді аралау мүмкіндігі тек кейбір әуе тасымалдаушылары клиенттеріне ғана берілгенін білгенде, наразылық пен көңілтолмастық білдіретін көрінеді.

Үшінші өзгеріс: жолай бас қаламыз бен бұрынғы астанамызға соғу ойы бар қытайлар мен үнділерден былтыр шекара қызметінің өткізу пунктерінде "мигрант карточкасын" алу талап етілетін. Қарапайым туристер қараптан қарап "мигрант" атанудан шошынады екен. Енді ол карточка паспортқа басылатын арнайы мөр-штамппен ауыстырылды.

Мамандар 3 күн бойы визасыз тайраңдау мүмкіндігі шығыс көршінің барлық тұрғынына емес, тек Қазақстан арқылы үшінші елдерге ұшатын, яғни қазақ еліне жолшыбай соғатын санаулыларына ғана берілетініне назар аудартады. Ал ары қарай өзге мемлекетке бармайтын, тікелей елімізге бет алған ҚХР азаматтары бұл игілікті пайдалана алмайды: олар виза алуға міндетті.

Бірақ қытайлар "басқа елге ұшып бара жатырмын" деп алдап, визасыз тәртіпті қазақ еліне заңсыз енудің көлеңкелі схемасына айналдырып алуы мүмкін ғой? Бұл мәселені құзырлы құрылымдар пысықтапты. Нәтижесінде, сол келімсекті тасымалдаған әуе компаниясына жауапкершілік жүктеу туралы шешімге келген.  

Атап айтқанда, авиакомпаниялар 72 сағат визасыз жүруді қалайтын транзиттік жолаушыларының тізімін ұшақ 6 қаланың біріне келіп қонғанға дейін қазақстандық шекара қызметіне жолдауға міндетті. Артынша егер ол тізімдегілер белгіленген уақытта рейстеріне қайтып келмесе, авиакомпания оны "іздестіру іс-шараларын жүргізуге жәрдемдеседі". Табылғасын, келімсекті елден аластату шығынын оның өзі көтереді. Егер қаражаты жоқтығын мәлімдесе, бар шығынды авиакомпания өтейді.

Үкімет қытай саяхатшыларының саны жыл санап азайып бара жатқанына қамығады.

"Соңғы жылдары ресімделген виза бойынша ҚХР-дан келетін туристер санының төмендеуі байқалуда. Қытайдан 2014 жылы Қазақстанға 228 мың 617, 2015 жылы – 111 мың 706, 2016 жылы – 117 мың 465, 2017 жылы – 94 мың 817 турист келді. Алайда 2018 жылы бұл көрсеткіш – 51 мың 418 адамға дейін құлдырады. 2019 жылдың I жартыжылдығында 26 мың 164 қытай саяхатшысы ғана келді. Бұл төмендеуді ҚХР транзиттік туристері санының артуы есебінен тоқтатуға болады. Мәселен, 2018 жылы 72 сағаттық режим аясында Қазақстанға қосымша 23 мың 157 шетел азаматы келді, оның 20 мың 924-і – ҚХР және 2 мың 233-і – Үндістан азаматтары. Олар елімізде шамамен 1,5 миллиард теңге немесе 4 млн АҚШ доллар табыс қалдырды. Яғни, әрбір турист 100–300 доллар жұмсады", – дейді Мәдениет және спорт ведомствосы.

Өзекті ақпаратқа жүгінсек, 2019 жылғы қазандағы жағдай бойынша Қазақстанға былтыр 27 мың 24 шетелдік келді, оның 22 мың 83-і Қытай, тағы 4 мың 941-і Үндістан тұрғыны. Осы транзиттік туристер елорда мен Алматыда шамамен 1,75 миллиард теңге немесе 4,7 миллион доллар қаражат жұмсаған.

Қазіргі кезде Қытай жаһандық туризм саласындағы жетекші нарық саналады және көптеген елдер оның саяхатшыларын тартуға талап қылуда. ҚХР Туризм академиясының дерегінше, 2018 жылы бұл елдің азаматтары дүниежүзіне 149 миллион сапар жасаған және барған елінде 130 миллиард доллар ақша шашыпты. 2019 жылдың бірінші жартысында шетелге саяхаттаған қытайлар саны 81 миллионнан, ал шығындаған қаражаты 127,5 миллиард доллардан асты. Сөйтіп, алты айда ғана алдыңғы бір жылдағы межені бағындырды.

Бірақ кейбір сарапшылар, мысалы экономист Иван Зуенко ҚХР туристерінің көбеюі көлеңкелі экономика мен қытай бизнесінің экспансиясына жол ашатынын айтады. Мысалы, 2018 жылғы 1 ақпанда ресейлік турбизнес өкілдері үлкен жиын өткізіп, Қытайдан туристік тасқынның өсуі РФ экономикасына пайда әкелмек түгіл, зиян келтіріп жатқанын, шенеуніктер бұған көз жұма қарайтынын мәлім етті және саладағы осы түйткілдің байыбына баруды сұрап, президент Владимир Путинге жүгінді. Расында, ҚХР-ден солтүстік көршімізге ағылған саяхатшылар саны 2010 жылғы 158 мыңнан 2017 жылы 1,5 миллионға дейін ғаламат көбейіпті. Бірақ одан келер тиімділік аз болып шыққан. Мұны "Орыс-қытай туризміне жәрдемдесу қауымдастығы" растады.

Себебі, Ресейге келетін қытай туристі ең алдымен қытайлық турфирмаға бас сұғады. Ары қарай фирма барлық турисінің бүкіл саяхат бойындағы әрбір қадамын бақылауда ұстайды: оларды ҚХР азаматтары бақылайтын қонақүйлерге түсіреді, қытай дәмханалары мен мейрамханаларында тамақтандырады. Көлік пен тасымалды да солардан жалдайды. Тіпті гидтеріне дейін қытайлар. Транзакциялар да ҚХР тұрғындарына қолайлы WeChat арқылы жүреді екен. Нәтижесінде, қаптаған қытай туристерінің сапары бірінші кезекте жергілікті қытай бизнесін байытады. Ал ресейлік бизнеске кәдесыйлар мен азын-аулақ азық-түлік сатудан түсетін тиын-тебенге мәз болу ғана қалады.

Қазақстандағы жағдай одан көп өзгешеленеді деп айту қиын. Бұл ретте бізде сол кәдесыйлардың өздері кейде Қытайдан импортталады.

Демек, шығыс көршіден неғұрлым көп турист тартуға тырыспас бұрын қазақстандық билік одан ұлттық бизнестің нақты қанша пайда табатынын анықтап, бар мәселенің басын ашып алғаны абзал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу