Владыслав Соколовски: "Желтоқсан оқиғасы Польшаны азаттыққа жетеледі"

4935

Поляк әдебиетінде "Желтоқсан оқиғасы" "ұлттық көтеріліс" ретінде бағаланды.

 Владыслав Соколовски: "Желтоқсан оқиғасы Польшаны азаттыққа жетеледі"

Владыслав Соколовски, Польшаның Хелм қаласындағы Азия зерттеулері институтының директоры, профессор (Польша). Қазақ жастарының кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы 1986 жылдың желтоқсанындағы көтерілісінің 30 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға арнайы шақырумен келіп, баяндама жасаған поляк профессоры abctv.kz порталына өз пікірін білдірді.

– Соколовски мырза, биыл "Желтоқсан оқиғасына" отыз жыл толмақ. Алыста және аса көп аралас-құраластығы жоқ болғанымен, Қазақстандағы осы дүмпудің Польша халқына да қатты әсер еткендігі жөніндегі байламды естігеніміз бар. Бұл шындықпен жанаса ма?

– Желтоқсан көтерілісі біздің халықтың да жадына жазылған тарихи оқиғалардың бірі болып табылады. Өйткені қазақ жастарының қозғалысы ХХ ғасырдағы Польшаның даму үрдісіне де ықпал етті. Сондықтан қазіргі уақытта қазақ ғалымдармен және мемлекеттік институттармен осы тақырыпты бірлесіп зерттеу мақсатында үлкен жұмыс басталды. Ол зерттеулер Дінмұхамед Қонаевтың республика басшылығында болуы мен орнынан кеткен кезінен бастап, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңді қамтиды.

 

Зерттеу барысында 1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы алаңда болған оқиғаның әртүрлі дереккөзінде әртүрлі ұғыммен аталатынына жолықтым: "көтеріліс", "қазақтардың шеру-демонстрациясы", "желтоқсандағы көше қақтығыстары", "инцидент", "тәртіпсіздіктер" және солай-солай кете береді. Сондықтан лайықты тарихи баға беріліп, болғанды бір ұғыммен атайтын кез жетті.

Кеңестік ресми көзқарасқа сүйеніп, 80-ші жылдардың соңында Польшада бұл оқиғаны "ұлтшылдық негіздегі тәртіпсіздіктер" деп атап жүрді. Бірақ поляк жұртшылығы қазақ жастарының қаны бекер төгілмегенін, мұның қатыгез коммунистік режимнің қорлығына шыдамаған жас ұрпақтың қоғамдық қарсылық-протесті екенін түсінді.

Польша оппозициясындағы журналист Антони Замбровски желтоқсан оқиғасын "өрістеген ресейлік отаршылдық жағдайындағы қазақтардың тәуелсіздікке ұмтылысы" ретінде сипаттады және поляктар тарихындағы осындай көтерілістерді келтіріп, теңеу жүргізді. Қазір поляк әдебиетінде желтоқсан оқиғасы "ұлттық көтеріліс" деп бағаланады.

– 80-ші жылдары сіздің елде қандай қоғамдық-саяси жағдай қалыптасып еді?

– Польша КСРО-ға одақтас республика ретінде кірмегенімен, "социалистік лагерьдің" құрамдас мүшесі ретінде коммунистік биліктің қатаң жетегінде болатын. Сондықтан Горбачевтың "жариялылық", "қайта құру" (перестройка) саясатын Польша жұртшылығы да үлкен үмітпен қарсы алды.

Қатыгез кеңестік жүйе әлсірейді, экономика либерализацияланып, нарық бекиді, қоғамдық-саяси жүйе демократияланады, мемлекеттік құрылымның өзгеруіне жол ашылады деп күтті. Оның үстіне бұл кезде, 1986 жылдың қыркүйегінде, Польшада саяси көзқарастары үшін түрмеге отырғызылғандар қамаудан босатылып жатты. Оппозиция да күш алып, оның іс-қимылы кеңейген еді.

Осы аяда біздің орталық "Халық мінбері" басылымында 1986 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстанда бірінші хатшының ауысқанына наразы жастардың шеруі басып-жаншылғаны туралы ақпарат жарияланды. Бірақ басылым ТАСС агенттігіне жүгіне отырып, "жастарды ұлтшылдардың арандатқанын", "олардың дүкендерді тонап, көліктерді өртегенін" қоса жазды.

Әрине, "тәртіпсіздікті" қолдамағанымен, поляктарды бұл оқиға бір сілкіндірді. Ол ол ма, желтоқсанның ізімен біздің Поляк Халық Республикасында да партиялық үгіт-насихат топтары сайлана бастады. Олар "Қазақ ұлтшылдығы – қоғамдық кесел және қайта құруға қарсылық" ("Казахский национализм – общественная патология и сопротивление перестройке") деген ұранмен жұмыс жасады.

Бұл шаралар, меніңше, кері ықпал етті. Өйткені, бұған дейін біздің бәрімізді "Совет халқы – бір, ынтымақты, біздің достық пен одақ мәңгілік, ыдырамайды" деп үйреткен. Енді біз бұған қарсы, өзге пікірдегі әрі өзгерістерді талап ететін күштердің белең алғанын ұғындық. Күн тәртібіне ұлттық мәселе шыққанын түсіндік.

Желтоқсан оқиғасы біз үшін ескі мен жаңаның, прогресс пен консерватизмнің драмалық күрес-тартысына айналды.

Кеңестік үгіт-насихаттың тағы бір ұтылған жері – олардың жарияланымдары арасында қасаң тілдегі ақпараттық материалдардың басым болуы еді. Халыққа ол түсініксіздеу болды және қалың жұртшылық ондай материалдардан өздерін мазалаған сұрақтарға жауап таба алмады. Ал ондай сұрақтар көп еді: "Желтоқсан оқиғасы" неден, қалай өрбіді? Оған қатысқан жастар өздерін қалай ұстады? Шынында, нені қалады? Билік конструктивті талаптарға құлақ асып, жағдайды түзетті ме? Қанша адам зардап шекті, қаншасы жараланды? Бұл туралы ештеңе айтылмады да, поляк қоғамы арасында алаңдаушылық өсе берді. Ақыр соңында жұртшылық кеңестік билік дәйектемелерінің сенімділігіне және мұның жариялылыққа сай келетіндігіне күмән келтіре бастады.

– Поляк халқы желтоқсан жастарына моральдық қолдау көрсеткенін білеміз.

– Басында поляк оппозициясы тақырыптарынан-ақ "желтоқсаншыларға" қатысты жылы пейіл, тіпті сүйсіну лебі есетін материалдар циклын басып жатты. Қоғамдық пікірдің екпіні мен тепкісіне шыдамаған орталық ресми басылымдар да "жастар толқуына ұлттық сана-сезімнің аяққа тапталуы" себеп болғандығы жөнінде байлам түйді.

Біз КСРО өзгермей, Польшаның да саяси-мемлекеттік құрылымы өзгермейтінін түсіндік. Саяси тұтқындарды босату да уақытша, науқандық шара екені аңғарылып қалды. Себебі, баспасөзде Алматыда сот үкімімен кешкі мектептің мұғалімі Сәбитованың 5 жылға лагерге айдалғаны жарияланды. Себебі, Сәбитоваға "желтоқсанда көшеге плакат көтеріп шығу арқылы саяси санасы толыспаған тұлғаларды тәртіпсіздікке арандатты" деген айып тағылыпты.

Сонымен бірге партиялық газет "желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 18 маусымда Алматыдағы құрылыс және сәулет институтының бірінші курс студенті Қайрат Рысқұлбековтың ату жазасына кесілгенін", тағы да бірнеше студенттің 14-15 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазды.

1987 жылдың 1 шілде санында астыртын поляк басылымдары желтоқсан жастарына қарсы сот процесі туралы егжей-тегжейлі материал жариялады және мұны "жаһанға жария етілген қайта құру саясатына  қайшы келеді" деп бағалады.

Меніңше, халықтар арасындағы нағыз ынтымақтастықтың үлгісі де осы кезде басталды. Поляк халқы өмірі жаңа басталып жатқан жастарды биліктің бұлайша қатал жазалауға қақы жоқтығын айтты. Және ату жазасы үкімінің күші жойылатынына шексіз сенді.

Қазақтармен бірауыздылықты паш еткен ең елеулі оқиғалардың бірі 70 поляк қайраткерлерінің – Лех Валенса бастаған сенат вице-спикері, саяси қайраткерлер, белгілі жазушылар, мәдениет және өнер, діни бірлестіктер өкілдерінің хаты болатын. Ол 1987 жылы 6 шілдеде КСРО Жоғарғы кеңесіне жолданған еді. Онда Рысқұлбековке кешірім жасау сұралған.

Бұған қоса 1987 жылдың шілдесінде Польшада Рысқұлбековке арналған пошта маркасы шығарылды. Онда жер құша құлаған адам бейнеленген және төбесінде "Рысқұлбековке кешірім жасалсын!" деп жазылған.   

Алайда шектен тыс қатыгез үкімнің орындалуы Польша тұрғындарының Қайта құруға деген көзқарасын түпкілікті өзгертті. Бұл ірі өзгерістердің бір бастауына, түрткісіне айналды.

– Сіз кезінде Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болдыңыз, еліміздің өнегелі өткені мен берекелі бүгіні туралы жақсы білесіз. Ғалым ретінде тек "Желтоқсан тарихын" зерттеумен шектелесіз бе?

– Жалпы, Польшаның қазақ халқының тарихына деген қызығушылығы зор екенін айта кеткеніміз жөн. Алайда, қазақ елінің байырғы тарихы туралы поляк, тіпті ағылшын тіліндегі кітаптар мен оқулықтар жоқтың қасы. Деректер өте аз. Тіпті барының өзін де қателер өріп жүр.

Сондықтан, біз қазақ ғалымдарымен бірігіп, поляк тілінде "Od Chanatu do Republiki Historyczne i współczesne uwarunkowania państwowości Kazachstanu" ("Хандықтан республикаға дейін: Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи және заманауи шарттары") атты кітап жаздық. Туынды биылғы мамыр айында жарық көрді. Оның бірнеше данасын және электронды нұсқасын біз "Елбасы, Тұңғыш Президент кітапханасына" тапсырдық.    

Қазір тағы бір кітап әзірленуде. Ол осы қараша айының соңында - желтоқсан айының басында басылады деп жоспарланып отыр. Ол "Қазақстан – Тәуелсіз мемлекет" деп аталмақ. Бұл поляк және қазақ авторлары материалдарының жинағы болады.

Б. Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу