WhatsApp ақша аударатын қосымшаға да айналуы мүмкін

6076

Facebook өз криптовалютасын ойлап тапса, әлемде қаржылық транзакциялар жеңілдейді деген үміт бар.

WhatsApp ақша аударатын қосымшаға да айналуы мүмкін

Facebook компаниясы өзінің WhatsApp мессенджері арқылы ақша аударуға мүмкіндік беретін криптовалюта жасап жатыр. "Блумберг" агенттігінің хабарлауынша, бұл төлем құралы - stablecoin (тұрақты монета – авт.) АҚШ долларына "байланған".

Жаңа ақшаның ғаламдық мақсаты – валюталық тұрақсыздық деңгейін мейлінше азайту. Мұны америкалық агенттікке  stablecoin бойынша жұмыс істеп жатқан мамандар айтқан. Бірақ, олар өз есімдерін атамауды өтініпті. Cонымен қатар, Facebook төл ақшасы туралы егжей-тегжейлі мәлімет бермей  Оның қашан пайда болатыны да белгісіз.

"Көптеген  компаниялар тәрізді Facebook та блокчейн технологиясын дамытудың жолдарын зерттеп жатыр. Шағын ғана командамыз осы бағытта түрлі тәсілдерді қарастырады", – деп жазылған Facebook таратқан мәлімдемеде.

Неліктен WhatsApp?
Осы орайда Facebook Үндістанды негізгі аймақ деп қарастырып отыр. Өйткені, бұл мемлекетте интернет қолданатын 480 миллионнан астам адамның 200 миллионға жуығы WhatsApp-ты пайдаланады екен. Сонымен қатар, Үндістан ақша аударудан әлемде көш басында тұр: оңтүстіказиялық елдің тұрғындары 2017 жылы шетелден үйлеріне 69 миллиард доллар жіберген. Мұндай мәліметті Әлемдік банк жариялады.

Айта кетсек, валюталық тұрақтылыққа назардың ерекше болуының себебі – кейінгі жылдары "биткоин" тәрізді электрондық ақшалардың құны қайта-қайта құбылып, тіпті күрт құлдыраған кездер болды. Дегенмен, stablecoin қанша жерден долларға байланса да, оның тұрақты ваютаға айналатынына толық сенім жоқ. Мысалы, оған ұқсас Basis монетасы сегіз айдан кейін айналымнан шығып қалса, Tether деген ақшаның болашағына қатысты дау көп.

Сенуге бола ма?
Facebook-тің өзі қаншалықты сенімді? Оның "Кембридж Аналитика" ұйымының бастамасымен жеке мәліметтерді заңсыз таратқаны жайлы жанжал әлі аяқталған жоқ. Ал, "Нью-Йорк Таймс" газетінің хабарлауынша, Facebook пен бірнеше ірі компания жеке деректерді қолдану туралы жасырын келісім жасаған. Және де сол мәміле аясында, әлемнің ең танымал әдеуметтік желісі 150-ге жуық компанияға қолданушылар мен олардың достары туралы жеке мәліметтерді берген. Ал, бұл ақпаратты Netflix, Spotify, Sony, Amazon, Microsoft, Apple, "Яндекс" тәрізді компаниялар жарнама жариялауға пайдаланған. Facebook  болса, өзіне тағылған кінәні мойындамай, "бөтен компанияларға рұқсатсыз мәлімет берді" деген хабарды жоққа шығарып отыр.

Мамандар мәселесі
CCN телекомпаниясының хабарлауынша, Facebook Blockchain өз қатарына блокчейн жетілдіруші мамандарды тартып жатыр. Әзірге 40 шақты адам табылған. Сонымен қатар, америкалық компания блокчейн девелоперлерімен бірге осы бағытта жұмыс істейтін өзге де қызметкерлерді іздестіруге кіріскен. Олардың қатарында блокчейн ғалымы, блокчейн инженері, бағдарламалық блокчейн инженері деген позициялар бар.

Жалпы алғанда, Facebook криптовалюта жасауға жауапты басшыны биыл мамырда тағайындаған. Ол – Дэвид Маркус. Бұл менеджер осыған дейін PayPal компаниясының президенті болған. Маркус бір сөзінде әлем тұрғындарының өмірін жақсарту үшін блокчейн технологиясын дамытатын топ құрып жатқанын мәлімдегенді.

Базарда да қолдануға болады
Facebook-тің криптовалюта негізінде ақша аудару жүйесін ұсынуы – көптен күткен жаңалық. Бірақ, мамандар мұндай транзакциялар осы әлеуметтік желінің өзінде немесе мессенджерінде жүзеге асырылады деп ойлаған. Ал, Facebook Whatsapp-ты таңдады. Өйткені бұл қосымша әр телефонға, әр смартфонға жүктелген. Яғни, оның қолдану аясы Facebook-тің мессенджерімен салыстырған әлдеқайда кең.

Кейбір сарапшылардың ойынша, болашақта Facebook-тің Whatsapp арқылы орындалатын валюталық операциялары бүкіл әлемде отбасылар арасындағы ақша аударымдарын ғана емес, тіпті базарда сатып алынған көкөністің құнын төлеуді де жеңілдетеді.

Whatsapp-пен транзакция жасайтын күн туса, Moneygram, Western Union тәрізді ақша аударушы компаниялар не істемек? Болжамдарға қарағанда, оларға қызмет түрін арзандатуға немесе жаңа тәсіл ойлап табуға тура келеді.

Айта кетсек, Facebook-тің жер шарында 2 миллиардтан астам қолданушысы бар. Және де оның жыл сайынғы табысы 40 миллиард доллардан асып кеткен. Егер, криптовалюта жасау идеясы таяу арада іске асатын болса, бұл желі осындай қадамға барған алғашқы ірі технологиялық компания атанады. Сонымен қатар,  stablecoin шындыққа айналса, нарықтық бәсекеде Facebook-тің салмағы арта түсуі мүмкін.  

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу