WhatsApp желісінде тараған банктер туралы ақпарат халықтың алаңдаушылығын туғызды

5717

Қазақстанның халықаралық төлем хабарламаларының жаңа форматына көшуіне байланысты барлық банктердегі төлемдер мен аударымдар уақытша тоқтайды.

WhatsApp желісінде тараған банктер туралы ақпарат халықтың алаңдаушылығын туғызды Фото: inbusiness.kz

Учет.kz екінші деңгейлі банктердің төлемдердің жаңа халықаралық стандартына көшуі келесі апта басынан айдың соңына ауыстырылғанын хабарлады.

Өз кезегінде отандық банктер де осы туралы өз клиенттерін құлағдар етіп жатыр. Олардың хабарламасында айтылғандай, теңгедегі төлемдер мен ақша аударымдарына арналған ISO 20022 халықаралық стандартын пайдалануға көшу 2024 жылғы 11 қарашадан 2024 жылғы 25 қарашаға шегерілді.

Қазақстанның Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, ISO 20022 төлем хабарламаларының халықаралық форматын еліміздің төлем жүйелеріне енгізу жұмысын жүргізіп жатыр.

Қаржыгерлердің түсіндіруінше, төлем хабарламаларының халықаралық стандарттарын қолдану банктердің өз клиенттеріне қаржылық қызметтер көрсетуі процедурасын өзгертпейді. Бұған дайындық бұрыннан жүргізілуде.

Алайда WhatsApp мессенджерінде қазақстандықтар бір-біріне дауыс хабарламаларын таратып жатыр. Онда әлдебір адамдар (кейбірі өзін банк қызметкері деп таныстырады) халыққа 9-шы және 10-шы қараша күндері барлық банктер арқылы төлем жасау және ақша аудару мүмкін болмай қалатынын, сондықтан ертерек, 8 қарашаға дейін есепшоттардан, депозиттерден қолма-қол ақша шешіп алуға кеңес береді.

Өйткені "содан кейін бірнеше күн бойы банктерден, банкоматтардан ақша шешіп алу мүмкін болмай" қалады-мыс. Себебі, қазақстандық банктер "жаңа Исо стандартына" көшеді, тиісінше, техникалық жұмыстарға жабылатын көрінеді.

Осыған қатысты, яғни, Қазақстан Республикасы аумағында төлем жасау және ақша аудару кезінде ISO 20022 халықаралық стандартын пайдалануға көшу туралы Ұлттық банк ресми мәлімдеме таратты.

"Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, елдің төлем жүйелеріне ISO 20022 халықаралық төлем хабарламалары форматын енгізіп жатыр. Халықаралық төлем хабарламалары стандартын қолдану банктерде клиентке қаржы қызметін көрсету тәртібін өзгертпейді", – делінген монетарлық реттеушінің мәлімдемесінде.

ҚР ҰБ бұл жұмыстардың банктік карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқтығын нықтады. 

"Осылайша, халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс төлемдері және басқа да төлемдер өзгеріссіз қалады!", – деді Ұлттық банк өкілдері.

Дегенмен, Ұлттық банк техникалық жұмыстарға қатысты ақпаратты растады: ол қажет болады.

"Ақпарат жүйелерін баптау, күйіне келтіру қажет болғандықтан, банктерде техникалық жұмыстар жүргізеді. Қаржы ұйымдары ISO 20022-ні демалыс күндерінде енгізеді. Сондай кезде банкаралық қызмет көрсетуге байланысты төлемдерді қабылдау кестесінде қысқа мерзімді ғана өзгерістер, бөгелістер болуы мүмкін.  Қаржы мекемелері қазір клиенттерін жаңа стандартқа көшуге байланысты техникалық жұмыстар жүргізілетін уақыт туралы алдын ала хабардар етіп жатыр. Бұл жұмыстар 2024 жылғы қарашаның аяғына дейін жүзеге асырылады", – деп хабарлады ведомство.

Ұлттық банк мамандарының түсіндіруінше, ISO 20022 – электронды хабарлама алмасатын әлемдік стандарт. Ол қаржы ұйымдары арасындағы бизнес-процестерді автоматтандыру үшін жасалған.

Бұл стандартқа көшу нарық қатысушыларына ISO 20022 негізінде жүзеге асырылатын жаңа шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ банк операцияларын жүргізу кезінде төлем хабарламаларын алмасудың біріздендірілген моделін қолдану арқылы барлық тараптың шығынын азайтады.

Қорыта айтқанда, техникалық жұмыстар жүргізілетін кезде барлық банктерде бір мезгілде емес, кезек-кезекпен кейбір операцияларды жүзеге асыруда, мысалы, ақша аударуда қиыншылық болуы мүмкін. Бірақ Ұлттық банктің айтуынша, төлем карталары, QR-код, мобильді банкинг арқылы еш үзіліссіз төлем жасауға, ақы аударуға болады. Банкоматтар да қалыпта жұмыс істей береді. Демек, Ұлттық банктің байламынша, үйде қолма-қол ақшаның қосымша қорын жасаудың қажеті болмайды.  

Банк қызметкері Сандуғаш Ерімбеттің түсіндіруінше, банктердің ISO 20022 халықаралық төлем стандартына көшуі қаржы транзакцияларының бірінші кезекте мөлдірлігі мен дәлдігін жақсартуға бағытталған. Бұл Қазақстанның халықаралық санкцияларды орындауымен байланысты болуы мүмкін.

"Барлығы сияқты біздің банк те ISO 20022 стандартына көшуге әзірленуде. Бұл науқан осы сенбі-жексенбіге белгіленген болатын. Бірақ Ұлттық банк қызметкерлерімен кеңесте банк басшылары оны кейінге ауыстыруды сұрады. Сондықтан 25 қарашаға, дүйсенбіге дейін көшіп болуымыз керек. Бұл өзгеріс теңгеде жасалатын барлық төлемдерге қатысты болады. Ел ішінде әлдекімге ақша аударсаңыз, ол қаржы шамалы кешігіп жетуі мүмкін. Сондықтан маңызды аударымдарыңызды, мысалы, кредитті өтеуді, салық төлеуді және басқа төлемдерді сол уақытқа қалдырмай, ертерек аяқтап тастағаныңыз жөн", – деді Сандуғаш.

ISO 20022 – банктер арасындағы қаржылық хабарламаны электронды күйде алмасудың халықаралық стандарты саналады. Ол транзакциялардың барынша бірқалыптылығын және айқындылығын қамтамасыз ету үшін хабарлама форматтарын тұрақтандырады.   

Банк маманының түсіндіруінше, осы өзгеріс нәтижесінде банктердің мобильді қосымшаларында толтыруға қажетті қосымша бағаналар пайда болады.

Енді барлық банктердің қосымшаларында:

  • "Нақты жіберуші – Фактический отправитель",
  • "Нақты алушы – Фактический получатель",
  • Егер тараптардың бірі Қазақстанның азаматы-резиденті болмаса "Резиденттік елдің коды" туралы ақпаратты енгізу міндетті болады.

Бұл қадам банктер арасында ақша аудару, төлемдерді өңдеу және ақпарат алмасу процестерін жақсартады. Егжей-тегжейлі ақпаратты әр адам өз банкіне хабарласып, білгені жөн.

Бұл жағдайды түрлі алаяқтар пайдаланып қалуға тырысатыны даусыз. Сондықтан әлдекімдер банктен немесе басқа мекемелерден хабарласып, "Исоға көшу барысында туындаған әлдебір ақауға байланысты" деп, салымыңызға, банктік картаңызға, кредитіңізге қатысты қандай да бір әрекет жасауды талап етсе, сенбеңіз. ISO 20022 тек банк пен банк және олардың Ұлттық банк арасындағы төл шаруасы. Мамандардың айтуынша, ол клиенттерден қандай да бір әрекеттер жасауды талап етпейді.

Осының алдында Ұлттық банктің басқармасы "Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" ҚР ҰБ басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы №208 қаулысына өзгерістер енгізді.

Нәтижесінде, ISO 20022 форматына көшуге байланысты қолма-қолсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидалары өзгерді. Ол өзгерістер 2024 жылғы 11 қарашадан бастап күшіне енді.

Осы кезден бастап, банктер төлем жасайтын, ақша аударатын тұлға мен сол ақшаны қабылдап алатын ақырғы бенефициар туралы толымды ақпарат ұсына бастауға тиіс. Мысалы, банктер қазақстандықтардан ақша алатын шетелдіктің қандай елдің азаматы екенін көрсетуі керек.

Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарналары мен төлемдері төленетін тұлғалардың тізімін банктерге ұсыну міндеті жойылды. Банктердің бухгалтериясы мен менеджерлерін ғана қызықтыратын өзге де жаңашылдықтары бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу