WorldSkills қозғалысы ұлттық кадр даярлау жүйесіне өзгеріс енгізді

4398

"Атамекенмен" бірлесіп, корпоративтік чемпионат өткізу ұсынылды. 

WorldSkills қозғалысы ұлттық кадр даярлау жүйесіне өзгеріс енгізді

Кәсіп пен шеберлік дағдысының беделін арттыруды көздейтін WorldSkills халықаралық қаржылық емес қозғалысының Қазақстандағы бастамаларына серпін беру қажет. Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Талғат Доскенов WorldSKills қозғалысы өткізген онлайн халықаралық мәжілісте осылай деді. 

Оның сөзінше, бизнес-үдерісті жеделдету мен жаңғыртуға кәсіби маман қажет. Олардың білімі мен білігі бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Бұл үшін WorldSkills халықаралық қозғалысымен арадағы байланыстың буынын бекіте беру керек. Майталман мамандарды анықтайтын халықаралық жарыстарға үздіксіз қатысу арқылы ғана шын шебер анықталады. 

Айта кетейік,еліміздің жас мамандары 2015 жылы Бразилияның Сан-Паоло қаласында өткен WorldSkills әлем чемпионатында 6 мамандық бойынша бақ сынап, 74 елдің арасында 55-орынды иеленді. 2017 жылы ұлттық құрама Абу-Даби қаласында 23 мамандық бойынша өнер көрсетіп, 24-орынға орналасты. Былтыр Ресейдің Қазан қаласында өткен WorldSkills International атты әлем чемпионатына Қазақстанның намысын 34 қатысушы қорғады. Олар әлемнің 63 елінен келген 1 400 жас маманмен бірге "Ұялы робототехника", "Бизнеске арналған IT шешімдер", "Электромонтаж", "Аспаз ісі", "Мехатроника", "Инженерлік графика CAD", "Сандық бағдарламалық басқаруы бар станок айналдыру жұмысы", "Дәнекерлеу технологиясы", "Плиткамен қаптау", "Шанақ жөндеу", "Сантехника және жылыту", "Электроника", "Веб технологиялар", "Кірпіш қалау", "Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары", "Кескіндеме және сәндік жұмыс", "Шаштараз өнері", "Сән технологиясы", "Кондитерлік ісі", "Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету", "Мейрамханада қызмет көрсету", "Тоңазытқыш және желдету жабдықтарына қызмет көрсету", "Желілік және жүйелік басқару", "Графикалық дизайн", "Көрнекі мерчендайзинг и витринистика", "Наубайхана ісі", "Қонақ үй басқару", "Жүк машиналарына техникалық қызмет көрсету", "Химиялық зертхананың технологиясы", "Баспаға шығару технологиясы", "Бетонмен жұмыс істеу технологиясы" деген мамандықтар бойынша шеберліктерін сарапқа салды. 

Қорытындысында Қазақстан құрамасы 14 -орынды иеленіп, әлемнің үздік 20 елінің қатарына қосылды. 
Өздеріңіз білетіндей, қазір елімізде тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технология, энергетика, туризм және құрылыс салалары сынды экономиканың 9 басым секторының негізінде жаңа мамандықтар атласы жасалып жатыр. Атлас алдағы 10-15 жылға арналған перспективалы салалар мен мамандықтардың болжамды картасы ретінде қолданылады. Осы арқылы қай салалардың белсенді дамитыны, қандай жаңа технологиялар, өнімдер, басқару тәжірибелері пайда болатыны және жұмыс берушілер қандай мамандықтарды қажет ететіні айқындалады. 

Ресейлік сарапшы Альберт Сабитовтың сөзінше, 2 жылдан кейін Санкт-Петербург қаласында Еуропа чемпионаты өтеді. 

"Бұған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Қазақстанда WorldSkills стандарты бойынша корпоративтік чемпионат өткізуді ұсынамын. Сонда көзге түскен жастардан Қазақстанның ұлттық құрамасы жасақталса, дұрыс болар еді деп ойлаймын", – деді Альберт Сабитов. 

Өз кезегінде WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің директоры Санжар Тәтібеков Қазақстан WorldSkills қозғалысына қосылу арқылы ұлттық кадр даярлау жүйесіне өзгеріс енгізгенін айтты. 

"Қазақстан 2014 жылы Worldskills Internationals қозғалысының 70-мүшесі атанды. Ал 2015 жылы алғаш рет халықаралық чемпионатқа қатысты. Бұл бізге кадр даярлаудағы әлемдік трендке назар аударуға негіз болды", – деді департамент директоры. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу