"Яндекс такси" бағасы күрт көтерілді

10699

Күздің соңғы айының алғашқы күні жұмысына асыққан тұрғындарды "жағымсыз сюрприз" күтіп тұрды.

"Яндекс такси" бағасы күрт көтерілді Фото: canva.com

Оларға таксиді 20 минутқа ұзақ күтуге тура келді және артынша ресейлік сервистің сұратқан бағасы елді шалқасынан түсіре жаздады.    

Еуразиялық одақта бірінші болып, Беларусь такси қызметін қатаң мемлекеттік реттеуге кірісті. 2024 жылғы 1 қарашадан бастап, "одақтаста" барлық такси қызметі жұмысының жаңа ережелері күшіне енді. Оған сәйкес, ең құрығанда бір рет бөгде жолаушыны ақыға тасыған барлық машиналар мен жүргізушілер Тұрақты емес көлік қатынасындағы автомобильдік жолаушылар тасымалы реестріне тіркелуге тиіс.

Айта кету керек, Беларусьтің такси қызметі саласын толығымен дерлік ресейлік такси агрегаторы жаулап алып, басқа салмақты сервистердің бәрін нарықтан ысырып шығарды. Биылғы жазда Uber жабылды. Оның орнына Яндекс Go өзіне қарасты Fasten сервисін құрды.

Сондықтан бұл елдің басшысы Александр Лукашенконың "Автомобильдік жолаушылар тасымалдары туралы" №32 жарлығы "Яндекс.Таксиге" бағдарланған деуге болады. Бұған жауап ретінде ресейлік агрегатор алдымен Беларусьте коллапс туғызды. Ол туралы әлеуметтік желіні пайдаланушылар даурыға жазды.

"Смартпресс" "Яндекс.Таксидің" бағаны күрт өсіргенін, "көлік тапшылығы туындады" деген желеумен машинаның жету уақытын да арттырғанын хабарлады.

"Біздің оқырмандарымыз жұмысқа дейінгі жолының ақысы қаншаға түскені, сондай-ақ таксиді қаншалықты ұзақ күтуге тура келгені туралы ақпаратпен бөлісті. Бағалар шынымен де қымбаттап шыға келді, күту уақыты да бұрынғыдан ұзақ. Оның үстіне 1 қараша жұмаға, жұмыс аптасының соңғы күніне тұспа-тұс келді және ауа райы да суық болды. Мұндай кезде таксиге деген сұраныс күрт ұлғаяды. Қалай болғанда, Минскінің өзінде көптеген тұрғынға машинаны 15 минуттан көп артық күтуге тура келген", – деп мәлім етті беларустік ақпарат агенттігі.

Беларусь астанасының таксишісі Алексей журналистерге сұхбатында жарлық күшіне енгелі машиналардың шынымен күрт азайып қалғанын, содан күту уақытының өскенін жеткізді.

"Бағалардың көтерілуіне келсек, мұнда таң-тамаша қалатын ештеңе жоқ. Олар біраз өсті. Тарифті "Яндекс" коэффициенттер көмегімен өзі реттейді. Қажет деп тапса, бағаны түсірте алады. Бірақ машиналардың тапшылығын еңсеру оның да қолынан келмейді", – деді Алексей.

Қазақстандағы сияқты Беларусьте де тұрмысы төмен халық арзанқол, немесе ұсталған автомобильге қол жеткізсе болды, жолаушы тасымалдап, азын-аулақ қосымша табыс тауып қалуға тырысады.  

"Зеркало" басылымының жазуынша, кез келген көлігі бар адам қолы боста жеке тапсырыстар орындайды: мысалы, ұжымдарды корпоративтерге, туған-туысқандарды тойларға, жерлеу рәсімдеріне тасиды. Мұндай тасымалдар үшін билік жаңа термин ойлап тапты: "тұрақты емес тасымал" (нерегулярные перевозки). 1 қарашадан бастап, ол адамдардың бәрі арнайы тіркелім-реестрде тіркелуге міндетті. Билік сол тізімде көлденең табыс табатын, тиісінше, тапқан-таянғанын мемлекетке көрсетпей, көлеңкеде ұстайтын әрбір беларусьқа қатысты "досье" жинайды.

"Зеркало" басылымының түсіндіруінше, Президент жарлығына сәйкес, тұрақты емес тасымалмен айналысатын жүргізушілер мен көліктер жеке рәсімдеуден өтуі керек. Олар күш құрылымдарына әрбір тапсырысы туралы үнемі деректер ұсынуға міндеттеледі. Сондай-ақ сапарларын видеотіркегішке түсіруі және көптеген өзге де талаптарды орындауы шарт. Талаптардың ұзын тізімі репрессиядан жүрегі шайлығып қалған беларустарды үркітіп отыр.

Өз кезегінде жаңа реттеуді енгізген шенеуніктер оның көмегімен көлік саласында қатаң тәртіп орнатылатынына, заңсыз жолаушы мен жүк таситындарды толығымен көлеңкеден шығаратындарына сенімді. Халыққа да бұдан пайда барына сендіріп-бақты: қызмет сапасының жақсаратынын, таксидің жолаушылар үшін қауіпсіз бола түсетінін айтып, мемлекеттік телеарналар тоқтаусыз сайрауда.

Мамандар болса, нарықта баға ары қарай өсетінін және саладан кадрлардың және тасымалдаушылардың кетіп жатқанын ескертті. Такси бағасының еселеп өсуі мүмкін екенін және бұл жағдай қоғамда әлеуметтік кернеу туғыза бастағанын сезген Беларусь билігі агрегатормен келісімге келді. Қандай жеңілдік-артықшылық ұсынғаны жарияланбады, бірақ сенбі күні "Яндекс" өсіруші "кэфтарын" "қатырып" тастады. Осылайша, бағаның біршама тұрақтануына түрткі болды.

Алайда жергілікті журналист Владимир Фалалеевтің айтуынша, машиналарды бәрібір ұзақ, кем дегенде 20 минут күту қиыншылығы қалды. Такси нарығы жаңаша реттелетіні белгілі болысымен "Яндекс.Такси" бағалардың өсетінін күнібұрын ескертіпті.

"Сондықтан жұрт бұған біршама дайын болды. Бұл ретте күту уақытының күрт артуы жағымсыз сюрприз болды және жұртшылыққа көбірек проблема әкелді. 1 қарашадан бастап, №32 жарлық күшіне мінді. Ол бойынша жолаушылар тасымалына тартылған барлық жеке және заңды тұлғалар "Тұрақты емес қатынастағы автомобильдік жолаушылар тасымалы реестріне" кіруге тиіс. Ол тіркелімде диспетчер, тасымалдаушы, автомобиль және жүргізуші туралы егжей-тегжейлі ақпарат болады", – деді беларусьтік журналист.

Оның мәліметінше, сондай-ақ жолаушы мен жүкті ара-тұра тасыса да, автомобиль СККО (салық органдарының бақылау құралы) енгізілген кассалық аппаратпен, салонның ішін және көліктің сыртын түсіретін видеофиксатормен жабдықталуға, идентификациялық жапсырмасын жапсыруға тиіс. Мұның бәрі қомақты шығын шығаруды талап етеді. Ондай шығыстарды беларусьтардың көбісі көтере алмайды.

Реестрде тіркелген көлікке өзге жүргізушінің отыруына, яғни, иесін ауыстыруға рұқсат етілмейді. Деректері тіркелімге енгізілмеген адамдардың бұдан былай таксилетіп, сапарға шығуына құқығы жоқ. Таксомоторлық парктер тіркелімде тұрмаған жүргізушілерді жұмысқа жібермеуі, ал, диспетчерлер оларға тапсырысты бермеуі керек. Соған жол берсе, қатаң жазаланады.

Салдарынан, 1 қарашаға дейін тіркелімге тұрып үлгермеген такси нарығы қатысушыларының бәрі тұрақты емес жолаушылар тасымалынан тыс қалды. Оларды кәсібін тезірек заңдастырып, рейске шығуға тарту үшін кеше "Яндекс" бұрын-соңды болмаған сыйлықақы енгізді. Айта кету керек, осының алдында БР Антимонополиялық реттеу және сауда министрлігі (МАРТ) "Яндекс Go" сервисін ресми түрде монополист деп таныды және оған бірқатар талап қойды.

Сондықтан жарлық күшіне енген күні ресейлік сервис "көтеруші коэффициенттерін" шектеді. Осы орайда ABW видеографы өзін түсірілімге апарған таксишіден сұхбат алды.

Беларусьтің астанасынан өзге өңірлерде дағдарыс туындаған. Ірі бір қаласы Витебскіде тұрғындар такси шақырту мүмкін еместігіне шағымданды. Нарықтың көлеңкелі бөлігі басым болса керек. Дмитрий деген тұрғын дәлел ретінде кешегі екі тапсырысын жариялады: оның тапсырысын сол бойы ешкім қабылдамапты.

Ақыры ол көшеге шығып, қол көтеріп, жүргізушімен келісіп, баратын жеріне жетіп қалған көрінеді. Осыған орай беларустік журналистер Көлік инспекциясына түсініктеме сұрап, жүгінді.

Олар реестрге енбей қалған тасымалдаушылар, диспетчерлер мен таксилетуші тұрғындарға қатысты қандай жаза қолданылатынын білмек болды. Өйткені президенттің №32 жарлығында оларға шектеулер болатыны айтылған, бірақ оның нені білдіретіні нақтыланбаған.

"Бұл тығырықтан Беларусьті пилотсыз таксилер шығарар еді. Оны америкалық Tesla, бірқатар қытайлық компаниялар белсенді әзірлеп жатыр. Өйткені такси қызметінің бағасының өсуі және таксилердің кешігуі проблемасы бірінші кезекте жүргізушілердің жетіспеушілігінен туындады. Жүргізушілер тіркелімге тұра алмады немесе тіркелуге өтінім бергісі келмеді", – дейді Владимир Фалалеев.

Бірақ төл диктатурасын енгізген Лукашенко режимі шет мемлекеттің ақпараттық, жоғары технологияларына сезікпен қарайды. Сондықтан жүргізушісіз жүретін автомобильдердің жақын уақытта Беларусь көшелерін толтыруы неғайбыл.

Халықаралық сарапшылар такси жүргізушілеріне қатысты талаптардың тосыннан қатайтылуын және олардың әрқайсысына күш құрылымдары тарапынан мемлекеттік бақылаудың енгізілуін алдағы саяси оқиғамен байланыстырады. Bloomberg жазуынша, қазан айының соңында Беларусьтің іс басындағы президенті ел күтпеген шешім қабылдады: ол 2025 жылғы 26 қаңтарға президенттік сайлауды тағайындады. Онда Александр Лукашенко өзінің 7-ші мерзіміне сайлануға ниетті.

Мұның алдында 2020 жылғы президенттік сайлау кезінде көлігі бар беларустар жолаушыларды наразылық акцияларына белсенді тасыды, бұқаралық шерулер өтіп жатқан алаңдар мен көшелерде жасанды кептеліс туғызып, жарықты-шулы сигналдарымен қолдап, дабылдатты. Халықаралық ақпарат құралдары олардың бәрін қуып тарату үшін авторитарлық режим Ресейден күш құрылымдары жасақтарын алғызуға мәжбүр болғанын жазды. Бір рет аузы күйген биліктің енді көлігі барлардың басым бөлігін қатаң бақылауға алуға бекінгені байқалады.

Сонымен қатар, ресейлік ақпарат құралдары 1 қарашадан бастап, РФ-та да такси қызметі қымбаттағанын жазуда. Бұған негізінен екі фактор – қытай көліктері және жүргізушілердің тапшылығы ықпал етіпті.

Нәтижесінде, "Росстаттың" соңғы дерегінше, Ресей бойынша такси құны 1 шақырымы үшін орта есеппен 36-дан 44 рубльге (шамамен 229 теңгеге) дейін қымбаттап шыға келген. Салыстырсақ, "АпаруТакси" порталының дерегінше, Қазақстанда 1 шақырым жол орта есеппен, 185 теңгедей. Өңірлерде – 90 теңгеден де табылады.

"Парламентская газетаның" жазуынша, такси қызметі РФ бойынша орта есеппен төрттен бірге – 24 пайызға лезде қымбаттап шыға келді.

"Сарапшылардың және сала өкілдерінің айтуынша, бұл тек басы ғана. Такси тарифтерінің өсуіне көптеген фактор – инфляцияның өсуі, екі-үш жылға шыдамай, тез тозып істен шығатын қытайлық көліктердің қаптауы және жүргізушілердің жетіспеушілігі бағаны жоғары итере береді", – деп жазады мемлекеттік басылым.

"Таксист" өңіраралық кәсіподағының төрағасы Андрей Попков батыстық және басқа елдердің көліктері ресейлік нарықты тастап шыққалы РФ таксопарктерінде қытайлық автомобильдер үстем болғанын айтады.

"Олардың ресейлік қысқа, қатаң климатқа шыдамдылығы нашар, сапасы төмен, ресейлік ойқы-шойқы жолдарға бейімделмеген. Салдарынан, бүгінде таксидегі автомобильдердің эксплуатациялау мерзімі іс жүзінде екі есе қысқарды. Егер бұрын машиналар күрделі жөндеуді немесе ауыстыруды қажетсіне бастағанға дейін 250, тіпті 300 мың шақырымды жүйткіп өтсе, енді бұл көрсеткіш 150 мың шақырымнан аспайды. Соның кесірінен, жөндеу жиілігі мен шығындары өсті. Бұл да қосымша шығыстарды, тиісінше, сапар құнын арттырды", – деді Попков.

"Өгізге туған күн бұзауға да туады" деген бар. Қазақстандық таксопарк қазіргі кезде қытайлық көлікке толуда. Демек, бізде де такси бағасы ары қарай көтерілуі мүмкін.

Жаңажылдық мерекелер келе жатыр. Дәстүрлі түрде соның қарсаңында такси құны 20 пайызға дейін көтеріледі. Содан соң келесі жылы баға түсіп, ескі тарифтер орала ма, белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу