ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутаттарға Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Министр өз баяндамасында Қазақстандағы 5 әлеуметтік тәуекелдің алдын алуға бағытталған қолданыстағы сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетінін атап өтті.
"Бұл жүйе сақталады, бірақ оның мақсатты міндеті өзгереді. Жүйе тек әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен ол азаматтарды формалды түрде жұмыспен қамтылуға ынталандыруды көздейтін болады", - деді министр.
Осы мақсатта Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салықтық жүктеме келесі жылы 33 %-дан 20%-ға дейін төмендету қарастырылуда.
"Яндекс Такси, Glovo және басқа да онлайн платформалардың көмегімен жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері тарапынан онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады, олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді", – деді министр.
Бұдан бөлек, жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету көзделеді. Мөлшерлеменің ең төменгі және ең жоғарғы дәрежесі белгіленеді және осы дәрежені таңдау өндірістегі жазатайым оқиғалар, жарақат алу және кәсіптік ауруларға қарай анықталады.
"Мөлшерлемені төмендету бойынша қабылданатын шаралар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтумен қатар жүретін болады. Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеу мерзіміне сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45% мөлшерінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемақы қарастырылған", – деп хабарлады Тамара Дүйсенова.
Айта кететіні, заңнамаға "тәуелсіз жұмыскер" – яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген.
"Осындай жұмыскерлер қызметтерін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына жатады.
Бұл жұмыскерлер үшін онлайн платформалардың операторларын салық агенттері ретінде анықтап, арнаулы салық режимдеріне сәйкес жұмыскерлердің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отыратын болады.
"Бұл жағдайда тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер сияқты республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қорлардан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады", - деп хабарлады министр.
Ведомство басшысының хабарлауынша, егер "тәуелсіз жұмысшылар" үшін тиісті аударымдар болмаған жағдайда оларға заңдарда белгіленген ең төменгі мемлекеттік кепілдіктер ғана беріледі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстанда 500 мыңға жуық адам түрлі онлайн-платформаларда жұмыс істейтінін атап өткен болатын.