Ыстанбұлдағы жарылыстар: теракт әлде Түркия билігінің саяси қадамы ма?

2906

Саясаттанушы, шығыстанушы мамандар болжамымен бөлісті. 

Ыстанбұлдағы жарылыстар: теракт әлде Түркия билігінің саяси қадамы ма? Фото: news.myseldon.com

Ыстанбұл қаласында соңғы бір аптада екі рет ірі жарылыс болды. Қаланың қақ ортасындағы туристер көп жүретін Истикляль көшесіндегі жарылыстан 6 адам қаза тауып, 81-і жараланды. Ал екінші жойқын жарылыс Фатих ауданында тіркелді: үш бірдей көлік жанып кеткен.

Түркияның Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу алғашқы жарылыстан соң, АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамады. Министр "опасыздық жасаған емеспіз, сондықтан мұндай арамзалыққа төзбейміз" деп, АҚШ тарапын анық айыптады.

Түркия жеріндегі теракт әрекеттері мен оның себебі мен салдары көпшілікті ойландырмай қоймады. Осы ретте, inbusiness.kz тілшісі саясаттанушылар пікірін тыңдады.

Тәуелсіз саясаттанушы Расул Арин жарылыстардың себебін екі жақты қарастыру керектігін айтады.

"Оны елдің ішкі саяси жағдайымен және Түркияның сыртқы саяси белсенділігімен байланыстыруға болады. Орын алған терактардың негізгі көздеген мақсаты – елдің тыныштығын кетіру. 2023 жылы Түркияда президент сайлауы өтуге тиіс. Шиеленіскен қауіпсіздік мәселесі алдағы президенттік сайлауға өз ықпалын тигізе алады. Қауіпсіздік мәселесі шешілген жағдайда қазіргі президенттің рөлі күшейе түседі. Керісінше, ол мәселе одан әрі шектен шықса, бұл Ердоғанның саяси абыройын түсірмек", - дейді Расул Арин.

Экономистер түрік қонақүйлерінің бағасы келесі жазда 30-50%-ға өседі деп топшылап отыр. Бұл жоғары сұранысқа, азық-түлік инфляциясына және қызметкерлер жалақысының өсуімен байланысты. Дегенмен, Расул Арин қауіпсіздік мәселесі шектен шықса, ел туризміне де кері әсер болуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

"Түркияның туристік бизнесіне кері әсерін тигізіп, елдегі қиын экономикалық жағдайды одан әрі қиындатады. Сыртқы саясат тұрғысынан қарайтын болсақ, Түркия әлемдік және аймақтық саясатта маңызды ойыншы болғандықтан, оның саяси қарсыластары аз емес. Ал Күрд жұмысшы партиясы теракты тек орындаушы болу мүмкін. Оның артында қолдаушы тараптар өзге алпауыт елдер болуы ықтимал. Бұл жарылыстарға жауап ретінде Түркия Сириядағы күрдтерге қарсы әскери немесе антитеррористтік операциясын қайта жандандыру мүмкін", - дейді Расул Арин.

Түрік Үкіметі 13 қарашада болған Таксим ауданындағы жарылыс үшін күрд содырларын айыптап 22 адамды тұтқындады. 2015-2017 жылдары Түркияда бірнеше жарылыстан жүздеген адам қаза тапқаны белгілі. Сол қастандықтардың кейбірін "Ислам мемлекеті" тобы, басқаларын автономия немесе тәуелсіздікке ұмтылған күрд содырлары өз мойындарына алған.

Ал 15 қарашада Фатих ауданында жалын алдымен бір көлікті шарпыған, содан кейін Сұлтанахмет алаңынан батысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан Қожа Мұстафа паша көшесіндегі жақын маңдағы көлікке жайылған. Онда Ыстанбұлдың басты көрікті жерлері - Айя София мешіті мен Көк мешіт орналасқан. Түркиядан бізге сұхбат берген шығыстанушы, арабтанушы, полиглот Әрсен Шәди бұл екі оқиғаның бір-бірімен тығыз байланысы болуы мүмкін екенін алға тартты.

"Ресми мәлімдеме бойынша айыпталған күрдтердің жұмысшы партиясы Түркия жерінде бұрынан заңсыз террористік ұйым ретінде танылған. Негізгі ошағы Сирия жерінде орналасқан. Сирияның солтүстігінен Түркияның оңтүстігіне шекарасыз қырлы аймақтардан өтіп, террористер Ыстанбұлға келген деген дерек бар. Ыстанбұлда пәтер жалдап, дайындалғаны да белгілі болды. Бейресми мәлімдеге қарайтын болсақ, 2023 жылы Түркияда президент сайлауы күтілуде. Саяси партиялардың идеологиялары біріне-бірі қарсы. Ол жерде түрлі пікірлер мен идеологиялар болғандықтан, олардың қақтығысының болатыны да заңдылық", - дейді Әрсен Шәди.

Түркиядағы Әділет және даму партиясы (AK Partisi, Adalet ve Kalkınma) – қазіргі басқарушы партия. Сонымен қатар, елде CHP (Cumhuriyet Halk Partisi), İYİ Parti, Gelecek Partisi, Saadet Partisi, Sol Parti және т.б. партиялар бар.

"Әрқайсысының ұстанатын бағыты бар. Бұл жақта сайлау қызу түрде өтеді. Жеңген тарап көп дауыспен емес, мәселен, 53-54 пайыз сияқты көрсеткішпен жеңіске жетуі мүмкін. 98-99 пайыз деген жоқ. Яғни, Түркия халқы 80 млн, бейресми түрде 100 миллионға жетіп қалған. Енді, осы орын алып жатқан жарылыс, одан кейін Фатих ауданындағы көліктің өртеніп, жарылыс болуы кездейсоқ  өзара байланысы болмауы мүмкін. Алайда Таксимде болған жарылыс жалғасы бар теракттардың жиынтығы деген болжам бар. Қоғамды сайлау алдында фокусын басқа арнаға бұру үшін немесе массаны кішкене үркітіп алу үшін жасалып жатқан, арнайы саяси технологтардың жасап отырған әрекеті де болуы мүмкін. Бұл бейресми пікірлер. Жалпы, қазақта "көп қорқытады, терең батырады" деген сөз бар ғой. Яғни, неғұрлым көп қорқытқан сайын тереңірек батыруға болады. Сол конфронтацияға түсіп жатқан тараптар идеология қақтығыстарына түскендіктен, осылай бір-біріне қарсы жасап жатқан шабуылдары болуы мүмкін деген тұжырым бар", - деді Әрсен Шәди.

Яғни, түрік саяси партияларының әрекеттері, сайлау алдындағы саяси технологтар қадамы болуы бек мүмкін. Сондай-ақ, мамандар жарылыстарға жауап ретінде енді Түркия Сириядағы күрдтерге қарсы әскери немесе антитеррористтік операция жүргізуі мүмкін екенін айтып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу