Іс-шараға тиісті мекемелердің өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы ЮНЕСКО комитеттері мен қауымдастықтарының басшылары қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жиында ЮНЕСКО және ИСЕСКО ұйымдарымен арадағы ықпалдастықты дамытуға қатысты басымдықтар мен жоспарлар талқыланды.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударатынын айтып, оның тапсырмаларын орындаудың маңызына тоқталды.
ЮНЕСКО ұйымы өткен жылдың соңында қазақтың бірегей салты – "Беташарды" Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік (үлгілі мұралар) тізіміне енгізген болатын.
Осы ретте Ұлттық комиссия мүшелері ұйымның бұл шешімін ерекше ықыласпен қабылдады. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің басшысы Амир Пирич Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге "Беташардың" аталған тізімге енгені туралы түпнұсқа сертификатты табыс етті.
– 2024 жылдың наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың Үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда көздің қарашығындай сақтап, әлемдік деңгейде таныту керек теңдессіз табиғи және тарихи нысандардың көптігін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЮНЕСКО-ның қарауына ұйымның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне "Маңғыстаудың жерасты мешіттерін" енгізу туралы өтінім берілді. Қазіргі таңда Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау кеңесі сарапшыларының елімізге келу мәселесі талқыланып жатыр, – деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ отырыста Қазақстанның мұрағаттық және тарихи-құжаттық материалдарын ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" атты халықаралық тізіміне енгізуге қатысты жұмыстарды жандандыру қажеттігіне назар аударылды.
Мысалы, 14 жыл үзілістен кейін, биыл сәуір айында осы тізімге "Хандар шежіресі" қолжазбасы енгізілді.
Басқосуда алдағы іс-шараларға қатысты мәселелер де қарастырылды.
Атап айтқанда, ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойын атап өту және Самарқанд қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясына дайындық жұмыстары талқыланды.