ЮНИСЕФ локдаунның оқушыларға зиянын тағы ескертті

8699

Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар агенттігі әлем елдері үкіметтерін мектептерді қайта ашуға, сыныптарды мейлінше қауіпсіз етіп, білім ордаларын енді жаппауға шақырды.

ЮНИСЕФ локдаунның оқушыларға зиянын тағы ескертті

ЮНИСЕФ-тің дерегінше, қараша айында дүниежүзінде коронавирусқа байланысты мектептердің жабылуынан зардап шеккен оқушылар қатары 38%-ға өскен. Осылайша, планета бойынша білім алу мүмкіндігі қиындап, үлгерімі нашарлаған оқушылардың саны тағы 90 миллионға көбейіп отыр.

Осы агенттіктің өзге бір дерегінше, желтоқсанның 1-не дейін әлемдегі 5 оқушының біреуі немесе 320 млн бала сабаққа бара алмады. Ал, өткен айдың басында сабаққа бармаған жеткіншектер саны 232 млн болған.

"COVID-19 бен мектептердің қоғамға инфекция тарату деңгейі және балаларды білім ордасында вирустан қорғау қадамдары жайында көп нәрсені біліп қалсақ та, ұстанған бағытымыз дұрыс емес. Фактілер көрсетіп отырғандай, мектептер пандемияның негізгі қозғаушы күші емес. Соған қарамастан, індетпен күрестің бірінші құралы ретінде мектептердің жабылу үрдісін байқап отырмыз. Кейбір жағдайларда, оқу орындары бүкіл ел аумағында жұмысын тоқтатып, балалардың білім алуына, ақыл-ой мен физикалық жағдайына, қауіпсіздігіне күйретуші әсер етіп, жеткіншектерді әрі қарай да зардап шегуге мәжбүрлеп отыр", – дейді ЮНИСЕФ-тің Ғаламдық білім жөніндегі басшысы Роберт Дженкинс.

Ұйымның ойынша, мектептер жабылғанда, балалар оқудан да, қолдау жүйесінен де, тағам мен қауіпсіздіктен де айрылу қаупіне душар болып отыр. Ал, жағдайы төмен әрі қоғамнан алшақтап қалған талай оқушы мектепті мүлдем тастап, өмірде көп нәрсе жоғалтады деген болжам бар.  

Жер-жаһанда миллиондаған бала тоғыз айдан астам уақыт бойы өз сыныптарына кірмеген. Тағы миллиондаған өрен осындай жағдайға екінші рет тап болып отыр. ЮНИСЕФ-тің мәлімдеуінше, олар бұндай ахуалға үкіметтердің мектептерді жөн-жосықсыз жабуынан және сол білім ордаларын коронавирустан қауіпсіздендіруге аз мән бергендіктен душар болып отыр.

Жақында дүниенің 191 елінен жиналған мәліметтерге сүйене жүргізілген ғаламдық зерттеу қорытындысы мектептердің мәртебесі мен қоғамның COVID-19-ды жұқтыру деңгейі арасында байланыс жоқ екенін көрсетіп берді. Мектептердің вирус тарататынына дәлел жеткіліксіз болғандықтан, ЮНИСЕФ әлем мемлекеттерінің үкіметтерін мектептерді қайта ашуға ерекше мән беріп, оларды мейлінше қауіпсіздендіру үшін бар мүмкіндіктерді пайдалануға үндеп отыр. 

Тағы бір мәлімдемесінде ЮНИСЕФ білім жүйесін болашақ дағдарыстарға бейімдеуге шақыра отырып, пандемия кезінде мектептерді жапқаннан көрі оларды ашық ұстаған әлдеқайда тиімдірек екенін ескертті.

ЮНИСЕФ-тің Германиядағы баспасөз хатшысы Кристин Кахман DW-ге берген сұқбатында айтқандай, панденмияға қарамастан, әлем мектептері қызметін әрі қарай жалғастыра беруі керек.

"Мектептердің жабылуы ғаламдық оқуды дағдарысқа ұшыратты. Бұның салдарын көптеген елдер мен қоғамдар алдағы онжылдықтарда да сезінетін болады", – дейді Кахман.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу