Зайнедин Құрманов: Қазақ... барша түркітілдес халықтың бостандығы мен егемендігінің қорғаны

2578

Abctv.kz порталына берген сұхбатында Қырғызстан парламентінің экс-спикері осылай деп мәлімдеді.

Зайнедин Құрманов: Қазақ... барша түркітілдес халықтың бостандығы мен егемендігінің қорғаны

Abctv.kz порталына сұхбат берген профессор Зайнедин Құрманов - Борис Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, Қырғыз Республикасы Парламентінің бұрынғы төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

– Профессор мырза, "Желтоқсан оқиғасы" көрші қырғыз еліне қалай әсер етті?

– Біз Қырғызстанда "желтоқсанның батырлары" деп атаймыз. Өйткені, "Желтоқсан оқиғасы" Қырғызстанның ұлт-азаттығында белгілі рөл атқарды.

Шынын айту керек, қазақтармен салыстырғанда, біз өз тәуелсіздігімізге көп қантөгіссіз жеттік, мұны Қырғызстанда кейде "парашюттік әдіс" деп атайды. "Яғни, парашютті тағып алып, құлап бара жатқан КСРО атты әуе лайнерінен секіріп кеттік" дейді кейбір сарапшылар мен саясаттанушылар.

ХХ ғасырдың соңында Қырғыз мемлекеттілігі тарихта осымен төртінші рет қайта қалпына келтірілген еді. Демек, кезінде биліктегі саясаткерлердің жауапсыздығы кесірінен, үш рет жоғалтқанбыз. Тиісінше, қайта-қайта оны қалпына келтіруге мәжбүрміз.

Және осы жолда қырғыз халқының қазақтарға арқа сүйегенін тарихтан білеміз. Тіпті қазақтың кейбір хандары "қазақ-қырғыз ханы" атанған.

– Сіз "Желтоқсан оқиғасы" кезінде қайда болдыңыз?

– Желтоқсан оқиғасы кезінде мен таяуда ғана Мәскеуде аспирантураны бітіріп, Қырғыз медицина институтына жұмысқа тұрған жас маман едім. "Кеңес одағының Коммунистік партиясының (КОКП) тарихы" кафедрасында қызмет атқарамын және компартияның тарихын оқытамын.

Қақаған қыстың бір күні біздің бәрімізге үлкен залға жиналу тапсырылды. Сонда Алматыда студент жастардың толқуы басталғаны хабарланды. Тиісінше, біз, оқытушылар, қырғыз жастарының өз құрбы-құрдастарына қолдау білдіру үшін Алматыға аттануына не осында көшеге шығуына қарсы іс-қимыл жасауға міндеттелдік. Өйткені, Алматы бізге барлық жағынан жақын еді. Жетіп бару еш қиын емес еді.

Содан біз студент жатақханаларын аралап, орындарында бар-жоғын тексеріп шықтық. Егер әлдекім орнында болмаса, оқудан шығарып жібер деген тапсырма берілген. Тексерістен соң жатақхана есіктері тарс жабылды. Бірақ, соған қарамастан, шәкірт жастар түн қараңғысында терезелерден сыртқа секіріп-секіріп түсіп жатты.

Біздің кафедра, сондай-ақ философия, ғылыми коммунизм кафедраларының студенттері бірінші қабатты жайлаған-тын.

Біз олардың ниетін білдік, кейбір оқытушы тоқтатуға қам қылды. Алайда, ол мүмкін емес еді. Ұшқын атқан көздері, жалындаған жігерлері кімді де болса жасқандыратын. Осыны ұғып, мен оларға: "Тайсалмаңдар, барыңдар! Азаматтық парыздарыңды орындаңдар!" дедім. Бақытыма орай, мен КОКП-ға мүше емес едім. Демек, оның қатарынан масқаралап қуа алмайтын еді.

Студенттер өз беттерінше ұйымдасып, Қырғызстанда да митингтер мен шеру-демонстрациялар өткізді. Және жастар арасында желтоқсаншыларды қолдайтындар саны сағат санап артты. Олар орталық алаңдарға қойылған кордондарды бұзып өтіп, наразылық білдірушілер қатарын ұлғайтып жатты. Оларды қадағалаймыз деп біз, оншақты ұстаз да барып жүрдік. Біздің бәріміздің ой-ниетіміз, ықыласымыз Алматыда еді. Сондағы қызыл қырғынға тап болған жастардың тілеуін тіледік.

Әрине, біз лек-лек болып Қазақ КСР-інің астанасына ағыла алмадық. Екі ортадағы шекара жабылды, қарулы посттар орнатылды. Олар барлық көлікті тоқтатып, жүргізушіден өзге кісілердің топтарын, әсіресе, жастарды түсіріп отырды. Тіпті белсенді қарсылық көрсеткендерін шұғыл ұйымдастырылған лагерьге әкетіп, сонда шамалы ұстаған. Рас, жас азаматтарымыздың, студенттеріміздің бір тобы таумен, айналма жолдармен Алматыға жеткенін білдік.   

"Желтоқсан көтерілісі" тек жастардың ғана емес, қырғыз зиялыларының сана-сезімі мен дүниетанымына да үлкен серпіліс әкелді.

1986 жылғы 19 желтоқсан күні партком хатшысынан ректорға студенттердің қашуына көмектескен оқытушылардың мәселесін қарау туралы бұйрық түсті. Жиналыс әдеттегідей басталды, кезекші баяндамаларда Алматыда болған оқиға және оған қатысушылар айыпталды. Сонда ұстаздардың бірі Бегалиев орнынан атып тұрып: "Жетеді! Бұлай жалғастыра беруге болмайды!" деді де, мінберге жедел шығып, баяндаушы оқытушыны ысырып тастады.

"Бұларың не, азаматтар-ау?! Қырғыз қашан қазақ туғанын осылай қаралаған? Бір жылдан артық уақыттан бері Қайта құру жүріп жатыр. Қордаланған проблемаларды көтеріңдер деді емес пе партияның өзі?! Қазақ жастарына қатысты әділетсіздік болғанын көріп отырған жоқсыңдар ма? Ертең сол күн қырғыздарға да туады!" деді ол. Мен өз досымды қолдадым.

Партком мүшелері жұмылған жұдырықтай оған тап бере ме деп күткенбіз. Жоқ, жартысы қазақтарды қолдап шықты. Қалған жартысы қорқасоқтап, үнсіз қалды. Бірақ, біз ең бастысы, "Желтоқсан оқиғасын" айыптайтын партком қарарының қабылдануына тосқауыл қойдық. Партком бірауыздылық көрсеткен бәрімізді жаппай жұмыстан қуа алмады. Бұл бір жоғарғы оқу орнының шаңырағы астындағы шағын жеңіс еді.

Бірақ, сол туралы хабар лезде барлық қырғыз ЖОО-ларына тарап кетті. Барлығы қазақ ағайындардың көзіне ұялмай қарай алуы үшін айыптаудан бас тартып жатты.    

Бейбіт жолмен бостандыққа ұмтылған қазақтарға ниеттестік білдірген осындай тұлғалар ақыры Қырғызстандағы қасаң қоғамдық-саяси жүйені қақыратты.

Жарты жыл өткен соң, біз демократиялық, баламалы таңдау жолымен парткомның жаңа хатшысын сайладық, ол орынға жас демократ, Қырғызстандағы қазақ, ұстаз Медет Садырқұлов келді. Кейін ол ірі мемлекеттік, қоғамдық қайраткер деңгейіне дейін өсті. Қырғыз Республикасы Президентінің Әкімшілігін екі рет басқарды.

Сіздер, қазақтар, алғаш болып КСРО-ға қарсы шықтыңыздар және Одақ бодауында болған барлық республика сіздерге қарыздар. Өйткені, қазақтар болмағанда, репрессиялық саясат әрі қарай жалғаса берер еді. "Желтоқсан оқиғасынан" кейін қырғыз халқының да сана-сезімі оянып, демократиялық қоғамдық бірлестіктер қаптап құрыла бастады. Атмосфера мүлдем өзгерді. Аспанымыз шайдай ашылғандай болды. Тіпті КОКП-ға қарсы шыққан қуатты қоғамдық ұйым пайда болды да, біздің Парламенттен коммунистерді ысырып шығарды.  

– "Желтоқсан оқиғасынан" кейін Түркі әлеміне де бостандық келді емес пе?

– Оған дейін тек Түркия ғана тәуелсіз еді. Түркітілдес елдердің ішінде қазір жетеуі мемлекеттігін қалыптастырған, бұлар – Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Түрікменстан. Мұның сыртында Ресей, Қытай, Молдова және Украина құрамында түркітілдес халықтардың 21 автономиясы бар екен. Бәріміздің халқымыздың жалпы саны 250 миллиондай.

ХХ ғасырдың басында қырғыздар қазақтармен бірлесіп, "Алаша" партиясын құрдық. Тіпті Алаш автономиясы құрамында болу үшін күрестік. Қазақтар көмекке зәру замандарда бізді ешқашан тастамаған, қамқорлық көрсеткен. Аз шоғыр халқымыздың жойылып кетпеуіне де қазақ ағайынның қолтығы астында отыруы ықпал етсе керек.

Мен қазақ жұртшылығын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтағым келеді. Егемендік алып, төл мемлекетін құру үшін кейде халыққа мың жыл қажет болады. Қазір жер-жаһанда бес мыңнан астам этнос-ұлыс бар. Бірақ, тәуелсіз мемлекеттер саны екі жүздей ғана. Яғни, өз алдына отау құру үшін ұлан-ғасыр планетадан оймақтай жер таба алмай жүргендері қаншама мың! Демек, Тәуелсіздіктеріңізді, тұрақтылықтарыңызды көздің қарашығындай қорғап, сақтаңыздар. Өйткені, қазақ тек өзінің ғана емес, барша түркітілдес халықтардың бостандығы мен егемендігінің қорғанында тұр.

Сұхбаттасқан Б.Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу