Зайсан ауданы Дайыр ауылының тұрғыны Мамырбек Бірлік тарыдан талқан жасап кәсіптеуде. Бүгінде ол "Батыр бала" балалар талқанын нарыққа шығарып, отандық өнімнің өрісін кеңейтіп отыр.
Тары-талқан атамыздың асы десек, артық болмас. Тіпті, ертеде жолаушылап шыққан қазақтың қоржынға тары-талқан салып жүретіні де бекер емес.
Маңдай терлемей нан қайда?!
Мамандығы басқа болса да, істің майын тамызған кейіпкеріміздің өнімдеріне бүгінде сұраныс көп. Ата жұртқа ат басын бұрған ол ата кәсіпті қолға алып, отбасылық негізгі күнкөріс көзіне айналдырғалы қашан.
– 2003 жылы Қытай елінен ата жұртқа қоныс тептік. Кейін 2004 жылы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына оқуға түстім. 2010 жылы аталған оқу ордасын тәмәмдап, қайта ауылыма қайттым. Ауылға келгенде бізді күтіп, құшақ жая қарсы алатын бәлендей бір жұмыс орны болмады. Екі қолға бір күрек таппай сандалғанша, қорадағы азын-аулақ малдың басын біріктіріп, аға-бауырларыммен бірге "Қабыл" шаруа қожалығын құрдық. Біздің отбасылық кәсібіміздің іргетасы осылай қаланды. Содан бастап мал тұқымын асылдандырып, ет өндірісімен айналыса бастадық, – дейді Мамырбек Бірлік.
– Ауылды жерде жұмыс жоқ деу сыныққа сылтау тапқанмен бірдей. Керсінше ауыл кәсіп ашуына үлкен мүмкіндік береді. 2018 жылдан бастап "QABYL AGRO" ЖШС-сын құрдық. Бұған дейін тек шикізат өндірумен ғана айналыссақ, енді оны өңдеп, нарыққа шығаратын серіктік құрдық. Бір ғана тарының өзінен 4-5 түрлі өнім шығара бастадық. Мысалы, тары жармасы, тары талқаны, жент, ақталған тары және балаларға арналған талқан. Сонымен бірге арпа, сұлы, бидай талқанын да тартып шығарып жатырмыз. Талқан жұғымды, құнарлы тағам болғандықтан, тұтынушылар саны күн санап артып келеді, – дейді кәсіпкер әңгімесін жалғап.
Кәсіпкер балаларға арналған "Батыр бала" талқанын нарыққа шығарған. Аталған өнім тек аудан көлемінде ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпіріне тарапты.
Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Талдықорған және Шығыс Қазақстан облысына таралды.
– Әр шаңырақтың бір батыры бар. Балалар осы талқаннан шабыт, күш-қуат алсын деп "Батыр бала" атадық. Ұлттық тағамымызды мақтанышпен жесін деген ниет болды. Қазір бүлдіршіндеріміздің тамақтану үрдісі бұзылып барады. Ұсақ-түйек дүниелердің баланың денсаулығына қаншалықты зиян екенін көп ешкім біле бермейді. "Батыр бала" талқанының ерекшелігі - құрамында ешқандай химиялық қосынды жоқ, таза өнім. Талқан тек қойдың құйрық майы, арпа, бидай, тары талқандарының қосындысынан жасалады. Өзіңізбен бірге алып жүруге ыңғайлы. Серіктестігіміз күніне 2-3 тонна өнім шығаруға қауқарлы, – дейді Мамырбек Бірлік.
Тарының емдік қасиеті мол
Оның айтуынша, тарының емдік қасиеті де молшылық. Ұзақ аурудан әлсіреген науқастың денсаулығын ашыған көжемен көтерген. Бауырдың, бүйректің жұмысын жақсартады.
– Мақсатым – ұлттық тағамдарымызды ұлықтау, дәріптеу. Алдағы уақытта наурыз көжені де өңдеп, алып жүруге ыңғайластырып жасауды жоспарлап отырмын. Яғни, көжені тек наурызда ғана емес, кез келген кезде іше алатындай ыңғайландыру. Ұлттық өнімдерімізді зерттеу мақсатында кітап жазуды да жоспарлап жатырмын. Болашақ ұрпақ ұлтымыздың тамақтану рецебін білуі керек, – дейді кәсіпкер Мамырбек Бірлік.
"Батыр бала" талқанына облысымыздағы бірнеше ірі сауда орындары да қызығушылық танытыпты.
– Осы жылы өңіріміздегі бірнеше сауда орындарымен келіссөз жүргізетін боламыз. Сонымен қоса, отандық өнімді аймағымыздағы балабақшаларға кіргізуді жоспарлап отырмыз. Себебі талқан балалар денсаулығына өте пайдалы. Аудандық әкімдік осы мәселеге қолдау көрсетсе, біз жұмыс күшін арттыруға дайынбыз. Бұл тек серіктестігіміз үшін ғана емес, аудан экономикасына да үлкен пайда әкелмек, – дейді кәсіпкер.
Аталған кәсіпорында бүгінде 10 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Бұл ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына да зор мүмкіндік болмақ.
– Қазір серіктестігіміз тұрғындарды жұмыспен қамтып жатырмыз. Жұмыс көлеміне қарай жұмысшылар санын да көбейтіп отырамыз. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, үлкен жобаны іске асырмақпыз. Яғни ұлттық өнімдер шығаратын үлкен зауыт құрып, ауылдағы 100-ге тарта адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Осы орайда үкімет біздің тары-талқан өнімдерімізге де субсидия берсе дейміз. Себебі өңірімізде тары-талқан өндірісі айтарлықтай дамымай жатыр, – деді кәсіпкер.
Айта кетейік, серіктестік өз өнімдерін көршілес қытай еліне шығаруға мүмкіндік алыпты. Алғашқы 20 тоннасы жуық арада шекара аспақ.
Иә, шынымен де, таза дәнді дақылдардан дайындалатын талқан бүгінге дейін қазақтың дастарханынан кете қойған жоқ. Жалпы көшпелі елдің қорек еткен тамақ түрлерінің қай-қайсысы болса да құнарлылығымен, дәмділігімен ерекше. Сондықтан ұлттық өнімімізді ұлықтап жүрген кәсіпкерлерімізге қолдау әрқашан да керек-ақ.
Таунар Қайратұлы