Заң білмейтін қазылар немесе арбитраж соты не істейді?

5235

Арбитр заңнамалық негізге емес, адамгершілік қағидалар мен моральдық құндылықтарға арқа сүйейді, төрелік айту үшін заңды білуі шарт емес.

Заң білмейтін қазылар немесе арбитраж соты не істейді?

Қазақ елінде судьялардың жұмысы шашы етектен келетіні, олардың жұмысының сапасыздығы мен нәтижесі, халықтың үшінші билік тармағына деген сенімсіздігі азаматтық істерге төрелік айтатын арбитрларға деген зәрулікті туғызды, – дейді халықаралық IUS сотының төрағасы профессор Петр Грешников.

Профессордың айтуынша, Қазақ елінде 90-жылдардың басында арбитраж соты жүйесі бір жолға қойылған болатын. Мемлекетіміз көршілес ТМД елдерінде көшбасшы болғаны да жасырын емес. Алайда, 2000 жылдарға қарай әр деңгейдегі мемлекеттік биліктің күшеюімен сот жүйесі де мемлекеттік монополияланып, қоғамда сот жүйесі ақ пен қараны ажыратушы жалғыз күш болып қалған.

"Бірнеше жыл бұрын француз әріптестерім маған Қазақстандағы арбитрлардың басын біріктіретін қауымдастық құру туралы ұсыныс айтқан болатын. Бірақ, ол кезде мемлекеттік органдардың барлық салада өз ықпалын арттырып келе жатқан кезі. Қауымдастық құру мүмкін емес еді.

Алайда, ол кезде арбитрлық жүйе елде болмады дегендер қателеседі. Естеріңізде болса, Алматының ескі әуежайы өртеніп, орнына жаңа әуежай салу керек болған кезде шетелдік мердігер компания мен мемлекеттің соттасқаны бар. Осы мәселенің бастапқы кезеңінде іс арбитраж арқылы қаралды. Бірақ мемлекет істі қайта қарауды талап етіп, іс сот жүйесіне тапсырылды.

Нәтижесінде әуежайдың 100% акциясы мемлекет меншігіне өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің ғарыш агенттіктерінің арасындағы дауға да арбитрлық сот төрелік айтқан болатын", – дейді профессор Грешников.

Жалпы, Қазақстанда арбитраж туралы заң 2013 жылы қабылданып, биылғы қыркүйекке дейін жұмыс істеп келді. Оның алдында қазақ үкіметінің "Арбитраж туралы заңнамалық актісі" жұмыс істеді. Ал бүгінде "Арбитраж туралы" жаңа заң қабылданып отыр. Заңның берері сол, халық ішіндегі кішігірім тұрмыстық істер мен кәсіпкерлер арасындағы даулы мәселелерді шешу ісінде елді сот жүйесіне тәуелді етіп қоюдан сақтайды. Халық белгілі бір деңгейде дауды өзара келісіп шешуге бір табан жақындайды, дейді сарапшылар.

Жалпы, Әділет министрлігі өкілдері мен жаңадан құралған Қазақстанның арбитраж палатасы қызметкерлері арбитраждың қоғамға берері сол дейді. Біріншіден, халық кішігірім тұрмыстық мәселеде соттың алдына барып, оған міндетті төлем төлеп, соттың бүйрегі кімге бұрар екен деп уайымдамайтын болады. Екіншіден, кәсіпкерлер де өзара сауда және қызметтік келісімшарттарының даулы тұстарын сала мамандарының көмегімен реттеп, тез арада ымыраға келе алады.

Дегенмен, сот жүйесіндегі кейбір әділетсіздіктің арбитрлар жұмысында да қайталануы мүмкін бе дегенге кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы Арбитраж орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев былай дейді:

"Рас, сот жүйесіндегі кейбір әділетсіздік пен бұра тартушылықтың болатыны жасырын емес. Ол алдымен адам факторынан туатын нәрсе. Сондықтан да арбитрлық палатада да жұмыс істейтіндер сол сот орнындағы қызметкерлер секілді пенде болғандықтан, қателіктер кетуі мүмкін. Алайда бұл қазіргі жағдай үшін, әсіресе кәсіпкерлік қатынастарда даулы мәселелерді шешу ісінде таптырмас құрал".

Бір айта кетерлігі, жаңадан құрылып жатқан палата мемлекеттен бір тиын да қаржы сұрамайды. Өзін өзі қамтамасыз етпек. Демек, мемлекетке есеп те бермейді. Ал палатаның күн көруі үшін қажетті қаражат мүше болып кірген арбитрлардың міндетті мүшелік жарнасынан алынады. Осы орайда ертеңіне күні түсіп алдына барғанда қара қылды қақ жарардай әділ болады деген үміт артылып отырған палата арбитрларының кім болатындығына келгенде Әділет министрлігі өкілдерінің өзіндік көзқарасы бар.

"Жалпы, арбитраж палатасына арбитр болып бекітілетін тұлғаларға қоятын бірнеше талап бар. Атап айтсақ, олардың жасы отыздан асқан, белгілі бір мамандығы, кәсібі немесе машығы бар, қоғамның белсенді мүшесі болуға тиіс. Және бес жыл белгілі бір салада қызмет еткен тәжірибесі болуы шарт. Ал заңгерлік білімінің болуы міндетті емес", – дейді Әділет министрлігінің өкілдері.

Министрлік өкілінің бұл мәлімдемесін ескерсек, алдағы уақытта дауласқан екі тарапқа қазылық ететін арбитрдың заңнамалық негізге емес, адамгершілік қағидалар мен моральдық құндылықтарға арқа сүйеуіне тура келеді. Өйткені, төрелік айту үшін заңнан хабардар болу міндет емес.

Аbctv.kz порталының "Заңнан хабарсыз қазы қалайша әділ шешім шығара алады?" деген сауалына IAC халықаралық арбитрлік сотының өкілі Сергей Ватаев жауап берді.

"Арбитрлар тек азаматтық істерді қарайды. Ал қылмыстық істер, тіпті әкімшілік заң бұзушылықтар арбитраж арқылы қаралмайды. Сондықтан, бұл мәселеде төрелік етуші адамның адамгершілік құндылық негізінде ақ пен қараны ажырата алғаны жеткілікті.

Мәселен, біреуден біреу қарыз алып, оны қайтарып бермеген кезінде, не болмаса бірнеше кәсіпкердің өзара саудасы мен қызметтерінде түйіткілдер туындаған уақытта тараптар сотқа барудың орнына өздері секілді, керек десеңіз осы саладағы мамандардың қазылығына жүгіне алады. Бұл дегеніңіз, халықтың мемлекетке жалтақтамай, өз мәселесін өзі шеше алатын деңгейге жетуі", – деді Сергей Ватаев.

"Жалпы, арбитраждық жүйенің бұрынғының билер сотынан алары мол", –– деген профессор Петр Грешников арбитрлардың белгілі бір деңгейге бұрынғының дәстүрі бойынша бейбіт ымыраға келу жолында еңбек етуіне үміттенеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда қанша арбитрдың бар екенін ешкім кесіп айта алмайды. Белгілісі, республика бойынша жылына 200-ге тарта іс арбитрлардың қарауына түседі екен. Соның 30%-ы шетелдік азаматтардың мәселесі екен.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу