Қолданыстағы заңдарда сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне желеу болатын жасырын нормалар мен ережелер жетерлік. Сол қайшылықтарды жоймаса, жемқорлықты ауыздықтау мүмкін емес. Antikor ақпарат алаңында сұхбат берген Ғ.Сапарғалиев атындағы ғылыми-зерттеу инстиутының бас директоры Сұлтан Әлімжанов осындай ой айтты.
Қазақстан заңдарындағы жемқорлық тәуекелдерге сараптама жасап жүрген топтың жетекшісі қараша айында өткен брифингте заңнамадағы жемқорлық тәуекелдерді жіктеп шыққан болатын. Талдауға зер салсақ, тәуекелдердің 33 %-ы "жала жабу құқығының кеңдігінен", 10%-ы "құқықтық алшақтықтардан", 10%-ы "құқықтық нормалар коллизиясынан", 18%-ы екіұшты тұжырымдаудан", 15%-ы "өзіне берілген құқықты іске асыруға міндетті тұлғаға шектен тыс талап қоюдап" туындайтын көрінеді.
Сұлтан Әлімжанов жарты айдың ішінде ахуал айтарлықтай өзгеріп кетпегенін мойындады.
"Жалпы сол кезде айтылған динамика әлі де сақталуда. Біз берген ескертпелердің тура үштен бірі жала жабу құқығының кеңдігімен байланысты. Бұл өте салмақты тәуекел деуге болады. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің елде лауазымды тұлғаның таңдау құқығы өте кең. Соның кесірінен қазір лауазымды тұлғалар қалағанынша әрекет етіп жүр. Не істегісі келеді, қалай істегісі келеді, өзі біледі деген сөз. Заң нормаларында о бастан жемқорлық тәуекелдері жасырылған. Мысалы, шенеуніктің құзырына қатысты айтып көрейік. Бір ғана "істей алады" немесе "құқығы бар" деген сөздерді түрлі мағынада түсіндіруге болады. Яғни, нормада көрсетілген құқықты "қаласам, пайдалана алам","қаламасам, пайдаланбаймын" деген еркіндік берілген. Таңдаудың мұндай құқығы заңда ешқандай регламентпен реттелмеген. Кесірінен ниеті арам шенеунік осы таңдау құқығын біреудің оңтайына пайдаланғаны үшін материалдық тиімділікті талап етуі мүмкін. Осылайша норманың өзі парақорлыққа итермелеп тұр",– дейді сарапшы.
Кейбір өтінішпен бірге ұсынылуы тиіс құжаттардың тізімін нақты көрсетпеу де жемқорлыққа жол ашатын көрінеді. Сарапшы мұндай күмәнді тармақтар заңға мақсатты түрде енгізілуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
"Мысалы, өтінішпен бірге өткізу керек құжаттардың тізімі нормада көрсетілген болуы мүмкін. Сол тізімнің ең аяғында "осы және өзге де құжаттар" деген тармақ еніп кетіп жатады. Дәл осы тармақты әр шенеунік өзінше түсіндіре бастайды. Біреуі "басқа да құжат" ретінде көптеген анықтамалар сұрауы мүмкін. Ал екінші шенеунік бір де бір қосымша құжат талап етпей-ақ өтінішті қабылдайды. Бірақ сол "қайырымдылығы" үшін қандай да да бір пара алуы мүмкін. Бір жағынан мұндай олқы нормалар ең жоғарғы заңдарға енгізіліп кеткен. Қолданыстағы заңдар деңгейінде мұнымен де күресу керек. Біз анықтаған жемқорлық тәуекелдерінің үштен бірін осы санат құрап тұрғаны алаңдарлық жайт деуге болады. Қазіргі таңда пара алу, пара беру тәуекелдерінің бәрі осы фактордан шығып жатыр. Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 4000-ға жуық ұсыным бердік. Сол 4000 тәуекелдің 1,5 мыңдайы осы "жала жабу құқығының кеңдігімен" байланысты нормаларда жасырынып жатыр. Яғни қазіргі заңдарымыз шененуніктерге пара алудың 1,5 мың мүмкіндігін ұсынып отыр деген сөз", – дейді ол.
Сарапшы заңнамадағы олқылықтарды жоюдың пәрменді тетіктері жоқ екенін айтады. Бұлар берген ұсынымдарға мемлекеттік органдар пысқырып та қарамайтын болған. Осының салдарынан сарапшылар тобында жүрген 125 адамның жұмысы елеусіз қалып отыр.
"Алғашқы 1-2 аптада біз берген ұсынымдардың бәрін мемлекеттік органдар құлшына қабылдағаны есімде. Кейін біз берген ұсынымдардың кеңес беру сипаты басым екені жарияланды да, мемлекеттік органдар біздің ескертпелерді жаппай кері қайтара бастады. Қазір де солай. Бәрінен бұрын мұның психологиялық зардабы ауыр. Сарапшларымыз істеп жүрген талдауларының нақты іске асатынына сенімді болмағандықтан, сапа ақсауы мүмкін", – дейді Сұлтан Әлімжанов.
Амалы таусылған сарапшылар өздері маңызды деп таныған олқылықтарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің пәрменімен жоюға әрекеттеніп жатқан көрінеді. Бұл іске мемлекет басшысының өзі араласып, нақты тапсырма бермесе, сөзден іске көшу тағы бірнеше жылға кешігуі мүмкін деп есептейді.
"Бұл жерде агенттіктің өзі әрбір мемлекеттік органға ұсынымдармен шығуы керек шығар. Тіпті мемлеке басшысының деңгейіне дейін жеткізіп, заңнаманы қайта пысықтап, біз атаған факторларды түбірімен жою туралы тапсырмалар түсіртсе дұрыс болар еді", – дейді орталық директоры.
Есжан Ботақара