Бұл туралы "Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымы" ЗТБ мүшелері айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қауымдастық төрағасы Владимир Ликтің айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) түсті металл сынықтарын сыртқа шығаруға уақытша тыйым салу туралы бұйрық жобасын дайындаған. Алайда ұйым мүшелері мен кәсіпкерлер бұл құжаттың қабылдануына қарсы.
"Бұл мәселеде салалық қауымдастықтардың пікірі ескерілмеді. Тот баспайтын болатқа да шектеу енгізілген. Қазақстан мен Ресейде бұл металды өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Негізінен қазақстандық кәсіпкерлер металдарды Еуропаға қайта өңдеуге жібереді. Жүктерді көліктермен тасымалдайды, теміржол арқылы жеткізуге мүмкіндік жоқ. Тот баспайтын болатты үшінші елдерге экспорттау кезінде кемінде 5% мөлшерінде баж салығы төленіп, республика бюджетіне қомақты қаржы түсетін", – деді Владимир Лик елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Қауымдастық төрағасы ИИДМ кәсіпкерлердің қызметін заңсыз реттеп, айдың соңында кездесуге шақыратынын жеткізді. Онда бизнесмендер шикізатты ішкі нарыққа жөнелту туралы деректерді ұсынады. Шенеуніктер ақпаратты теміржолмен салыстырады, кейін сыртқы нарыққа сондай көлемде металл жеткізуге рұқсат береді.
"Шикізатты тек Ресейге тасымалдап жатырмыз. Біз металды Әзербайжанға, Қытайға, Түркияға жеткізуге рұқсат беруді сұраймыз. Тіпті Өзбекстан бізге көбірек ақша төлеуге дайын. Бірақ олар: "Жоқ, тек Ресейге тасымалдаңдар" деп отыр. Бұл жағдай ешқандай заңнамалық құжатпен реттелмейді", – деді басшы ағынан жарылып.
Кәсіпкерлер шикізатты ішкі нарыққа жеткізуге дайын екенін, бірақ отандық зауыттар қаржыны уақытында төлемейтінін айтады. Сондықтан олар металлургиялық зауыттар қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын жеткізген кезде ақшаны уақытында беруді және қарызды уақтылы жабуды сұрайды.
"Біз шикізатты қазақстандық зауыттарға жеткізуге дайынбыз. Бірақ 3 шарт орындалуы керек. Нарықтық баға, зауыттардың шикізатты қабылдауы және уақытылы төлем. Осы шарттар орындалса, зауыттарға шикізат жеткізілген кезде проблема туындамайды, әрі министрліктен заңсыз реттеу болмайды", – деді "Қазақстанның түсті және қара металл сынықтарын дайындаушылар мен қайта өңдеушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымы" ЗТБ мүшесі Николай Клобу.
Сондай-ақ ұйымның бақылау кеңесінің төрағасы Артемий Филиппов металдарды сыртқа шығаруға тыйым салу салдарынан Қазақстандағы металл сынықтарын дайындайтын кәсіпорындар жабылуы мүмкін екенін жеткізді.
"Шектеу салдарынан біз, кәсіпкерлер кәсіпорындарды жабуға мәжбүр боламыз. Елде жұмыссыздық мәселесі туындайды. Зауыттар жабылса, онда қызметкерлер қайда барады? Бұл мәселеге байланысты жауапкершілікті өзіне кім алады? Қазақстанда 2 мыңға жуық компания тіркелген. Коронавирус пандемиясы кезінде біразы жабылды. Бүгінде салада шамамен 1 мың компания жұмыс істеп жатыр. Олар салығын төлеп, жұмысшыларға жалақысын беріп отыр. Шектеу енгізілсе, Батыс Қазақстанда жұмыс тоқтайды. Онда елдегі металл сынығын дайындайтын кәсіпорындардың үштен бірі орналасқан, ал бұл жақтан шикізатты жеткізу бізге тиімсіз", – деді Артемий Филиппов.
Оның айтуынша, саладағы бір компанияда шамамен 30-50 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы – Қазақстан азаматтары. Саладағы орташа жалақы – 150-250 мың теңге.
Сөз соңында Владимир Лик бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік органдарға барғанын, одан нәтиже шықпағанын жеткізді.
"Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Бас прокуратурадан да көмек сұрадық. Кеше осы баспасөз мәслихатына бас прокурорды да шақырдық. Оған мәселені егжей-тегжейлі түсіндірмек болдық. Менде тиісті шақырту мен құжаттар бар", – деп сөзін түйіндеді қауымдастық төрағасы.
Дәурен Ерболат