Зейнетақы 11 пайызға көбейеді

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
20729

Үкімет зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін арттырудың тәртібін белгіледі.

Зейнетақы 11 пайызға көбейеді

Әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесіне қатысты заңға енгізілетін түзетулер жақын күндері парламент талқысына түседі. Халықты елеңдетіп отырған аталған заң жобасы зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін көбейтеді деп нық айтуға болады.

Нақтырақ айтқанда 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жалпы зейнетақы мөлшерін 11%-ға арттыру көзделіп отыр. Осылайша үкімет елбасының осы жылдың ортасынан бастап зейнетақыны тағы 20%-ға арттыру туралы тапсырмасын орындамақшы. Үкімет зейнетақының көтерілгеннен кейінгі жиынтық сомасын есептеп те қойған. Жылдың басында инфляция деңгейіне жүргізілген 9% индекстеу мен жоспарланып отырған 11%-ға көбейтуді қоса алғандағы жалпы сома елбасы тапсырған 20%-дық өсуді құрайтын болады.

Сондай-ақ жылдың басында базалық зейнетақы мөлшері 7%-ға өскенін ескере отырып, оны 13%-ға арттыру жоспарланып отыр. Осылайша 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мөлшері 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 20%-ға дейін артады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебі бойынша, бұл барша зейнеткердің немесе 2 млн-нан астам адамның зейнетақысы көтеріледі деген сөз.  

Атап айтсақ, егер 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері 40 950 теңге болса, онда 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ол 45 711 теңге болады. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақы есебімен) 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 167 теңге болған болса, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 66 676 теңгеге дейін өседі.

Сонымен бірге 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бала туғанда төленетін бір жолғы жәрдемақы мөлшерін 20%-ға көбейту жоспарланып отыр.

Еңбек министрлігі осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақының бұл түрі 7%-ға өскенін, ал 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға өссе, 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 27%-ға өсетінін атап көрсетті.

Осының нәтижесінде егер 2016 жылы бірінші, екінші және үшінші бала туғанда төленетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол 71 270 теңге болды. Былтыр төртінші және одан да көп бала туғанда төленетін жәрдемақы мөлшері 111 035 теңге болған болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол 118 783 мың теңгеге дейін өскен, ал 1 шілдеден бастап ол 142 947 теңге болады.

Заңға енгізілетін өзгертулердің тағы бір топтамасы жаңа үш деңгейлі зейнетақы жүйесін енгізуге қатысты болмақ. Сондай-ақ заң жобасында жұмыс берушінің міндетті жарнасын енгізу мерзімін ауыстыру қарастырылып отыр. Бұдан бұрын бұл жарналар 2018 жылдан бастап төленеді делінген болатын, алайда "Атамекен" Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының ұсынысы бойынша және жалпы экономикалық жағдайды есепке ала отырып, оны 2020 жылға ауыстыруға шешім қабылданды.

Үш деңгейлі жүйенің басқа бөлігі сақталады. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны белгілеу механизмі өзгереді деп жоспарланып отыр. Зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына қарай төленетін болады. Қазіргі уақытта базалық зейнетақы мөлшері 50%-ды құрайды. Заң жобасында зейнетақы белгілеу әдісінің өзгеруін есепке ала отырып, базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс көлемінен 54%-ға көтеру қарастырылған. Нәтижесінде 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнет жасына келген адамдардың базалық зейнетақысының мөлшері екі есе, яғни 45%-ға көбейеді деп болжанып отыр.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу