Зейнетақы қорындағы ақша "Нұрлы жерге" жұмсалады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3927

Халықтың зейнетақысына баспана салып, өзіне 10% үстемеақымен сатпақшы.

Зейнетақы қорындағы ақша "Нұрлы жерге" жұмсалады

Жаңа "Нұрлы жер" бағдарламасына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) ылан-ойран қаржысы пайдаланылатын болыпты. Бұл туралы 26 желтоқсанда парламент мәжілісінде өткен "Нұр Отан" фракциясының кеңейтілген отырысында ұлттық экономика министрлігінің өкілдері хабарлады.

Бүкіл дамыған әлемде азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын көзі тірісінде баспана жағдайын жақсартуға, денсаулығын нығайтып, емделуге, балаларына жоғары білім беруге, қысқаша айтқанда, өмір сапасын көтеріп, тіршілік жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Еуразиялық даму банкінің стратегиялық және салалық талдау басқармасы басшысының орынбасары Арман Ақынбаевтың мәліметінше, Францияда бұл жинақты уақытынан бұрын алуға төл бизнесін ашу, үшінші баланың тууы, тіпті үйлену тойы да себеп бола алады екен.

Ал Қазақстанда бұл қаражат ерлер 63-ке, әйелдер 58-ге толғанша, қырық есіктің ар жағына тығылып, қырық құлыппен жабылады. Зейнетақы жинағын жоғарыда айтылған мақсаттарға жұмсау туралы бастама мамандар арасындағы талқылау деңгейімен шектеліп, шешім қабылдау биігіне шыға алмады.

Рас, таңдаулы тұлғаларға қордағы жинақтарын мезгілінен бұрын алып кетуге рұқсат беріледі. Мұны "зейнетақылық аннуитет" деп атайды. Бірақ ол үшін әйелдер 50 жасқа дейін шамамен 8-8,5 млн, ал ерлер 55 жасқа дейін 6 млн жинап үлгеруі керек. Сонда олар осы жаста ертерек зейнеткер атана алады, бұл ретте зейнетақыны оларға сақтандыру қоры төлейді.

Экономист Евгений Кочетов Қазақстанда зейнетақылық аннуитеттің шекті межесін тым жоғары санайды:

"Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін әйелдер 1998 жылдан бастап, ай сайын 40 740 теңге жарна аударып отыруға тиіс. Ол үшін ай сайынғы жалақысы жарты млн болуы керек. Бұл ел халқының бірнеше пайызының ғана еншісіне бұйырған. Күні бұрын зейнеткерлікке шыққандар арасынан ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченконы айтуға болады: ол зейнетақы есепшотынан бар жинағын толық қотарып алып кеткенін ашық жариялады. Бұған дейін Марченко зейнетақы жинағы 28 млн теңгеден асқанын айтқаны бар. Өзге азаматтарға да жинақтарының ең құрығанда, бір бөлігін алуына жол ашу керек. Өйткені БЖЗҚ-ның нақты табысы инфляция деңгейінен жоғары болған кезеңдер саусақпен санарлық. Яғни, ол жинақты бағаның құнсыздануы "жеп" қояды. Демек, азаматтарға жинағының бір бөлігін құтқарып қалуға мүмкіндік беру қажет", – дейді экономист.

Оның үстіне 21 желтоқсанда БЖЗҚ-дағы былықтардың беті ашылып, онда тексерулер жүріп жатқаны жария болды. Қордың өзі "Бузгул Аурум" компаниясының облигацияларын сатып алуына қатысты түсініктеме беріп, қаражаттың ұрланғанын растамады, бірақ ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті осы мәміле бойынша қылмыстық іс қозғап отыр. Қазір БЖЗҚ-ның 5 млрд теңгесінің қайда кеткені зерттеліп, тергеу жүргізіліп жатыр.

Қалай болғанда, зейнетақы қорындағы 6 трлн теңгеден астам орасан зор қаржының әлдекімдерді байытып, ал ел экономикасы мен бұқара халыққа еш пайда келтірмеуі үкіметті қынжылтып қана қоймай, қажытқаны байқалады. Сондықтан мемлекет енді бұл қаржыны қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағыттауды ойластырып отыр.

Дәлірек айтқанда, "Нұрлы жер" жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында коммерциялық банктер арқылы жеке құрылыс компанияларына арзандатылған несие беріледі. Осы арқылы мемлекет олар салатын тұрғын үйдің шаршы метрін де арзандатпақ ниетте.

"Жеке салушыларды ынталандыру үшін оларға қолжетімді несие ресурсы беріледі. Бұл үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер несиелерінің мөлшерлемесі 17 пайыздан аспайтын кредиттерін 7 пайызға дейін субсидиялайды. Нәтижесінде салушыларға ұсынылатын несиенің жылдық мөлшерлемесі шамамен 10 пайыз болады. Бұл несиені алған құрылыс компаниясы өзі тұрғызған тұрғын үйдегі пәтерлердің тең жартысын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларына әр шаршы метрі үшін Астана мен Алматыда 260 мың теңгеге, ал өңірлерде 220 мың теңгеге дейінгі бекітілген бағамен сатады", – дейді ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов.

Мұның сыртында "Нұрлы жер" аясында халыққа 10 пайызбен арзандатылған ипотека берілмек.

Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, осы екі бағытқа қажетті қаражат бюджеттен бөлінбейді.

"Бұл қаржының бәрі нарықтан тартылады. Соның ішінде БЖЗҚ-дан алынады, шетелдік заемдар да тартылады", – дейді ол.

Министрліктің мәлімдеуінше, 2016 жылы жалпы алғанда 9,6 млн шаршы метр баспана қолданысқа беріледі. Оның ішінде пәтер саны 34 мыңдай, жеке тұрғын үй саны да 34 мың. Мемлекет үй кезегінде тұрғандар үшін 14 мың пәтерді іске қоспақ.

Бір айта кетерлігі, 2009 жылдан бері "азаматтардың баспанамен қамтылу" көрсеткіші 2,7 шаршы метрге немесе 14,8 пайызға жоғарылаған. Нақтырақ айтқанда, 2009 жылы еліміздегі тұрғын үй әр тұрғынға шаққанда 18,3 шаршы метрден келсе, биыл бұл көрсеткіш 21 метрге жетті. Дегенмен, бір адам үйсіз-күйсіз жүрсе, екінші адамның қолында ондаған пәтердің шоғырланғанын ескеру қажет.

"Нұрлы жер" арқасында мемлекет 15 жыл ішінде барлық қаржы көзін жұмылдыра отырып, 1,5 млн баспана тұрғызуды жоспарлап отыр.

Жалпы, "Нұрлы жер" бағдарламасын ел Үкіметі өткен апта соңында, 23 желтоқсандағы отырысында бекіткен болатын. Ол келесі жылдан бастап, күшіне енеді деп күтіліп отыр.

Бір қызығы, әлі өмірге жолдама алмаған жаңа тұрғын үй мембағдарламасының бір бағыты елдің қарсылығына ұшырап жатқан көрінеді. Мұны Мәжіліс депутаты айтады.

Түсіндіре кетер болсақ, ипотеканы арзандату, жеке құрылыс компанияларын арзан несиемен қолдау, әлеуметтік осал топтар үшін жекешелендірілмейтін тұрғын үй қорын салу сыртында, "Нұрлы жолдың" тағы бір бағыты бар, оның аясында "он сотық" жер алу үшін әкімдіктерде кезекке тұрғандарға тегін жер беріледі.

Бірақ ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов ол жер учаскелерінде азамат үйін өз бетімен тұрғызбайтынын қадап айтты: оның бәрін әр облыста анықталған бір жеке құрылыс компаниясы салып береді де, артынша жер кезегінде тұрғандарға әр шаршы метрін 120 мың теңгеден сатады. Егер ол азамат сатып ала алмаса, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" (ТҚЖБ) несие рәсімдеуге мүмкіндік берілмек.

"Бөлінген жер телімдерінде бір құрылыс салушы үйлерді біркелкі етіп салады. Сөйтіп, барлық облыс орталықтарында жеке тұрғын үйлердің ауданы бірдей, бірыңғай сәулет стиліне ие болады. Сонымен бірге "үй құрылысы комбинаттарының" панельді технологияларын пайдалану арқылы бұл үйлердің бағасы қолжетімді болады. Типтік әрбір үйдің ауданы 100-200 шаршы метр болады. Дайын үйді кезекте тұрған азаматтар жер учаскесімен бірге сатып ала алады, немесе ТҚЖБ-дан несие алады. Бұл жағдайда алғашқы бес жылдағы ай сайынғы төлем 70 мың теңге, кейінгі он жылда 56 мың теңге", – дейді вице-министр.

Бұл бағыттағы "үй құрылысы комбинаттарына" қатысты түйткілді "ABCTV" порталы таяуда сараптап, жазған болатын (қараңыз: http://abctv.kz/kz/news/%C2%ABnurly-zher%C2%BB-akimderdi-ekige-%C2%ABboldi%C2%BB).

Бұған сондай-ақ халықтың да көңілі толмай отырған көрінеді.

"Елдің зарыға күткені – жеке тұрғын үй құрылысына серпін беретін тетіктердің пайда болуы еді. Жаңа бағдарлама оны ескерген сияқты еді. Жер телімдері бөлінеді. Инженерлік-коммуникация инфрақұрылымы тартылады. 1,5 трлн теңге мемлекеттік қаржыны бағыттамақ. Біз 4 қаңтарда өңірлерге сайлаушыларымызбен кездесуге шығамыз. Сонда халық бізден сұрайды ғой! Не айтамыз?! Халықпен сөйлессек, олар: "Бізге сендердің бұл көмектеріңнің түк қажеті жоқ! Бізге тиесілі он сотық тегін жерді беріңдер. Біз үйімізді өзіміз салып аламыз!", – дейді. Онда бұл бағдарлама жүзеге аспай қалады", – дейді мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, дәл қазір Қазақстанда баспанаға мұқтаж жандардың жалпы саны 2 млн 300 мың адам.

"Соның ішінде 1 млн 300 мыңы – он сотық тегін жердің кезегінде, ал 400 мыңнан астамы – пәтер кезегінде тұрғандар. Қалғаны – "ТҚЖБ" арқылы баспана алу үшін тұрғын үй жинағын жинаушы салымшылар. Біз жыл сайын 40-42 мың жер телімін игеруді жоспарлап отырмыз. Сонда 15 жыл ішінде 630 мың жер учаскесі беріледі. Әрине, 1,3 млн адам үшін бұл аз. Алайда бір отбасыда бірнеше адам жер кезегіне тұрған деректер бар. Сондықтан біз кезекке түгендеу жұмыстарын жүргізбекпіз. Өйткені тексере бастасақ болғаны, бір адамның бірнеше облыста жер алу кезегіне тұрып алғаны анықталып жатады. Қазір ең көп адам кезекте тұрған өңірлер Маңғыстау және оңтүстік облыстар", – дейді Мархабат Жайымбетов.

Депутат Омархан Өксікбаев тағы бір мәселені көтеріп, кейістік білдірді:

"ТҚЖБ әкімдермен бірлесіп, үй салады, сондай-ақ құрылыс компаниялары тұрғызған тұрғын үй кешендерін сатып алады. Және қандай тұрғын үй кешендерін сатып алатынына, олардың қаншалықты ұзақ тұратынына куә болып жатырмыз. Бүкіл әлемді шулатып отыр. Менің айтарым басқа: ТҚЖБ өз клиенттеріне қолданыстағы үйді қолдан сатып алуға тыйым салады. Мен мысалы, үйдегі балалардың мектебіне жақын жерден, "вторичный" нарықтан пәтер сатып алғым келеді. Бірақ ТҚЖБ қалай болса, солай салынған өз үйлерін сатып алуға мәжбүрлейді. Алайын десең, сапасы сын көтермейді. "Бағасы қолжетімді" дегені де бос сөз, егер әр шаршы метрі 200 мың теңге тұрса, қалай "қолжетімділік" туралы айтуға болады? Мұғалімдер мен дәрігерлердің орташа жалақысы 70-80 мың теңге ғана!", – деп қолды бір-ақ сілтеді депутат.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін" басқарушы холдинг – "Бәйтеректің" басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова депутаттың бар дәйектемесін жоққа шығарды.

"ТҚЖ банкінде қайталама (вторичный) нарықтан баспана сатып алуға тыйым салмайды. Қазір бұл бағыттағы барлық операция жұмыс тәртібімен шешіледі. Бастапқы нарыққа басыбайлы тәуелді ететін ешқандай құжат жоқ", – дейді Ләззат Ибрагимова.

Сондықтан сауал сансырап, сенделіп, авторына қайтты. Мұндай жауап депутатты ашындырғанын айта кеткен жөн.

"Ондай тыйым бар. Мұны ТҚЖБ салымшылары да растайды. Жақында мен азаматтарды қабылдадым. Олар жинақ жинаған, енді қайталама нарықтан баспана сатып алайын десе, осы банк мамандары тыйым салынғанын айтып, жаңа салынған тұрғын үйден алу керектігін нұсқапты. Ал балалары оқитын мектеп жанында жаңа үй салынып жатқан тұрғын үй кешені жоқ болған", – дейді Омархан Өксікбаев.

Ләззат Ибрагимова ондай нұсқау берген ТҚЖБ қызметкерлерінің аты-жөнін өзіне хабарлауды сұрайды: "Егер кредит маманы заң бұзса, біз тиісті шаралар қабылдаймыз!".

Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко шенеуніктердің сөзі мен ісі қабыса бермейтіндіктен, өз әріптесінің айтқанына сенуге құмбыл:

"Менің ойымша, ол дұрыс мәселе көтеріп отыр. Бізде шешім қабылдау деңгейінде көбіне дұрыс нәрселер айтылады. Бірақ артынша ол шешімдерді орындайтын орта және төменгі деңгейлерде ақылға қонымсыз шығармашылық басталады. Азаматтар дәл соған маңдай соғуға мәжбүр. Билік бұған ұдайы үн қатып, ескеріп, түзетіп отыруға тиіс", – деген пікір білдірді Владимир Божко.

Айтқандай, мәжіліс төрағасы орынбасарының дерегінше, парламенттің көп қызметкері "мемлекеттік қызметші" бола тұрып, әкімдіктердегі үй кезегіне тұра алмайды екен.

"Мен министр болып жұмыс істеген кезде, біз арендалық баспана алу кезегіне министрліктер мен ведомстволардағы мемлекеттік қызметшілерді қоя алмайтынбыз. Өйткені олардың зейнетақы қорына аударатын ай сайынғы жарналары талап етілетін деңгейге жетпеді, тиісінше, жалға берілетін баспана алуға мүмкіндігі болмады. Қазір қойылған шектеулерге байланысты біздің Мәжілістің аппаратында көбісі үй кезегіне тұра алмайды", – дейді вице-спикер.

Олардың барлығына баспанасыздық мәселесін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы шешуге кеңес беріліпті.

Бірақ "жетімбұрыш" жағалағандардың бұл жерде де тауы шағылатынға ұқсайды. Өйткені қазірдің өзінде ТҚЖБ клиенттерінің саны 700 мыңнан асып кетті.

Ал ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпхановтың айтуынша, "Нұрлы жол" аясында ТҚЖБ-ға жыл сайын мемлекет 24 млрд теңге бөліп отырады. Сөйтіп 5 жылда бұл сома 120 млрд-қа жетеді. "Нәтижесінде ТҚЖБ өз салымшыларына 15 жылда 12 млн шаршы метр баспана ұсына алады. Бұл 202 мың отбасыны баспанамен қамтамасыз етеді", – дейді министрдің орынбасары.

Сонда қалған жарты млн клиенттің жайы не болады? Оның жайы 15 жылдан кейін белгілі болатын екілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу