Қазақстанда БЖЗҚ-дан берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) қандай мақсаттарға пайдалануға болатыны туралы алдын ала түсініктемелер берілді. Ол шарттар халыққа онша ұнамады. Сондықтан жұртшылық ел Үкіметіне хат жазып, БЗТ-ны қолдану мақсаттарын кеңейтуді сұрауда.
Аталған тетіктің кешігуінің бір себебі де осыдан болса керек. Әйтпесе, жаңа жылдың бірінші айының алғашқы онкүндігі аяқталғанымен бірде бір адам БЗТ-ға пәтер ала алмапты.
"Отбасы банк" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәліметінше, қағидалар жобасында тек 8 мақсат қана көзделген.
"Бірінші мақсат – кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша БЗТ көмегімен толық есеп айырысып, баспана сатып алуды қарастырады. Бұған сату-сатып алу келісімі, үлескерлік қатысу келісімі, жекешелендіру келісімі, тұрғын үй құрылыс кооперативінде үлес сатып алу келісімі, бөліп төлеу келісімі, азаматтардың өзара баспана алмасу келісімі кіреді. Екіншісі – БЗТ-ны ипотеканың бастапқы жарнасына енгізу болмақ. Үшіншісі – ипотека бойынша борышты ішінара не толық өтеуге жұмсау. Мұнда тек негізгі қарыз бен сыйақыны ғана өтеуге болады, айыппұл мен өсімпұл-пеня қабылданбайды", – деді ол.
Төртінші мақсат – "Отбасы банкінің" өзінен тұрғын үй құрылыс жинағы депозитін ашып, заем алу. Бесіншісі – тұрғын үй кредитін қайта қаржыландыру. Алтыншысы – сатып алу құқығы бар ұзақмерзімді аренда бойынша қарызды толық өтеу. Жетіншісі – БЗТ-ны жақын туыстарға беру. Сегізіншісі – төлемді емделуге шығындау. Бұл бағыт үшін қажетті қағиданы Денсаулық сақтау министрлігі жеке әзірлеуде.
Қазақстандықтар осы шектеулі тізімнен өзіне керектісін таппапты.
"Мен жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарымды мерзімінен бұрын жұмсағым келеді. Бірақ ол баспана сатып алуға жетпейді. Сондықтан қазіргі тұрып жатқан үйімді жақсартып, оған еурожөндеу жүргізгім келеді. Алайда бұл қарастырылмаған. Неге? Бұл да тұрғын үй жағдайларын жақсарту болып табылады ғой. Әйтпесе, үй жөнделмесе, тозып, апаттық күйге жетеді. Әкімнің бас ауруына айналады. Билік оны өзім жинаған ақшама жөндеуге рұқсат етсін", – дейді қарағандылық Елена Малюгина.
Мұндай мәселе қалалардағы көпқабатты үйлер үшін де өзекті.
Е.Малюгина БЖЗҚ-дан БЗТ ала алса, оған үйіне жүргізілген су құбырын жаңартып, іштегі электр желісін қайта тартатынын айтады.
"Үйде барлығы жөндеуге зәру. Тіпті жылыту жүйесі де көнерді. Құбырлары мен батареяларын өзгерту керек. Маған жаңа пәтер қажет емес. Сондықтан Үкіметтен қағидаларға толықтыру енгізіп, үй жөндеуді де тізімге кіргізуді сұраймын!" – дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов біржолғы зейнетақы төлемдерінің тек жұмыс істейтін азаматтарға ғана берілетінін еске салды.
"Зейнетақы жинақтарын баспана салып алуға және тұрғын үйді жөндеуге жұмсау мәселесі қазіргі кезде пысықталуда. Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатына пайдалану қағидаларын" әзіреу жұмыстарын жүргізуде. Оның аясында БЗТ-ны шығындаудың мақсаттары мен тәртібі нақты қарастырылатын болады. Соның ішінде БЗТ-ға ипотекалық тұрғын үй заемын рәсімдеуге, баспананы сатып алуға, жекешелендіруге, жөндеу шараларына пайдалануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ азаматтардың атында баспананың барлығына қарамастан БЗТ-ға қосымша жаңа пәтер сатып алу мүмкіндігі де беріледі", – деді Б.Нұрымбетов.
Сарапшылар ескі үйлерді жөндеуді әкімшілендіру қиынға түсу мүмкін екенін еске салады.
"Мемлекет БЖЗҚ жинағын азаматтардың қолына шытырлаған ақша түрінде бермеуді, яғни БЗТ-ны пайдалануды қолма-қолсыз түрде жүзеге асыруды мақсат тұтып отыр. Ал ауыл-аймақтағы, тіпті қалалардағы тұрғындар үй жөндеуге қажетті материалдарды негізінен базардан не өзге адамнан арзанға сатып алады. Оның үстіне мегаполистер мен ірі қалалардан басқасында құрылыс материалдарын сатуға маманданған ірі дүкендер желісі жоқ. Ал базарда саудагерлердің көбінде онлайн бақылау-кассалық аппараты жоқ. Демек, БЗТ-ның нысаналы жеріне жұмсалғанын растау күрделі. Соның кесірінен ірі қалалардағы тұрғындарға жөндеуге берілген БЗТ-ның ауыл-аймақ жұртшылығына берілмеуі қоғамда наразылықты өршітуі ықтимал", – дейді экономист Владимир Новиков.
Дегенмен, ол Үкіметтің осыған баруы керектігіне сенімді.
"Солай екен деп, БЗТ-ны жөндеуге беруден бас тартуға болмайды. Өйткені қазір саудада тұрған пәтерлер баспана сатып алғысы келетін азаматтардың бәріне бірдей жетпейді. Сонымен қатар нарықтағы жаңа жылжымайтын мүліктің үлкен бір бөлігі – элиталы тұрғын үй, оған ешқандай БЗТ жетпес еді. Ендеше бұл түйткілді қолданыстағы пәтерге жөндеу жүргізуге рұқсат ету арқылы шешуге болады. Ал құжатпен растау мәселенің шешімін табуға болады. Сонымен бірге бұл елде демеушілік пен қайырымдылықтың дамуына да түрткі болуы мүмкін: ауқатты азаматтар БЗТ-сын үйін жөндегісі келетін ағайындарына беру мүмкіндігін иеленеді", – деді сарапшы.
Жанат Ардақ