Зейнетақының осы айда неге күрт азайғаны белгілі болды

20363

Қазақстандықтар маусымда мамырдағыдан аз зейнетақы алды. 

Зейнетақының осы айда неге күрт азайғаны белгілі болды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай парадокстың не себептен орын алғанын түсіндіруге тырысуда. Әйтпесе, жылдар бойы қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, Президент тапсырмасынан кейін зейнеткерлердің алатын ақшасы тек көбейе түсетін.

"Расында, қазақстандықтардың 2020 жылғы мамырда алған зейнетақысы осы маусымдағыдан көп болды. Бұған инфляцияға орай зейнетақыны 5%-ға индекстегеннен кейінгі қосымша төлемнің сәуірде төленбей қалуы себеп. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 30 наурыздағы тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақыларды жылдық мәнде 10%-ға қосымша индекстеу жүргізілді. Осылайша, 2020 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар – 5%-ға, ал жасына байланысты зейнетақы – 7%-ға артты. Бұдан кейін 2020 жылғы 1 сәуірден бастап барлық төлемдер қосымша тағы 5%-ға өсті", – деп түсіндіреді ведомство.

Алайда әлгінде айтылғандай, төлем сәуірде аударылмай қалды. Бұл кезде елде пандемияға қарсы карантин шаралары жаппай күшіне мініп тұрған болатын.

Министрліктің мәліметінше, сәуірге белгіленген өсім автоматты режимде жүзеге асырылды, яғни ол үшін зейнеткерлер мен жәрдемақы алатын азаматтардан қосымша құжаттар талап етілмеді.

Артынша ТЖ аяқталып, мемқызметкерлер орындарына оралған мамырда қазақстандықтар сол мемлекеттік төлемдерді өсіммен алды.

"Бұл ретте азаматтар зейнетақысының жаңа және ескі мөлшері арасындағы сәуірде ала алмаған айырмашылығы мамыр айында кезекті зейнетақы төлемімен қоса төленді. Содан адамдар мамыр зейнетақысы көп өсіп кеткен екен деп ойлады. Шынында, оның құрамында сәуірдің қосымша төлемі де бар-тын. Ол сома әрине, маусым айында болмады. Сөйтіп, маусым айында зейнетақы мамырдағыдан көп төмендеп қалғандай көрінді", – дейді меморган.

Ведомство нақты мысалмен есеп-қисапты ұсынып отыр.

"Айталық, 2020 жылғы қаңтардан бері зейнетақы төлемдерінің мөлшері (жасына байланысты зейнетақы мен базалық зейнетақыны қоса алғанда) 90 мың 400 теңгені құрады. Биылғы 1 сәуірден бастап зейнетақының жаңа мөлшері 94 мың 920 теңге болды: соның ішінде 90 мың 400 теңге – зейнетақы да, қалғаны – 5%-ға өсіру. Содан соң азаматтар мамыр айында 99 мың 440 теңге алды. Оның ішінде 94 920 теңге – өсірілген зейнетақы, ал 4 мың 520 теңге – сәуір айына қосымша. Маусым айында зейнетақы тиісінше 94 мың 920 теңге қалпында қалды", – дейді еңбек министрлігі.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы төлемі 58 мың 82 теңге болды. Бұл шамамен 140 долларға тең. Оның ішінде базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 17 641 теңге болып белгіленген.

Дегенмен, ең төменгі зейнетақы алатын адамдар қолға бұдан әлдеқайда аз тиетініне шағымданады. Сөйтсе, жұмыс өтілі толмайтындар төменнен де төмен алатын болып шықты.

"Биылғы сәуірден бастап зейнетақыны көтердік деп еді. Бірақ сәуір айында базалық зейнетақы көлемі 22 мың 215 теңге, ал зейнетақы төлемі 26 мың 563 теңге көлемінде қалды. Еңбек министрлігінің уәдесіне сенсек, ол 27 мың 891 теңгені құрауы тиіс еді", – дейді тым төмен зейнетақы алатын зейнеткер Ирина Борисовна.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнеткерлерді алаңдатқан бұл мәселе бірізге келтірілгенін жеткізді.

"Мемлекет басшысы Үкіметке зейнетақыны, жәрдемақыларды, АӘК-ті индекстеу туралы биылғы 31 наурызда тапсырма берді. Яғни, олардың барлығы жылдық мәнде 10% өсуі тиіс. Нәтижесінде, биыл төлемдер екі рет арттырылып отыр. Ирина Борисовна жағдайына келер болсақ, 2020 жылғы қаңтарда жыл сайынғы ұлғайтуды есепке алғанда, оған 47 768 теңге төленді. Оның ішінде толық емес жұмыс өтілі бойынша ынтымақты зейнетақы – 26 563 теңге, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 21 205 теңге болды. Бұдан кейін 1 сәуірде жасы бойынша зейнетақылық төлемі 5%-ға өсуіне, сондай-ақ төменгі күнкөріс шегінің де артуына байланысты оның зейнетақысы 50 107 теңгеге жетті. Мұндағы ынтымақты зейнетақысы – 27 892 теңге, базалық зейнетақысы – 22 215 теңге. Өсірілген мөлшердегі төлем мамырда аударылды", – дейді министр Б.Нұрымбетов.

Қалай болғанда, Қазақстан ең төменгі зейнетақы бойынша Ресейді артта қалдырып отыр. Солтүстік көршіде әлеуметтік зейнетақы небары 5 180 рубльді құрайды, бұл шамамен 75 доллар. Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде әрине, бұл көрсеткіш бірнеше есе жоғары: Данияда – 2800 доллардай, Францияда – 1400 еуродай, Жапонияда – 1700 доллардай, АҚШ-та – 1503 доллар. Ал Қытайда – 200 доллардай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу