Зейнеткерлікке шықпай қайтыс болған БЖЗҚ салымшыларынан 27,8 миллиард қалды

1401

Қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары инфляцияға аяусыз "жем" болып, жыл сайын кеміп барады. 

Зейнеткерлікке шықпай қайтыс болған БЖЗҚ салымшыларынан 27,8 миллиард қалды Фото: qyzyljarnews.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) биылғы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылап, есебін жариялады. Оған сәйкес, БЖЗҚ-да сақтаулы жатқан зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылдың басынан 1 шілдеде аралығында – небәрі 6,59% болды.

Бұл – инфляциядан келген шығынды да "жаппайды": Ұлттық банктің дерегінше, биылғы маусымда жылдық инфляция 8,4%-ды құрады.

БЖЗҚ өзінің инвестициялық қызметінің нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылуы арқасында биылғы бірінші жартыжылдықта салымшыларға 1,23 миллиард теңге инвестициялық кіріс аударған. Егер бұл қор 20 триллион теңгеге жуық активті басқаратынын және онда 12 миллионнан астам салымшы барын ескерсек, онда бұл кірісті тамшыға теңеуге болады. Өйткені қор кірістілігі төмен құралдарға инвестиция жасайды. Оның табысын да инфляция жеп қойып жатыр.

Оның үстіне қор қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының басым көпшілігін – 63,41%-ын теңгедегі құралдарда ұстап отыр. Салдарынан олар ұлттық валютамен бірге құнсыздануда.

"Салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылдың басынан бері, 1 шілдедегі жағдай бойынша – 6,59% болды. 2024 жылғы 1 шілдедегі инвестициялау бағыттары мынадай: Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 44,34%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,91%, екінші деңгейдегі банктердің облигациялары – 4,08%, шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары – 3,73%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,89%, микроқаржы ұйымдары – 1,73%. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша валюталар бөлінісіндегі зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі мынадай: ұлттық валютадағы инвестициялар – 63,41%, АҚШ долларымен – 36,58%", – делінген қордың есебінде.

Kazinform ондағы бір жайтқа назар аудартты: БЖЗҚ-ның өмірден өткен салымшылары қордағы жинақтаушы шоттарында 27,8 миллиард теңге қалдырып кетіпті. Бұл жинақты алатын мұрагерлер табылмаған. Олар – не жалғыз басты қариялар, не бала тумаған ерлер-әйелдер, немесе бала-шағасы шетелге көшіп, олармен байланысын үзген.

БЖЗҚ-ның өлген салымшыларының саны 259,6 мың адамды құрады. Олардың шоттары ары қарай да "қаражатты талап етуді" күтіп, жата береді. Мұрагерлері табылып, оны алуға өтініш бергенше, қаржылар мемлекеттік зейнетақы қорының шоттарында сақтаулы тұрады және инвестициялық кіріс әкеледі.

2024 жылғы 1 қаңтарда қорда мұрагерлері рәсімделмеген шоттардың құрылымы келесідей болды:

• Ер салымшылар – 186,8 мың адам. Олардың жеке шоттарында қалған қаржының жалпы сомасы – 21,5 миллиард теңге.

• Әйел салымшылар – 72,8 мың адам. Жинағының жалпы сомасы – 6,2 миллиард теңге.

Осы орайда БЖЗҚ өкілдері дүние салғандардың жинағына ештеңе болмайтынына, оларды ешкім жұмсап жібермейтініне сендірді. Заң бойынша бұл активтер – салымшының меншігі және оның мұрагерлеріне табысталуға тиіс.

Жалпы, бұл қорда көлкөсір қаражат жатыр. Ондағы салымшылардың зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 20 триллион теңгеге жетті.

"2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салымшылардың "БЖЗҚ" АҚ-ындағы жеке және шартты шоттарында шамамен 20 трлн теңге жинақталды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, зейнетақы жинақтарының көлемі 3,9 триллион теңгеге жуық немесе 24,3% өсті", – деп хабарлады қор.

Бұл қаржының 96%-ын – "міндетті зейнетақы жинақтары" (МЗЖ) құрайды. Осыдан-ақ қордың мол қаржыны еселеп көбейте алмай отырғанын байқауға болады. Халықтың өзі табысынан қиып, бала-шағасының аузынан жырып, қорға ай сайын мәжбүрлі түрде аударатын қаржысы сол күйде жатыр деуге болады.

МЗЖ көлемі 2024 жылғы 1 шілдеде шамамен 19,3 триллион теңге болды. Жалақысын конвертпен емес, ресми түрде алушылардың есебінен, бір жыл ішінде оның сомасы – 23,7%, биылғы жыл басынан бері – 11,3% ұлғайған.

Ауыр, зиянды жұмыстарда істейтін жұмысшылар үшін жұмыс берушілері аударатын "міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары" (МКЗЖ) есебінен құйылған зейнетақы жинақтарының сомасы – 619,9 миллиард теңге болды. Бір жылдағы өсімі – 22,9%, жыл басынан бері – 9% көбейді.

Жұмыс таба алмаған, немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардың көбі қарттық шағындағы қиындықтарды ойлап қайғырып, қорға өз бетінше көбірек жарна аударуға кіріскен. Сөйтіп, бұл бағыт ең үлкен өсімді көрсетті: бір жылда – 48,4%, жыл басынан бері – 22,5%. Алайда 420 мыңдай адамның осы "ерікті зейнетақы жарналары" (ЕЗЖ) бойынша жинақтарының жалпы көлемі – 6,5 миллиард теңге ғана.

БЗЖҚ сарапшыларының түсіндіруінше, жұмыс беруші аударған жарнамен салыстырғанда, адамның өз бетінше аударған жарнасы, яғни ЕЗЖ оның жұмыс өтіліне есептелмейді, тиісінше, зейнетақы жүйесіндегі өтілі-стажы бәрібір артпайды. Заңнамаға сәйкес, егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл не одан аз болса, немесе мүлде жоқ болса, онда оған төленетін базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ына ғана тең болады. Егер өтілі 20 жыл болса, 85%. Бұл қырық мың теңгеге де жетпейді.

БЖЗҚ-да 20 триллион теңге жатқаны айтылды. Дегенмен, қордың "алаған қолы береген" емес екен, сараң болып шықты. Салдарынан, салымшыларын лайықты төлеммен жарытып отырған жоқ. Мысалы, Еңбек министрлігіне шағымданған зейнеткерлер БЖЗҚ-дан ай сайын 20–25 мың теңгенің айналасында ғана төлем алатынын айтады. Соның кесірінен, зейнетақы жүйесіндегі бар салмақ мемлекетке түсіп тұр: зейнетақының басым бөлігі бюджеттен төленетін базалық зейнетақыдан құралады. Болашақта ол да азаймақ.

"2024 жылдың 6 айында БЖЗҚ-дан төлемдер түрінде 457,6 млрд теңгеден астам қаржы төленді. Бірақ мұның бәрі – зейнетақы емес: осы соманың негізгі бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады: ол шамамен 190,4 миллиард теңге. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,4 есе жоғары! Ал, зейнет жасына толуына байланысты салымшыларға төленген төлемдер шамамен 97,3 млрд теңге ғана болды", – деп мәлім етті қор.

Салыстырыңыз: 12 миллионнан астам азамат болашақта зейнетақы алуы үшін 20 триллион теңге аударған, қор болса, зейнеткерлікке шыққандарына 100 миллиардқа да жетпейтін төлем берді.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны – 12,4 миллион болды. Соның ішінде 11,1 миллионы – МЗЖ, 688,6 мыңы – МКЗЖ, 421,3 мыңы – ЕЗЖ.

Содан қорда көп көбеймей, босқа жатқан қаражаттарын алып қалу үшін азаматтар түрлі айла-шарғыға барады. Мысалы, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде, соның ішінде "стоматологиялық қызметтер" үшін 506 мыңдай адам зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегінен асқан 465,9 миллиард теңгесін алып қойған.

Оның қаншасы шынымен тісін емдеткені, қаншасы – делдалдық қызметі үшін БЗТ-ның 30 пайызын қалтасына басатын тіс дәрігерлерімен ымыраласқаны белгісіз. Қалай болғанда, Үкімет БЗТ-ны стоматологиялық қызметтерге алуды 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін уақытша тоқтатып тастауды жоспарлады. Содан интернетте тіс клиникалары: "Құрметті қазақстандықтар! Өздеріңіздің зейнетақы жинақтарыңызды 10 тамызға дейін тіс емдетуге, протездеуге және имплантацияға пайдаланып қалуға асығыңыз!" деп жарнама беріп жатыр.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар өзге елдің азаматтығын қабылдап та, желге ұшқан зейнетақы жинақтарын жанталаса алып қоюда: 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 17,9 миллиард теңгеге жетті.

Бақиға аттанған салымшыларды жерлеуге төлемдер – 4,9 миллиард теңге болды. Сақтандыру ұйымдарына 117 млрд теңгеден астам сома аударылды.

БЖЗҚ зейнеткерлікке шыққан салымшыларына төлейтін орташа айлық төлем сомасы 33 883 теңгені ғана құрайтынын мойындады. Бірақ бай-бақытты клиенті де бар екен: оған қор төлемнің ең жоғары сомасын – ай сайын 945 752 теңге төлеп тұрады. Ол мәртебелі клиентінің кім екенін, аты-жөнін қор өкілдері жасырып айтпады: дербес деректерді жариялауға болмайтын көрінеді.

Жалпы, өзі төлейтін төлемнің көлемі салмақты өспейтінін айтудан қор еш ұялмайды. Тек әлгі бір клиенттің алатыны ғана бірнеше жүз мыңға өсіп барады.

"Естеріңізге сала кетейік, өткен 2023 жылдың осы кезеңінде БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 32 111 теңге болды. Ал, ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 742 692 теңгені құрады", – делінген қордың хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу