Қазақстан алтын сатып алудан әлемде үшінші орынға шықты

1573

Алтын – әлемдегі тұрақты әрі қауіпсіз активтің бірі. 

Қазақстан алтын сатып алудан әлемде үшінші орынға шықты Фото: depositphotos.com

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) есебіне сәйкес, Қазақстан алтын сатып алу бойынша әлемде үшінші орынға тұрақтап, Орталық Азия елдерін басып озды. Бұдан басқа көршілес Ресеймен салыстырғанда бір тонна алтын артық сатып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлемдегі орталық банктер валюта резервтерін толықтыру үшін биылғы наурыз айында 16 тонна алтын сатып алған. Үштікті Түркияның орталық банкі (+14 тонна) бастап тұр. Екінші орында Үндістан мен Қытай орналасты (әрқайсысы +5 тонна). Қорын 4 тоннаға арттырған Қазақстан мен Сингапур үштікті қорытындылады.

WGC есебінен кейбір елдердің алтын қорын азайтқанын көруімізге болады. Мәселен, Өзбекстан наурызда – 11 тонна, Иордания – 4 тонна, ал Таиланд 10 тонна алтын сатқан. 

Жалпы алтын қоры жағынан АҚШ дүние жүзінде бірінші орында. Екінші орынға Германия орналасты. Үздік үштік қатарына Италия кірді.

Экономист Айбар Олжайдың сөзінше, алтын кез келген алтын-валюта қорының тұрақтандырушы элементі. 

"Акциялар нарығында немесе валюталар ауытқыған кезде алтын өзінің құнын сақтайды. Қай елдің алтын-валюта резервінде алтынның үлесі көп, демек бұл кішкене тұрақталуға бағытталған саясат. Бізде алтын көбейсе, демек бізде тұрақтандырушы бағыт ұстандық деген сөз. Алтынға деген сұраныстың өсуіне акция нарығындағы құбылмалы жағдай, яғни әлемде орталық банктердің базалық ставкаларының ақырындап төмендей бастауы әсер етеді. Сол кезде алтынның үлесін көбейте бастаймыз. Алтын нарығында қолайсыз жағдай көп болмайды", - деді ол. 

Қазір алтын нарығында алтын сатушылар үшін қолайлы жағдай қалыптасты деп айтуға болады, деп жалғастырды сарапшы.

"Өйткені сұраныс тұрақты болып отыр. Мұнай бағасы бірнеше базистік тармаққа өсетін болса, алтын жылына 1,5-0,8 пайыз шегінде өсіп отырады деген сияқты нарықтың базалық сценарийлері бар. Негізі осы болжам сақталып отыр", - деп есептейді экономист.

Сарапшылар алтынды тек бағалы металл ғана емес, ұзақмерзімді инвестиция көзі ретінде санайды. Сондықтан да оның бәсі үнемі жоғары. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу