Жабық архивтерге қауіп төнді

2731

Үкімет тарихты сақтауға қаржы қимай отыр.

Жабық архивтерге қауіп төнді

Мәдениет және спорт министрлігі қолданыстағы "Мерекелік күндердің тізбесіне" өзгерістер енгізетін Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын жария етті. Ол қабылданса, "22 желтоқсан – Архивші күні" деп аталатын еліміздегі 46-шы жаңа кәсіби мереке пайда болмақ.

Неге дәл осы күн таңдалды? Себебі тәуелсіз Қазақстанның "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" заңы 1998 жылғы 22 желтоқсанда қабылданыпты.

Дегенмен қазіргі кезде сала той тойлайтын жағдайда емес. Генеалог, тарихшы ғалым Нұржан Сәдірбекұлы биыл архивтер негізінен жабық тұрғанын жеткізді.

"Карантин шектеулеріне байланысты Қазақстанның Орталық мемлекеттік архиві 16 наурызда барлық зерттеушілер үшін жабылды. Содан бері 8 ай өтті, ашылар емес. Бұл ретте архив құжаттарына қашықтан қолжетімділік ұйымдастырылмады. Бірде-бір архив құжатын онлайн көріп, тапсырыс беруге мүмкіндік жасалмады. Осының алдында 15 қазан күні ашыламыз деп хабарлаған. Бірақ 8 ай аялаған үмітіміз қайта ойран болды", – дейді тарихшы.

Ол архивтер жұмысындағы ағымдағы кемшіліктерін жасырмай айтты.

"Біріншіден, архив сайтында "Карантин кезіндегі оқу залында жұмыс тәртібі" күнібұрын жарияланған жоқ. Екіншіден, зерттеушілерді қабылдау тәртібі, келуге алдын-ала жазылу жолдарын түсіндіріп, өз сайтында хабарлама берген жоқ. Үшіншіден, келушілер кестесі жасалып, сайтында орналастырылмады. Тек кемшіліктерді тере бермей, оларды түзетудің жолын көрсеткенім жөн. Менің пікірімше, Орталық мемлекеттік архив сайтында "Зерттеушілердің оқу залындағы орындарды брондау кестесі" жасалғаны абзал. Бұған қоса, ол кезекті брондау қызметі egov.kz порталы арқылы көрсетілсе дейміз", – деді Нұржан Сәдірбекұлы.

Оның мәліметінше, бұл іс дұрыс ұйымдастырылмағандықтан, зерттеушілер өз ісінде қиындықтарға кезігіпті: олардың арасында наразылық туып жатқан көрінеді. Өйткені ғалымдарға да мемлекеттік және басқа тапсырыстарды орындап, табыс табу керек. Архив жабық болса, олардың кәсібі дағдарады, ал бұл жеке кәсіпорынның карантинде жабылуымен бара-бар. 

"Карантин мен пандемияның болашақта да қайталану қаупі бар. Демек билік архивке қашықтан қолжетімділік қызметін ұйымдастыруға, архив құжаттарына онлайн тапсырыс беруді жолға қоюға тиіс. Архивтың заман ағымына ілесе алмауы, онлайн қызмет көрсетуді ұйымдастырмауы ел Конституциясында көрсетілген басты құқықтардың бірі – адамның ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектейді", – деді Н.Сәдірбекұлы.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова архивтерге карантин кесірінен ұзаққа жабылуға тура келгенін растады.

"Шын мәнінде архивтің, соның ішінде оқу залының жұмысы ең алдымен індетке байланысты. Олар Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулыларын басшылыққа алады. Оқу залының жұмысына қатысты ұсыныстар архивке жолданды. Тиісінше, мұқият зерделеніп, алдағы жұмыста назарға алынады", – деді министр.

Сенатор Сергей Ершов архив саласында енді шешімін кешіктіруге болмайтын, кезек күттірмес мәселелер қордаланып қалғанына сенімді.

"Екі жыл бұрын архив ісі мәселелері бойынша жаңа заң қабылдағанда, жекелеген проблемалар шешіледі деген үміт болған. Мысалы, архивтерге ақылы қызмет көрсетуге рұқсат етілді. Соған қарамастан, осы салада түбегейлі жақсару белгілері байқалмайды", – дейді депутат.

Бүгінде елімізде 222 мемлекеттік архив мекемесі бар. Оларда 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Архив қорын толықтыру көзі кейінгі 20 жыл ішінде 2 есеге өсіпті: егер 1999 жылғы 7 мың 796 мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым ғана құжаттар мен материалдар жіберетін болса, қазір олардың саны 16 мыңнан асты. 

"Мемлекеттік архивтердің көпшілігі әлі күнге сақтандыру, сақтау қорларын құра алмай жатыр, себебі тиісті құрал-жабдықтары жоқ. Қоймаларының көбі 100%-ға лық толған, жаңа құжаттарды қабылдау және сақтау үшін орын тапшы. Мемархивтердің ғимаратының жай-күйі де негізінен жанды жабырқатады. Сондықтан Үкімет өңірлерде ақша тауып, мамандандырылған ғимараттар салу керек, немесе бұл мәселені шешудің өзге жолын табуы керек. Бұл жерде осы салаға қажетті кадрларды даярлау, жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесі де жеке назар аудартуды талап етеді. Сала маманды тарих және филология факультеттерін бітіргендер арасынан алады", – дейді С.Ершов.

Сенатор Мәдениет және спорт министрлігінде архивтік іс бөлімі қалдықтықты қағидатпен қаржыландырылатынына қынжылды.

Бұдан бұрын 2020-2025 жылдарға арналған "Архив-2025" жобасын жүзеге асыру іс-шараларының кешенді жоспарына 14,1 миллиард теңге бөлу көзделіпті. Сол қаржыға мысалы, 200, 500 мың, 1, 1,5 және 10 миллион бірлік жәдігерді сақтауға арналған мемлекеттік архивтің мамандандырылған үлгілік ғимараттарын тұрғызу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, архивтерді Қазақстан тарихы туралы материалдармен толықтыру, кең форматты сканерлер сатып алу жоспарланыпты. Тіпті, архивтік құжаттарды реставрациялау және оларды микрофильмдерге түсіру үшін заманауи зертхана сатып алынатыны айтылған.

Алайда биылғы 2 сәуірде өткен Республикалық бюджеттік комиссия отырысында министрліктің осыған қатысты өтініші мақұлданбады.

Пандемия және дағдарыс архив саласының еңсесін езіп, жүрелетіп кеткелі тұр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу