Жақын туысты да зейнетақы жинағымен жарылқауға болады

9134

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан қаржыны өзі пайдаланбаса, жақын туысына жұмсауға бере алады.  

Жақын туысты да зейнетақы жинағымен жарылқауға болады

Бұл туралы Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде тікелей эфир өткізіп, халықтың сұрағына жауап берген Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты. Алайда қаржы бірден алушының шотына аударылады, оған үшінші тұлға араласа алмайды. "Зейнетақы жинағы иесінің келісімінен кейін қаржы бірден оның жақын туысының шотына түседі. Ал ақша алған азамат қаржыны басқа бір туысына аудара алмайды, яғни ақшаны амалдап алып шығу жағдайына жол бермес үшін туысқан адамдар арасындағы келісімшарттарға тыйым салынған, – дейді Ләззат Ибрагимова.

Алайда зейнетақы жинағының иесі ипотекалық несиені туысымен бірге алған болса және жинақ ақшасын қарызды төлеуге жұмсағысы келсе, онда қаржыны негізгі қарызгердің шотына аударуға тура келеді. 

"Жақын туыс дегенге сол адамның баласы, немересі, ата, әжесі, бірге туысқан аға-іні, әпке, қарындасы және асырап алған балалары да жатады.  Мәселен, егер бауырларының әкесі бір болғанымен шешелері бөлек болса, бұл да жақын туыс болып есептеліп, олар бір-біріне жинағын аудара алады. Тіпті ата-тегі әртүрлі болғанымен, туу туралы куәлікте шешесі бір болса да зейнетақы ақшасын бөлісе аласыз", деп түсіндірді банктің төрайымы. 

Көп адам есейе келе фамилияларын өзгертіп жатады. Тіпті бір отбасының балалары да уақыт өте келе әртүрлі фамилияға көшуі мүмкін. "Мысалы, бір баласы туғанда ата-анасы оны "Мақсатов" деп жаздыртады, ал өсе келе ол ата-тегін өзгертіп, "Мақсат" деп жаздыртуы мүмкін. Осы бөлектік те туыстар арасындағы зейнетақы аударымдарына бөгет бола алмайды. Бірақ фамилиясын ауыстырғаны үшін қосымша құжат талап етіледі. Бұл талап тұрмысқа шыққанына байланысты фамилиясын өзгерткен азаматтарға да қатысты. Олардан да неке және туу туралы куәлік немесе қажет болған жағадйда, ажырасқаны туралы құжат, соттың жеке тұлғаны растайтын шешімі, басқа да құжаттар сұралуы мүмкін. Бұл – заң аясындағы талаптар. Осылай біз азаматтардың жақын туыстығын анықтай аламыз", – дейді Ләззат Ибрагимова. 

Мамандар жоғарыда аталған құжаттар қолда болмаса, халыққа қызмет көрсету орталықтарына хабарласқан жөн дп отыр. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу