"Жалақы емес, "жаль-ақы" деуге болды". ШҚО-да 200 жұмысшы еңбекақы ала алмай жүр

2057

"Тамызда балаларымызды оқуға дайындай алмай қалдық". Бұл – еңбекақысын ала алмай жүрген Шығыс Қазақстан облысы тілшілерінің шағымы. 

"Жалақы емес, "жаль-ақы" деуге болды". ШҚО-да 200 жұмысшы еңбекақы ала алмай жүр

Облыс әкімдігіне қарасты "Шығыс Ақпарат" медиахолдингінің 200-ге тарта жұмысшысы "үш айдан бері еңбекақы ала алмай жүргенін" мәлімдеді. Олардың ішінде "Дидар", "Рудный Алтай" газеттері мен Altaynews ақпараттық сайтының журналистері бар.

Altaynews-тің редакторы Дарын Нұрсапардың айтуы бойынша, жұмысшылар "сараң байдың садақасындай-ақ" 150 мың теңге айлық ақшаны көктемнен бері уақытынан кешіктіріп әрі бөліп-бөліп алып келеді. Олар басшылықтың "шыдаңыздаршы" дегеніне шыдап та көрген. Алайда онымен мәселе шешілмеді. Қазір тамыздың еңбекақысы әлі толық қолға тимей отыр. 
"Жалақыны "жаль-ақы" дейтін болдық. Айдың аяғында ақшамыздың 40 пайызын ғана ұстатады. Оны нәпақа емес "на пока" дейміз. Өйткені уақытша алдаған түрі екенін білеміз", – дейді қоластындағы тілшілерге еңбекақы төлей алмай отырған ол.

Облыс әкімінің орынбасары танысын жұмысқа алуды "сұрады"

Медиахолдингтің басқарма төрағасы Ерлан Смағұлов мәселені растайды. Ол әуелі болып жатқан жағдайды, одан кейін өзі себеп боларлықтай бір болжамды айтты. 

"Тамыздың еңбекақысының 30%-ы төленбей тұр. Бұл, шамамен, бес миллион теңге. Біз ішкі саясат басқармасы жариялаған байқаудың қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында келісімшартпен жұмыс істейміз. Мысалы, 2019-да біздің мекеме 410 миллион теңге, 2020-да 375 миллион теңге алса, биыл тек 182 миллион теңге алды. Бұл айлық төлеуге жетпейді. Бізге берілетін ақшаның негізгі бөлігі "Дидар" мен "Рудный Алтай" газетіне ақпарат жариялау үшін келеді. Алайда өздері "госзакуп" порталына байқауды тым кеш жариялайды. Бірінші жартыжылдыққа арналған байқауды мамыр айында өткізсе, екінші жартыжылдықтікін, міне, енді өткізгелі жатыр. Сонда ақша қараша, тіпті желтоқсанда берілуі мүмкін. Алайда олардың бізге беретін жұмыс көлемі азаймай, баяғыша қалады", – дейді басшы.

Оның айтуына қарағанда, мәселенің төркіні облыс әкімінің орынбасарында жатуы мүмкін.

"Наурызда облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов маған өзінің танысын қоя беріп, орынбасарым етіп тағайындауымды сұрады. Мен бас тарттым. Осының бәрі содан кейін туындап отыр деп ойлаймын", – деді Ерлан Смағұлов.

Осы мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчиновке қоңырау шалдық. Ол "телефонмен пікір айтудан" бас тартты.

Оның қоластындағы ішкі саясат басқармасының өкілі Жанат Мекеева: "Келісімшарт бойынша, жасаған жұмыс актілеріне қарай ақша беріліп отыр", - деді.

"Әкімдікке сын"

Мән-жайды тағы да нақтылай түспекке медиахолдингтің бақылаушылар кеңесінің мүшесі, журналист Мерей Қайнарұлымен тілдестік.

"Идеология саласында үлкен жұмыс атқарып отырған білімді де білікті мамандар жалақыға жарымай отыр. Шерағаңша айтсақ, "арқалағаны – алтын, жегені – жантақ". Айтуларынша, тамыздан бері еңбекақыларын ала алмаған. Там-тұмдап беруі беріпті. Бірақ мынау заманда тиын-тебенген жан бағу мүмкін емес. Бүгінгі күнге дейін аталған кәсіпорынның қызметкерлері шыдамдылық танытты. Күні кеше ғана әлеуметтік желіде шу шықты.

Бұған арнайы құрылған қоғамдық бақылау кеңесі назар аударып отыр. Алдағы күндері облыс басшылығы бар, "Шығыс Ақпарат" басшылығы бар, бәріміз бас қосуымыз керек. Сол жерде бұл мәселе жылда қайталанбайтындай етіп шешілсе екен.  

Ал жалақының кешігу себебі, "Шығыс Ақпаратқа" кірістің жоқтығы. Мәселе – мемлекеттік тапсырыстың айналасында. Бұл бірінші жыл емес. Оның үстіне, басшы да тұрақтамайтын болды. Басшы тұрақтамаған соң жұмыста жүйе бола ма?! Айналып келгенде, "Шығыс Ақпараттың" журналистері, қызметкерлері жалақысыз отыр. Білдей бір облыстың журналистері жалақысыз жүр деген сөз облыстың әкімдігіне де сын", – деді Мерей Қайнарұлы.

P.s. Қызметкерлер жоғарыдағылардың "креслоталас, тақталас, бақталас, интрига, тендер, ақшаның әңгімесінен" жапа шегіп келе жатқанын айтады. Тапсырылған міндетті уақытылы орындаса да, тиісті еңбекақысын ала алмай жүр. Олар жағдай мен басшылықтың тұрақталуын қалайды. 

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу