Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов министрлер кабинетінің мүшелеріне Ұлттық халық санағының қорытындысын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағы аяқталды. Санақ ел тұрғындарының барлық санатын қамтыды. Онлайн сауалнамадан халықтың 42,5%-ы өтті, ал жаппай аралап шығу арқылы адамдардың 57,5%-ы санақпен қамтылды. Көріп отырғандарыңыздай, ел тұрғындары онлайн форматтағы халық санағынан өтуге белсене қатысты. Бұл көрсеткіш онлайн форматта санақтан өтудің орташа еуропалық көрсеткішіне жақындағанын атап өту керек", – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.
Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, жалпыұлттық халық санағына 25 мыңға жуық санақ персоналы мен аумақтық бөлімшелердің және Ұлттық статистика бюросы орталық аппаратының қызметкерлері жұмылдырылды. "Халық санағын өткізу мәселелерін республикалық деңгейде арнайы құрылған комиссия шешті. Өңірлік комиссияларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және аудандардың әкімдері басқарды. Санақ өткізу мәселесі апта сайын үкіметтің, үкіметтің цифрлық кеңсесінің сонымен қатар арнайы комиссияның отырысында қарастырылып отырды", – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.
Бұдан кейін ол жалпыұлттық халық санағының нәтижесі қашан жарияланатынын айтты.
"Халықты ақпараттандырудың барлық арналарында ұлттық санақты жария ету үшін ауқымды бұқаралық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бүкіл ел бойынша халық санағын өткізуге арналған 3 500-ден астам арнайы пункт жұмыс істеді. 1446 нөмірі бойынша арнайы call-орталық тәулік бойы қызмет көрсетті", – деді Нұрболат Айдапкелов.
Оның сөзінше, ел азаматтарынан 500 мыңнан астам өтініш түсті. Респонденттерге 25 млн-нан астам SMS-хабарлама жіберілді.
"Бюро алынған деректерді өңдеуге кірісті және алдын ала деректерді биылғы желтоқсан айында ұсынуды жоспарлап отыр. Іс-шаралар кестесіне сәйкес, санақтың аралық қорытындысы 2022 жылдың ортасында, нақты қорытындысы 2023 жылдың I тоқсанында жариялануға тиіс", – деді Нұрболат Айдапкелов.
Айта кетейік, 2018 жылы еліміздің бірнеше аймағында қанатқақты жоба ретінде жаңа технология арқылы халық санағы қолға алынды. Қанатқақты жоба Ақмола облысының Бурабай ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында жүзеге асырылуға тиіс болды. Санақшылар 70 те 30 қатынасын қолданып, яғни мәліметтің 30%-ын интернет, 70%-ы планшет арқылы жинамақшы болды. Кейін мұның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Дайындық былай тұрсын, 2019 жылғы қазан-қараша айларында өтуге тиіс болған ел тарихындағы үшінші жалпыұлттық халық санағы ақпараттық жүйенің дер кезінде жасалмауының және мемлекеттік сатып алу мен ұйымдастыру жұмысының тиісінше атқарылмауының салдарынан 2020 жылдың қазанына шегерілді.
Бұл туралы статистика комитеті: "Қазақстан заңнамасы және халықаралық ұсыныстар бойынша, халық санағы кемінде 10 жылда бір рет жүргізіледі. Бұл халық санағын жүргізу мерзімінің кезекті әлемдік раундтармен салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін жасалады. Сондықтан санақ жүргізу арасында 10 жылдық мерзімді сақтауға Қазақстан үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан айы арасындағы мерзім қолайлы. Осыған орай 2020 жылы халық санағын жүргізудің ең қолайлы мерзімі ақпан-наурыз айлары деп белгіленді. Жалпыұлттық санақ жүргізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулық сәттерді есепке ала отырып, Қазақстан халқының ұлттық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады. Бірақ хабарлама да сөз жүзінде қалып, үшінші жалпыұлттық халық санағы 2021 жылға ауысты.
Қазақстан жалпыұлттық санаққа 2017 жылдан бері дайындалды. 1999 жылы өткізілген алғашқы жалпыұлттық санақта елімізде 14 981 28, ал 2009 жылы өткізілген екінші жалпыұлттық санақта 16 009 597 адам өмір сүріп жатқаны анықталды. 2019 жылы өтуге тиіс болған жалпыұлттық халық санағының неге жүзеге аспай қалғанын жоғарыда жаздық. Ал 2020 жылға жоспарланған жалпыұлттық санаққа коронавирустың кесірі тиді. Бұл туралы статистика комитетінің баспасөз қызметі:
"Елімізде коронавирус инфекцияның таралуы мен енгізілген карантиндік шектеу шаралары бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты жалпыұлттық халық санағын 2021 жылғы қазанға ауыстыру туралы шешім қабылданды", – деген хабарлама таратты.
Уақыт өте келе жалпыұлттық халық санағын өткізу әдісі өзгермейтіні жарияланып, 2021 жылы мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында интернет-сауалнама жүргізілетіні мәлімделді. Санақшыларды үйіне кіргізуді қаламайтын азаматтар sanaq.gov.kz сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетінше толтыра алатыны айтылды.
"Интернет арқылы мәлімет берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Сауалнамаға қатысқан азаматтарға халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі. Санақшы сауалнамаға қатысушыларға 84 сұрақ қояды. Берілген жауап қағазға емес, планшетке жазылады", – деп хабарлады статистика комитеті.
Назар аударсаңыз, осыған дейінгі жалпыұлттық санақтың барлығында кемшілік болғанын байқауға болады. Мысалы, 1999 жылы жүргізген алғашқы жалпыұлттық халық санағында Қазақстан халқының 2%-ы тізімге енбей қалды. 2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурызы аралығында өткен екінші жалпыұлттық халық санағында статистика агенттігінің төрағасы Анар Мешімбаева сыбайластарымен бірге республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 144 млн теңгенің 764,8 млн теңгесін жеп, 7 жылға сотталып кетті. Оның орынбасарлары Нұрман Баянов – 6, Бiрлiк Меңдiбаев – 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл жолы да жалпыұлттық халық санағының қорытындысы сенімсіз болды. Ел тұрғындарының саны әр жерде әртүрлі көрсетілді.
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы жалпыұлттық халық санағын жүргізу жөніндегі арнайы комиссиясының бірінші отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов онлайн санақ 2021 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, sanaq.gov.kz веб-сайтында 15 қазанға дейін жалғасатынын жариялады. Осы отырыста дәстүрлі үй-үйді аралау арқылы халық санын есепке алу 2021 жылдың 1 қазанынан 2021 жылдың 30 қазанына дейін ұйымдастырылатыны белгілі болды.
"Санақшылар планшет қолданады. Бұл дерек сапасына адами фактордың әсерін азайтады және нақтылық деңгейін жоғарылатып, ақпараттың қайталануының алдын алады. Сауалнама барысындағы деректер тікелей ортақ дерекқорға жіберіледі", – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Айтпақшы, 2018 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта жалпыұлттық халық санағын өткізуге бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржының басым бөлігі қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалды. Атап көрсетерлігі 1,1 млрд теңгеге 27 412 планшет сатып алынды. Планшеттер алдағы уақытта мемлекеттік органдарға беріледі.
Үшінші жалпыұлттық халық санағы барысында 32 500 санақшы сауалнамаға қатысушыларға 84 сұрақ қойды. Сұрақтардың арасында "Сіз қанша тірі бала тудыңыз?" деген сияқты құлаққа түрпідей тиетін сауалдар болды. Осыған қатысты пікір білдіргенде Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов бала туу туралы сұраққа жауап алу нәресте және бала өлімі туралы жан-жақты толық мәлімет жинақтау үшін қажет болғанын айтты.
Қанат Махамбет