Жамбыл ескерткішіне қатысты дау үкіметке жетті

3374

Ақынның тас мүсіні облыстық әкімдіктің алдына орнатылатын болды.  

Жамбыл ескерткішіне қатысты дау үкіметке жетті

Құжат "Жамбыл Жабаевтың ескерткіші" республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру туралы" деп аталады.

"Тараз қаласы, Жамбыл алаңы мекенжайы бойынша орналасқан "Жамбыл Жабаевтың ескерткіші" республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші Тараз қаласы, Абай көшесі мекенжайы бойынша Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңға ауыстырылсын. Мәдениет және спорт министрлігі Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын", – делінген Үкімет қаулысы жобасында.

Осыған орай түсініктеме берген мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл қадамға тарих және мәдениет ескерткішін сақтауға қолайлы жағдай жасау үшін барып отырғандарын айтты. Оның түсіндіруінше, "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заңға сәйкес, тарихи және мәдени ескерткіштің орнын ауыстыру оның сақталу жағдайын жақсартатын болған жағдайда арнайы комиссиямен келісе отырып, тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде ғана жол беріледі. Аталған бапқа сәйкес, министрлік ескерткіштің орнын ауыстыру мәселесі бойынша үкіметке ұсыныспен шыққан.

"Мына жағдайда Тараз қаласында орнатылған республикалық маңызы бар "Жамбыл Жабаев ескерткіші" тарих және мәдениет ескерткішінің жай-күйінің нашарлауына байланысты орнын ауыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Себебі оның орналасқан жері айналма жолдың аумағында болғандықтан автомобиль қозғалысының қарқындылығы ескерткіштің физикалық жай-күйіне теріс әсер етеді. Ескерткішті кезінде, 1961 жылы белгілі қазақ мүсінші Хакімжан Наурызбаев сомдаған, бүгінде оның шығармашылық шығармалары көркемдік, мәдени құндылығы бар", – дейді министр.

Жыл басында бұл ескерткіштің әкетілуіне жергілікті қоғам белсенділері қарсы шықты. Олар тіпті сотқа шағым түсіру арқылы атақты мүсіншінің қолынан шыққан түпнұсқасының орын ауыстыруына тыйым салуға тырысыпты.

Жарты ғасырдан астам уақыт Жамбыл өңірінің ең көрнекті орындарының бірі болып, мызғымай тұрған ескерткіш былтыр түн ортасында тосыннан жоғалып кеткен. Оның орнына әкімдік алдына жаңа ескерткіш қойылған. Бұл ақпарат әлеуметтік желілер арқылы лезде тарады. Ескерткіштің көшірме екенін бірден байқаған жергілікті жұртшылыққа бұл шара ұнамаған. Себебі бұрынғысы қазақтан шыққан алғашқы кәсіби мүсіншінің эскиздері бойынша шойыннан құйылған болатын. Қоғам белсенділері "пайда іздеген шенеуніктер әйгілі мүсінді "цветметке" тапсырып тастады ма?" деп қауіптеніп, оны іздей бастаған. Сонымен бір мезгілде олар әкімдікті сотқа беріп, мәдени құндылығы жоғары бұрынғы ескерткішті орнына қоюды талап еткен.

"Ұзақ ізденістен кейін ақыры түпнұсқа әлдебір қоймадан табылды. Жыр алыбы біздің қалада өмір сүріп, осында ұлы шығармаларын тудырған. Ол кезде тек облыс қана емес, Тараз қаласы да Жамбыл аталатын. Сонда қазір көрсеткен құрметіміз осы ма?!" – деп ашынады Жамбыл халықаралық қорының өкілі Владимир Көпбосынов.

Қоғам өкілдері түпнұсқадағы "болгарка" іздерін байқап, "шенеуніктер оны не бөлшектеуге тырысқан, не нашар жағдайда деп көрсеткісі келген" деген байламға келді.

Бұған жауап ретінде жергілікті билік ескерткішке ешқандай зиян келтірілмегенін, қайта ол нашар жағдайда болғанын, сондықтан оны қоймаға көшіріп, ол жақтан Алматыдағы мамандарға аттандыруды жоспарланғандарын хабарлады. 

"Қазақстанның Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұманиязов бастаған топ АКТ толтырды. Құжатқа сәйкес, ескерткіштің 80%-дан астамы коррозияға ұшыраған. Қазір ескерткішті ауыстыру міндеті тұрған жоқ. Оны реставрациядан өткіземіз. Қалпына келтірілгеннен кейін ескерткішті орнына қоямыз. Бірақ бұрынғы орнына емес, облыстық әкімдіктің алдына орнатылады. Бір жыл бұрын дәл сол жерде тұрған", – деп түсіндіреді Тараз әкімі Қайрат Досаев.

Ал Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Біржан Сартбек Facebook-тағы парақшасы арқылы жергілікті шенеуніктерді жемқорлыққа қатысы бар деп айыптау шындыққа жанаспайтынын дәлелдеуге тырысты.

Оның мәліметінше, ескерткіш әлдебір қоймада емес, Тараз қаласы әкімдігінің "Жасыл-Тараз" мекемесі ғимаратында сақталған.

"Мәдениет және спорт министрлігі Жамбыл Жабаевтың ескі ескерткішін көшіру туралы ұсынысты қараусыз қалдырды, себебі ескерткіш орнын ауыстыру және реконструкциялау үшін жарамсыз деп танылды. 60 жыл ішінде оған 5 рет күрделі жөндеу және 12 рет ағымдағы жөндеу жүргізілді. Кезінде Әулие ата жері Жамбыл Жабаев атымен аталғандықтан, халықтың пікірін ескере отырып, облыс әкімдігі төрағалығымен өткен қала салу кеңесі ескерткішті облыс әкімдігі алдына орнату туралы ұйғарым қабылдады", – дейді Біржан Сартбек.

Ол әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың Жамбыл облысы әкімдігін ақша ұрлау үшін жыр сүлейінің ескерткішін "арзан көшірмесімен әдейі ауыстырды" деп негізсіз айыптап отырғанын айтты. Ал ескерткіштің көшірмесіне облыстық бюджеттен қаржы жұмсалмаған. Көшірме жеке демеушілердің есебінен сомдалған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу