Жаңа форматтағы ЭЦҚ елге жаңа қиындық әкелді

2444

Электронды цифрлық қолтаңбаға қатысты бірнеше проблема анықталды. 

Жаңа форматтағы ЭЦҚ елге жаңа қиындық әкелді

Қаскүнемдер қарау ниетін, алаяқ әрекеттерін жүзеге асыру үшін азаматтардың ЭЦҚ-сын пайдалана алатынын ІТ-мамандар көптен айтып жүр. Бірақ бұл салада өзге де проблемалар бой көтеріп жатыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Алматы тұрғыны Олжас Нұрланұлының смартфонына "Электрондық Үкіметтің" 1414 нөмірінен тосын хабарлама түседі. Онда Олжастың "Капитал Бэст" компаниясының басшысы болып табылатыны, сондықтан оның атына ЖШС-ның бірінші басшысына арналған ЭЦҚ кілті қайта шығарылғаны жазылыпты. Мұндағы кілтипан сол, О.Нұрланұлы кәсіпкер емес және ешқандай компания құрмаған.

"Оператормен сөйлестім, ол: "бәлкім, нөмірі шатасып кеткен шығар" деді. Алайда бір ай өткенде, ұқсас sms-хабарлама қайта келді. Әуезов аудандық Мемлекеттік кірістер департаментіне барып, мән-жайын анықтадым. Олардың түсіндіруінше, мен Алмалы ауданындағы мемкірістер департаментінде тіркелген әлгі компанияның басшысы әрі құрылтайшысы екенмін. Аталған ЖШС-ға еш қатысым жоқтығын көрсетіп, сол жерде өтініш жазып, қалдырдым. Ешқандай құжатқа қол қойған емеспін, кәсіпкерлік саласында қаржылық-шаруашылық қызмет жүргізбеймін. Салықшылар бұл істі Алмалы аудандық МКД-ға тапсыратындарын жеткізді", – дейді ол.

Оқиға жалғасын тапқан. Енді шағымданушыны Алмалы аудандық мемкірістер департаментінің инспекторы өзіне шақырып алады.

"Барсам, департамент қызметкері "менің" "Капитал БЭСТ" атты компаниям мемлекетке қосылған құн салығын төлемей отырғанын мәлімдеді. Сондықтан ірі сома жинақталып қалыпты. Мені соған байланысты шақырыпты. Мен Әуезов атындағы МКД-ға түсініктеме жазып кеткенімді ескерттім. Олар бұл жайында ештеңе білмейтіндерін, өздеріне ондай құжат түспегенін айтты. Шығыс нөмірі бар түсініктемемді суретке түсіріп алғаным жақсы болған, соны көрсеттім. Содан Алмалы МБД "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясына сұрау салып, менің атыма тіркелген заңды тұлға құжаттарының көшірмесін алғызды. Арасында әлдебір сатып алу-сату келісімшарттары, қолхаттар және басқасы толып жүр. Алматылық Амина деген нотариус 2020 жылғы 3 қарашада менің қатысуымсыз, әлдебір Александр дегеннің сұрауымен "Капитал Бэсттің" жарғылық капиталынан үлесті сатып алу-сату келісімшартын бекітіпті", – дейді арызданушы.

Олжас сол нотариусты тауып алып, екінші тараптың қатысуынсыз қалай келісімшартты рәсімдеген сұраған. Нотариус жауапты екенін мойындаған. Бұған қоса, жәбірленушінің қолы да жасанды болып шықты. Барлық құжатта басқа біреудің қолы тұр. Осы алаяқтыққа дем бергендей, шенеуніктер жалған істі "заңдастырып", ЭЦҚ жасап шығарған. Енді зардап шеккен азаматқа өз басын өзі арашалауға тура келуде.

ЭЦҚ ісінде мүгедектер құқығы шектелуде

Заңгер Ернұр Қожамжаров маңызды бір мәселені көтерді. Мысалы, тіпті Ресей не басқа ел азаматтығын алған, бірақ Қазақстанда қалған шетелдіктерге де ЭЦҚ беріледі. Ал Қазақстан азаматы саналатын, алайда сот арқылы әрекет етуге қабілетсіз (недееспособный) деп танылған адамға цифрлық қолтаңба иеленуге тыйым салынады.

"І топ мүгедегі және сотпен "әрекет етуге қабілетсіз" деп танылған балаға анасы қамқоршы болып бекітілді. Елімізде сот арқылы осындай "мәртебеге" ие болған қазақстандықтар саны өте көп, мыңдаған адам. Міне, осы азаматтарға ЭЦҚ шығаруға тыйым салынған екен! Бұл байғұстарды онсыз да тағдыры қатты жазалады. Енді неге еш кінәсі болмаса да, мемлекет жазалайды? Өйткені осының салдарынан олар мемлекеттік қызмет алу мақсатында заманауи технологияларды пайдалана алмайды. Әйтпесе, әрекет етуге қабілетсіз адам айталық, жылжымайтын мүлкінің жоқтығы туралы анықтама алуы үшін ХҚКО-ға өтініш беруге және 7 жұмыс күн бойы күтуге мәжбүр. Бұл ретте ХҚКО орталығының қызметкері оның үйіне келіп, анықтаманы жасап беруі керек. Осының бәрін онлайн 2 минутта жасап тастауға болады. Бірақ оған рұқсат етілмеген, ЭЦҚ-сы жоқ", – дейді ол.

Сарапшының байламынша, билік осылайша, бұл санаттағы адамдардың құқығын шектеп, кемсітіп отыр.  

Бәлкім, билік "қабілетсіз" адамдар "е-Үкімет" ұсынатын мүмкіндіктерді пайдаланып, әлденені бүлдіріп қоя ма деп қауіптенетін шығар.

"Мұның шешімін тауып, eGov.kz-та қарастыруға болады: ондай адамның қамқоршысы туралы дерек қоса берілсе, сондай-ақ қамқоршы өз ЭЦҚ-сымен кіріп, сол өтінішті растаса болды ғой. Мұнда тұрған қиындық жоқ: онсыз да ата-аналар өз баласы үшін анықтамаға тапсырыс бере алады. ХХІ ғасырдың 21 жылы ортасына таяды. Қарапайым идеяларды жүзеге асыра алмай жүр", – дейді Е.Қожамжаров.

Жаңа форматтағы ЭЦҚ мүмкіндікті шектейді

Олжабай Жүсіпов те цифрлық қолтаңбаға қатысты мәселеге жолығыпты.

"Жақында ЭЦҚ-ымның әрекет ету мерзімі аяқталды. Ұлттық куәландырушы орталық арқылы уақытын ұзарта қояйын дегенмін, ол мүмкін емес екен. Жаңадан шығартуға тура келді. Алайда онлайн жүгінген кезде ескі форматтағы ЭЦҚ шығарылмайтын болып шықты. ЭЦҚ жаңа форматта, "бұлтты қоймада" сақталатын күйде жасалатын көрінеді. Бұл ретте ол ЭЦҚ-ны eGov платформасында әрбір пайдаланған сайын бет-жүзіңді растап, идентификациялануң керек", – деді ол.

Қиындығы сол, мұндай жаңа форматтағы ЭЦҚ кілт барлық кезде жарай бермейді. Себебі, камера ноутбуктерде бар. Ал біраз адам жұмыста не үйде компьютерден өтініш жолдайды, қызмет пайдаланады. Ал компьютердің бәрінде бірдей қосымша орнатылған камера жоқ.

"1414-ке хабарластым, олар қарапайым форматтағы ЭЦҚ-ны тек ХҚКО-ға бару арқылы ғана алуға болатынын хабарлады. Жауапты органдардан ескі форматтағы ЭЦҚ-ны онлайн алу мүмкіндігін қайтаруды сұраймын. Әйтпесе, тағы ХҚКО-ларда қаптаған кезек қалыптасуда. Мен барғанда, "кезекті электронды брондау" істемей қалды, жұрт сыртқа дейін шығып кетіпті. Ешкім көмектесе алмай, салым суға кетіп, қайттым", – дейді О.Жүсіпов.

Расында, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезек пен қалың нөпірдің жиналуы – тағы бір проблема. ЭЦҚ түйткілдері оны ушықтыра түсуде. Қазақстан кейде цифрландыру ісінде ілгері баспай, кері кетіп бара жатқандай көрінеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу