Жаңа ковид-төлем: Үкімет ақ халаттыларды алдап соққан ба?

3314

Коронавирус пандемиясымен күрес үшін медицина қызметкерлеріне төленіп келген үстемеақының орнына 1 қазанда жаңа төлемақы енгізілуге тиіс еді, бірақ енді министрлік басқаша сөйлеп отыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Жаңа ковид-төлем: Үкімет ақ халаттыларды алдап соққан ба?

"Түберкүлез ауруханасында тұрдым"

Жалғыз ковид-стационарлардағы ғана емес, мемлекеттік өзге де ауруханалардағы дәрігерлердің жағдайы күрделі екені жасырын емес. Мысалы, фтизиатр-дәрігер Дарья Лагодич баспана жоқтықтан жұмыста түнеуге тура келгенін айтады. Жасыратыны жоқ, мұндай жағдай жетімбұрыш жағалаған өзге медициналық қызметкерлерге тән.

Д. Лагодич 2016 жылы университетті бітірген соң, жолдама бойынша Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласының ауданаралық түберкүлезге қарсы ауруханасына жұмысқа тұрады.

"Жас маман ретінде мемлекеттен еш қаржылық көмек алған жоқпын, баспанамен қамту да қарастырылмапты. Содан жалдамалы пәтерлерді жағалап жүрдім. Тіпті түберкүлез ауруханасының ішінде тұрдым. Себебі жұмысқа жаңа тұрған маманның жалақысы аз, ол пәтер жалдауға жете бермейді. Бірақ грантпен оқыған түлекке ауданда белгілі бір мерзім жұмыс істеп, өтеу міндетті. Жұмыстың екінші жылында Мұғалжар ауданының әкімдігіне жүгініп, ең болмаса уақытша баспана беруді сұрадым. Менің басшылығым да әкімдікке бірнеше рет хат жолдады. Бұл сергелдең тағы бір жылға созылды, тіпті жергілікті әкімқаралар арасынан келеке еткендер болды. Ақыры тікелей Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге жүгінгеннен кейін ғана сол кісінің арқасында маған үй ұсынылды", – дейді ол.

Дегенмен оның тауқыметі мұнымен бітпепті. 2020 жылдың наурызында, пандемия қарсаңында Қандыағаш қаласының түберкүлез ауруханасы жабылып қалған. Сөйтіп дәрігерлерге жаңа жұмыс іздеуге тура келеді. Біраз тәжірибе жинаған маман ретінде ол Ақтөбе облыстық фтизиопульмонология орталығынан қызмет тапқан. Алайда енді қайтадан баспанасыз жүрген көрінеді.

Елде қанша медқызметкер бар?

Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің мәліметінше, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 262 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның 76,5 мыңдайы – дәрігерлер, 141 мыңнан астамы – медбике, 18,3 мыңы – фельдшер. 

"2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша COVID-19 коронавирусымен күрес аясында індетке қарсы іс-шараларға 54 мыңдай медициналық қызметкер тартылған. Бұл ретте инфекциялық, модульдік стационарларда 26 825 медқызметкер жұмыс істейді. Оның 5 954-і – дәрігер (2 214 инфекционист, 1 137 реаниматолог, 2 603 өзге мамандар). Орта медқызметкерлер саны – 11 767 адам: стационарларда 7 036-сы, жан сақтау бөлімдерінде – 2 410-ы, қалған бөлімдерде – 2 321-і еңбек етеді. Кіші персонал саны – 7 976, басқалары – 1 128", – деп мәлім етті ДСМ департаменті.

Бұған қоса, шұғыл, жедел медициналық көмек саласында 12 718 маман пандемиямен арпалысып, сырқаттарды ауруханаларға тасуын жалғастыруда.

Алда коронавируске қатысты жағдай қайта ушығатын болса деп, қамдану үшін тағы 6 255 медициналық қызметкер кірген қосымша резерв қалыптастырылды. Оның 1 349-ы – дәрігер, 2 362-сі – орта медқызметкер, 2 522-сі – кіші медперсонал, қалған 22-сі басқа мамандар.

ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегінше, 2020 жылдың наурызынан 2021 жылғы тамызды қоса алғандағы аралықта жалпы саны 26 046 медқызметкер коронавирус жұқтырды деп танылған. 240 медицина қызметкері COVID-19 індетінен қаза тапты.

Министрлік дәрігерлердің жалақысы аз екенін жоққа шығармайды. Ақ халаттылар қазір мұғалімдерге қызыға қарайды (тіпті өңірлердің өзінде бүгінде миллион теңге шамасында "отпускной" алатын мұғалімдер бар, жалақысы біразында жарты миллион теңгеден асқан). Ал дәрігерлердің орташа жалақысы 2019 жылы 189 мың теңге болса, 2021 жылы 320 мың теңгені құраған, бұдан әртүрлі салық, жарналарды ұстағанда, 250 мыңдай ғана қолына алады. Мейірбике, санитарлар одан да аз алады.

Өткен жылдан коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медқызметкерлерге қомақты үстемеақы төленіп келді. Бұл жақсы ынталандыру тетігі болатын: көптеген дәрігер кредиттерін жапқан, кейбірі үй, көлік сатып ала алған.

Алайда биылғы жаздан кейін үстемеақы төлеу тоқтатылды.

"Төлем жоқ, сіздер шыдаңыздар!"

28 мамырдағы отырысында Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) биылғы 1 қазаннан бастап, үстемеақы төлеуді жойды, оның орнына денсаулық сақтау қызметкерлерінің жекелеген категорияларының жалақысы арттырылатынын, жаңа төлем төленетіні жариялады.  

Тіпті, оның алдын ала жобасы ақ халаттылар қауымдастығына таныстырылған екен. Жаңа төлемақы көлемі қомақты емес, бірақ медқызметкерлердің осы санаттары соның өзіне қуаныпты. Алайда жаңа тетіктің қашан өмірге жолдама алатыны белгісіз.

"Биылғы шілдеде ерекше психоэмоционалды және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге 1 қазаннан бастап, үстемеақы және қосымша төлем енгізілетіні хабарланған болатын. Медқызметкерлердің келесі санаттары: реаниматолог-анестезиологтар, инфекционистер, жан сақтау және анестезиология бөлімдерінің анестезистері, эпидемиологтар, МСАК психологтары мен әлеуметтік қызметкерлері, Ядролық медицина орталығының қызметкерлері, паталогоанатом-дәрігерлер төлемақы ала алатыны айтылды. Денсаулық сақтау министрлігі пандемиямен күресуші дәрігерлер мен орта медперсоналды қолдаудың жаңа нұсқасын Қаржы министрлігіне қыркүйек айының соңында енгізген", – дейді Медицина қауымдастығының өкілі, ядролық медицина маманы Бейбіт Әшірбек.

Бұл жерде төлемақыны кәсіби тәуекел топтарына қарай белгілеу қарастырылыпты: тәуекелі жоғарғыларға – базалық лауазымдық айлықақының (БДО) 7 еселенген көлемінде не 123 879 теңге, орташа тәуекелге – 5 еселенген мөлшерде не 88 485 теңге, төменгі тәуекел топтарына – 3 еселенген мөлшерде не 53 091 теңге төленетіні айтылған.  

Ақ халаттылар оны күте-күте шаршады, қашан берілетіні туралы нақты хабар жоқ. Оның үстіне ол бұдан да аз болып шығуы ғажап емес.

Мазасы қашқан медқызметкерлерге Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді.

"ВАК-тың биылғы 28 мамырдағы тапсырмасын орындау мақсатында ДСМ 2021 жылғы 26 тамызда "COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы" былтырғы 4 сәуірдегі бұйрыққа түзетулер енгізетін жаңа бұйрықты қабылдады. Бірақ онда тек өткен жылдан бері төленген үстемеақы мөлшерін тамыз бен қыркүйекте 50%-ға азайту ғана көзделген. Бұл үстемеақы қазан айынан бастап жойылды", – деді А.Цой.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі өзге мүдделі министрліктермен бірлесіп, жаңа тетіктерді енгізуге ниеттенуде екен.

"Біз орталық меморгандармен бірге КВИ-мен күрес бойынша жұмысқа қосымша төлем белгілеу туралы ұсыныстардың бірнеше нұсқасын қарастырудамыз. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар Қаржы министрлігінің қарауында жатыр. Сондықтан жаңа төлем туралы түсініктеме, комментарий беруге әлі ерте", – деді министр.

Ведомство болашақта осыған қатысты қандай да бір нақты шешім қабылданса, оны ресми сайтында немесе ақпарат құралдарында жария ететінін хабарлады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу