Жаңа мемлекеттік сыйлық пайда болуы мүмкін

3005

Қазақстанның ең қымбат сыйлығын өзгерістер күтіп тұр. 

Жаңа мемлекеттік сыйлық пайда болуы мүмкін

2015 жылдан бері елімізде Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары тапсырылып келеді. Әрбір жеңімпаз авторлар ұжымы 18,6 млн теңге сыйақыны теңдей бөліседі.

Бұдан былай бір емес, екі атаулы мемлекеттік сыйлық тапсырылады деп күтілуде. Осы мақсатта Президенттің тиісті жарлығының жобасы жария етілді.

Үкімет басшысы Асқар Мамин құжатқа түсіндірме жазбада оны әзірлеуге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың 2019 жылғы 25 қарашадағы тапсырмасы негіз болғанын айтады.

Бұл ретте Қ.Тоқаевтың биылғы қыркүйектегі тұңғыш жолдауына іске асыру аясында Қазақстан алдағы 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтетіні мәлім.  

Осыған орай Қырымбек Көшербаев еліміздегі әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын "Қазақстанның Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы" деп қайта атау туралы тапсырма беріпті.

Бірақ бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін кезінде 2015 жылы Елбасы қабылдап кеткен "әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары туралы" жарлығына тиісті өзгерістер мен толықтыру енгізу қажет.

Нәтижесінде ел Президенті келесі 2020 жылғы Тәуелсіздік күнінде "әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты" және "Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты" қатар береді.

Содан кейін 2 жылда 1 рет әл-Фараби атындағы 7 мемсыйлық және Абай атындағы 3 мемлекеттік сыйлық тапсырылып отырады.

Қос мемлекеттік сыйлық та қайтыс болған тұлғаларға берілмейді. Егер автор тірі кезінде ұсынылып үлгерсе ғана, оған тағайындауға тыйым салынбайды. 

Бұдан бөлек, жаңа меммарапатқа лайықтыларды іріктеуге кімдердің қатысатыны анықталды.

Нақтылай кетсек, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның құрамына төрағасы ретінде мемлекеттік хатшы, сондай-ақ Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, вице-премьер, мәдениет және спорт министрі кірмек.

Бұдан өзге, депутат Сауытбек Абдрахманов, әдебиеттанушы Дихан Қамзабекұлы, әдебиеттанушы Серік Негимов, ақын Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, жазушылар Әлібек Асқар, Амантай Ахетов, Төлен Әбдік, Сәрсенбай Қали, Алдан Смайыл және басқалар кірмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу