Сарапшылар былтыр Шығыс Қазақстан облысынан жаңадан құрылған Абай облысына Кеңес дәуірінен бері ең бір депрессивті саналған өлкелер бөліп берілгеніне, онда тұрғындар мен элита арасында аса жоғары протестік әлеует қордаланғанына назар аудартқан болатын. Оған Семей полигоны аймағының, Курчатов қаласының және басқа елді мекендерінің жылдар бойы шешілмей, жинақтала берген экономикалық және әлеуметтік проблемалары қосылды.
Жаңа облыстың орталығына айналған Семейдің өзі көнеруі жеткен, кенеуі кепкен, тірлігінің кетеуі кеткен қала екені құпия емес. Қалалық белсенділер мен жергілікті мәслихат депутаттарының өзі бұрыннан қаржыға жарытпаған облыстық билікке – Өскеменде отырған Даниял Ахметовтың командасына наразылығын ұдайы ашық білдіретін.
Өңірді ғаламат әлеуметтік наразылық кернеп тұрғанын түсінген билік 2022 жылғы маусымда оны ШҚО-дан бөлек шығарып, жеке облысының шаңырағын құрып берді.
Бірақ жеке облыс құру – бір іс те, оны дамыту – мүлдем бөлек дүние.
Осы мақсатта таяуда Үкімет Абай облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын бекітті. 100-ден астам сан-салалы іс-шарадан тұратын ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға рекордтық 1,9 трлн теңге бағытталмақ. Қаражаттың басым бөлігін – жеке компанияларға инвестиция түрінде бөлгізеді.
Егер жоспар қағаз жүзінде қалмай, табысты жүзеге асса, Абай өңірі құлпырып шыға келуі мүмкін. Атап айтқанда, Семей қаласының сол жағалауында 2025 жылға қарай 400 орынға арналған сәулетті Оқушылар сарайын және Мұз айдыны сарайын тұрғызу қарастырылып жатыр. Әкімдіктің мәліметінше, алдын ала жер учаскесі анықталыпты. Қазір мердігерімен келіссөздер жүргізілуде.
Туризм саласын дамыту мақсатында Семей қаласында 2 жаңа сауда ойын-сауық орталығын, ірі қонақүй кешенін, сондай-ақ Алакөл көлінің жағалауында демалыс базасын салу жоспарланған.
Жылу көздері, электр және сумен жабдықтау желілері жаңғыртылады. Үйлерге кәріз (канализация) жүйелері тартылады. Жаңа облыстағы күре жолдар мен көпірлер реконструкцияланбақ. Әкімдіктің дерегінше, Бейбітшілік аралындағы туризмді дамыту үшін ол жаққа тағы бір алып көпір салу жоспарда бар екен. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешілуде.
“Аягөз–Бақты–Қытай шекарасы” теміржол учаскесі, тау-кен байыту комбинаты, "Айдарлы" мыс кен орнын игеру, ет комбинаты, "құрғақ" порт және логистикалық парк сияқты ірі жобалар іске асырылады.
Кешенді жоспар өңірдегі өнеркәсіп көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімін 1,5 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың 3,5 есеге өсуін қамтамасыз етеді. Жоспар аясында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылуға тиіс.
Бірақ кешенді жоспардың іске асуына өңірді жайлаған бір кесір құбылыс көп кедергі келтіруі ықтимал. Бұрынғы басшылардың көз жұма қарауының, басқа да қарау тірліктерінің салдары ма, оны құзырлы орындар анықтай жатар, дегенмен облыста жерді өз бетінше басып алып, құрылыс жүргізу белең алған. Енді кешенді жоспардағы жаңа құрылыстар үшін сол жер телімдерін мемлекетке алып қоюға не сатып алуға тура келмек.
Абай облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков жоспарда қамтылған маңызды нысандардың тізіміне сәйкес, оларға арналған жер телімдері толыққанды анықталған соң, жобалық-сметалық құжаттар дайындалатынын жеткізді.
"Қаладағы заңсыз құрылыстарға келетін болсақ, Абай облысының Бақылау басқармасы мен Сәулет және құрылыс басқармасы Семей қаласы әкімдігімен бірлесіп, салынып жатқан құрылыс нысандарының құжаттарын заңдастыру бойынша елеулі жұмыстар атқарды. Бұдан бөлек, қаладағы жабайы сауда-саттық орындары бойынша Семей қаласы әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынуда", – деді Айдын Бегімбеков.
Тағы бір проблема – кеңес кезінен қолданылатын жергілікті энергетикалық кешеннің әбден тозуы. Бұл облыс орталығының дамуына тежеу болып тұр. Семейдің оң жағалаудағы орталығын жылумен қамтудағы қиындықтарға байланысты ол жақта жаңа құрылыс нысандарын салуға шектеу қойылған. Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс жүргізуге рұқсат қағаздарын алып, құрылысын бастаған нысандарды ғана жылумен қамту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл мәселе бойынша Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жұмыстар жүргізілуде. Семейде заманауи ЖЭО салу көзделген.
Бұған қоса, облыс әкімдігі "Семей қаласының тұрғын үй қорын реновациялаудың 2023–2025 жылдарға арналған бағдарламасының" жобасын әзірлеп шықты.
Жалпы, жаңа облыс орталығы қатты жаңартуды талап етеді. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қаланың қолданыстағы тұрғын үй қоры 1 427 көппәтерлі тұрғын үйден тұрады. Соның 1 085-і немесе 76%-ы – Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін салынған.
Жалпы саны: 1427. Соның ішінде 959-ы – кірпіш, 239-ы – панелді, 202-сі – ірі панелді (хрущевкалар), 15-і шлакбетонды, 12-сі ғана – каркасты болып келеді.
Абай облысы әкімдігінің түсіндіруінше, реновациялау бағдарламасы – қаладағы апатты тұрғын үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй қорын дамыту мақсатында тұрғындардың өмір сүру ортасын жаңартуға және қолайлы өмір сүру жағдайларын, қоғамдық кеңістікті жасауға, тұрғын аудандар және оларды абаттандыруға бағытталған. Құжат апатты, тозған тұрғын үйлерді күресінге жіберу және олардан азаматтарды жаппай көшіру арқылы қаланың "ескі" алап-кварталдарын босатуды, оны кешенді реконструкциялауды қарастырады.
Жөндеуге жататын объектілердің тізбесі, мерзімдері мен кезектілігі көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс конструкцияларының тозуы, олардың пайдалану талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ үй-жайлардың меншік иелерінің пікірлері ескеріле отырып айқындалады. Ақыр соңында сараптама ұйымының қорытындысына сүйеніп, оны әкімдік бекітеді. Бағдаламаны жүзеге асыру үшін жеке оператор тағайындалмақ.
"2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қаладағы жалпы ауданы 4 231,7 шаршы метрді құрайтын, 78 пәтерден тұратын, 273 тұрғыны бар 10 тұрғын үй апатты деп танылды. Бұл үйлердің көпшілігі жекешелендіру кезеңінде тұрғындарға күрделі жөндеусіз жекеменшікке берілген. Соңынан оларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді, бұл үй иелерінде қажетті қаражаттың болмауына байланысты. Бұл үйлердің ары қарай тозуына әкелді", – деп түсіндірді облыс әкімдігі.
Яғни, сүрілетін баспананың тізімі әзірге түбегейлі анықталған жоқ. Әйтсе де, дәл осы апатты үйлерден бастаса, әділетті болар еді. Әкімдік барлық ақпаратты БАҚ пен сайттарда жариялауға міндеттеме алып отыр.
Тізімді, қажетті ақпаратты алғаннан кейін бағдарлама әкімшісі реновациялауға жататын әрбір тұрғын үйге құжат дайындайды.
Баспаналары күресінге кеткен ескі үйлердің тұрғындарына әкімдік "жалпы алаңы мен бөлмелерінің санынан кем болмайтын, бір бөлмелі пәтерден кем емес" сайма-сай жаңа баспана ұсынуға тиіс. Оны қаламаса, отбасы ақшалай өтемақы алуға құқылы. Бұл ретте өтемақы мөлшері қолданыстағы заңнамаға сәйкес анықталатыны көрсетілген.