Жаңа шенеуніктерді жұмысқа алуға мораторий жарияланбақ

3174

Науқаннан аман қалатын мекемелердің де нақты тізімі белгілі болды.

Жаңа шенеуніктерді жұмысқа алуға мораторий жарияланбақ

Үкімет "Қазақстанда мемлекеттік органдарының жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы" Президенттің жаңа Жарлығының жобасын жария етті.

"Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында қаулы етемін: біріншіден, жаңадан құрылатын немесе қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдарды, сондай-ақ осы жарлыққа қосымшада көрсетілген меморгандарды қоспағанда, "Б" корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға жалпы конкурс жариялауға 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін мораторий енгізілсін", – делінген құжатта.

Екіншіден, 2020 жылғы 1 сәуірде бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік қызметшілердің штат санын 5 пайызға қысқарту басталады деп жоспарлануда.

Үш жылға, яғни 2020–2022 жылдарға арналған бюджет былтыр бекітілгені мәлім. Бұл ретте мораторий және штат санын қысқарту нәтижесінде босатылған мемлекеттік бюджет қаражаты қазынаға кері алынбайды. Басшыларға ол миллиардтарды штатта қалған қызметкерлердің жалақысын көтеруге жұмсауға рұқсат етіледі.  

Жалпы, келесі жылдары бұл науқан жалғаспақ.

Мемлекет басшысы Жарлығы жобасына түсіндірме жазбада Премьер Асқар Мамин бұл қадам екі бірдей міндетті орындауға, нақтылай кетсек, "елімізде жинақы әрі ықшам мемлекеттік аппарат құруға" және "меморгандар тиімділігін арттыруға" бағытталғанын айтады.

Үкіметбасының мәліметінше, құжат қабылданған жағдайда, шенеуніктердің, сонымен қатар ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 2020 жылдан 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен 25%-ға азайтылады.

Қысқарту шаралары республикалық деңгейде де (министрліктер, агенттіктер мен ведомстволарда), жергілікті деңгейлерде де (облыстар мен аудан-қалаларда), сондай-ақ квазимемлекеттік секторда да жүреді. Мораторий мен қысқартудан тек мына мекемелер құтылады.

Штат саны қысқартылуға жатпайтын меморгандардың тізбесі:

1. Президент Әкімшілігі

2. Президенттің іс басқармасы

3. Тұңғыш Президент–Елбасының кеңсесі

4. Тұңғыш Президент архиві

5. Сенат аппараты

6. Мәжіліс аппараты

7. Премьер-министр кеңсесі

8. Қорғаныс министрлігі

9. Орталық сайлау комиссиясы

10. Конституциялық кеңес

11. Жоғары сот кеңесі

12. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық

13. Ауылдық округтер және ауылдар әкімдерінің аппараттары.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегінше, 2019 жылы Қазақстанда мемқызметшілердің штаттық саны 98 мың 726 бірлікті құрады. Тарата кетсек, оның 453-і – бірінші басшылар, яғни мемлекеттік саяси қызметшілер. Басым бөлігі – 98 мың 273-і төменгі лауазымдағылар.

Алдыңғы әкімшілік реформалар және қысқарту науқандарынан кейін мемаппарат қайтадан қампайып, ұлғайып шыға келетін.

Алайда кейінгі екі жылда шенеуніктердің штаттық саны көп өзгермеген екен. Мысалы, 2017 жылы бұл көрсеткіш 98 мың 705 бірлік болған. Тек министр, агенттік басшысы және басқа биік лауазымды тұлғалар лауазымдарының саны өсіпті: екі жыл бұрын саяси мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 433 бірлік қана болатын, қазір – 453. Алда көбеюі де ғажап емес. Себебі, алдағы қысқарту науқаны "саяси" мәртебесі барларға таралмайды.

Бұл жерде неге "бірлік" деген ұғым қолданылғанын түсіндіре кеткен жөн. 98 726 штаттық бірлік – мемқызметтегі шенеуніктерге арналған барлық жұмыс орнын білдіреді. Арасында біразы бос тұр. Мораторий қабылданған жағдайда, адам алуға тыйым салынбақ.

Агенттік мәліметінше, 2019 жылы мемқызметшілердің нақты саны 90 мың 932 адамды немесе штат санының 92,1%-ын құрады. Осылайша, 7 мың 794 жұмыс орнының бос тұрғаны белгілі болды. Мысалы, мемлекеттік саяси қызметшілердің 443-і немесе олардың штат санының 97,8%-ы ғана тағайындалған.

Бірақ Президент жарлығы жобасында тек "Б" корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына ғана мораторий енгізу қарастырылған. Бұл корпуста былтыр 97 мың 988 штаттық бірлік болды. Дегенмен, соның тек 90 мың 218-інде немесе 92,1%-ында мамандар жұмыс жасауда.

Нәтижесінде, "Б" корпусында шамамен 7,7 мыңдай "вакансия" болған. Дәл осыларға енді конкурс жарияланбайтынға ұқсайды.

"Тұтастай алғанда, мемқызметшілер арасындағы әйелдер үлесі – 50 мың 331 немесе 55,4%. Оның ішінде мемлекеттік саяси қызметшілер арасындағы әйелдер үлесі – 11,7%, "А" корпусында – 3,3%, "Б" корпусында – 55,7%. Барлық шенеуніктердің орташа жасы – 38,7 жас. Бұл ретте мемлекеттік саяси қызметшілердің орташа жасы – 47,8 жас, "А" корпусында – 47,3 жас, "Б" корпусында – 38,7 жас. Мемқызметшілер арасында 50-ден жоғары жастағылар саны 18 мың 715 адам немесе 20,6%. Мемқызметшілердің 91,7%-ында немесе 83 мың 421 адамда жоғары білімі бар", – деп мәлім етті Мемқызмет істері агенттігі.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметте "Болашақ" бағдарламасының небары 570 түлегі ғана жұмыс істейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу