Мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа заңсыз жегіле ме?

2844

Көпбалалы мемқызметші Президент әкімшілігіне шағымданған.  

Мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа заңсыз жегіле ме?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Әдеп жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыс барысында министрліктерде жұмыс істейтін қызметкерлерінің жұмыс уақыты біткеннен кейін, қосымша жұмыс жасауы, демалыс және мейрам күндері жұмысқа шығуы жайлы мәселелер тыңдалды.

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің бас сарапшысы Абылайхан Наурызбаев мемлекеттік қызметші, көпбалалы ана Жамалиеваның Президент әкімшілігіне түсірген арызына тоқталды. Абылайхан Наурызбаевтың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі комитетте қызметкер әлденеше рет заңсыз жұмысқа тартылып, мемлекеттік қызмет туралы заңнама бұзылған. Өйткені бос уақытта жұмыс істеу үшін қызметкердің жазбаша келісімі керек.

"Шұғыл, алдын ала болжанбаған жұмыстарды атқару үшін мемлекеттік қызметкерлер заңнамаға сәйкес, жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартылуы мүмкін. Алайда Еңбек кодексінің 77-бабына сай, үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі", – деп түсіндірді бас сарапшысы.

Заң бойынша мемлекеттік қызметші өз жұмысын атқаруына қатысты қызметтік материалдармен кедергісіз танысуға құқылы. Жамалиева құқының бұзылуы туралы аудиожазба берген.

Мемқызметті бақылау департаменті ол аудиожазбаны зерттеген кезде персоналды басқару қызметінің басшысы арызданушы Жамалиевадан жұмыстан кетуге арыз жазуын талап еткені белгілі болған. Ал Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынасы кезінде ұжымда іскерлік, тілектестік және өзара ынтымақтастық орнатуға міндетті екені айтылады.

Ұлттық экономика министрлігінің Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Асқар Жаппарқұлов ұжымда моральдық-психологиялық ахуал жақсы екенін айтады. Дегенмен комитетте қызметкерлерге үстеме жұмыс жүктеу фактісі бар екенін мойындады.

"Үстеме жұмыс істеу – үлкен мәселе. Қызметкерлерді 18:30-ға дейін жұмыстарын аяқтауға ынталандырамыз. Алайда шұғыл тапсырмаларға байланысты үстеме жұмыс істейтін кез болады. Шұғыл тапсырмалар түскен кезде қандай шара қолдану керектігін басшылықпен бірлесе талқылаймыз. Жамалиеваның мәселесіне келсек, жауапты тұлғамен, кадрлар қызметі басшысымен сөйлестім. Жамалиеваны жұмыстан шығуға ешкім мәжбүрлеген жоқ. Тек кадрлар бөлімінің басшысы оны жұмысқа қайта шығаруға ынталандырмақ болған. Жамалиеваның да өз кінәсі бар. Желтоқсан айында күнде дерлік жұмысқа кешіккен. Ал жұмысқа керек болған кезде еңбекке жарамсыздық демалысына шығады", – деді әдеп жөніндегі уәкіл.

Комиссия мүшелері осы бір жағдай мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін үстеме жұмыс істейтіні, әйел, ана құқығының сақталмауы, персоналды басқару қызметі басшысының келеңсіз әрекеттері тәрізді мемлекеттік қызмет саласындағы көптеген мәселенің бетін ашқанын айтты. Комиссия мүшелері "Министрлік деңгейіндегі жағдай осылай болса, аудандарда, ауылдарда мемлекеттік қызметкерлер қалай жұмыс істеуде?", – деп  таңғалды.

Отырыс соңында МҚІА төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев айтылған мәселелер хаттамаға жазылып, алты айдан кейін осы тақырыпқа қайта оралатынын ескертті.

"Осы мәселенің қорытындысы бойынша, комиссия құқық бұзушылық жасауға итермелеген себептер мен шарттарға талдау жасайды. Нәтижесінде, белгілі болған кемшіліктерді жою туралы ұсыным әзірленіп, мемлекеттік орган басшылығына жолданады", – деді МҚІА төрағасының орынбасары.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу