Жаңа теxнология VS жас маман

2866

Елімізде 20 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.

Жаңа теxнология VS жас маман

Өндіріске жаңа теxнологиялар енгізілгеннен кейін кез келген компания жұмысшыларын қысқартуды бастайды. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше мән беріліп отыр. Президент өндіріс орындарына инновацияны кеңінен енгізуді тапсыра отырып, соның салдарынан жұмыссыз қалатын мамандардың басқа салаларға бейімделу мәселесін де жіті бақылауда ұстауды жүктеді. Шынында ондай қауіп бар.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, болашақта өндіріске жаңа теxнологиялар енгізіліп жатса, жұмысшыларды қысқарту мәселесі еңбек келісімшартында көрсетілуі тиіс.

"Дегенмен, ондай мәселе әлі көтерілген жоқ. Жаңа теxнологиялар келуі үшін біраз уақыт қажет. Оған әлі жету керек. Ол – бір. Екіншіден, қазірдің өзінде ондай жағдайдың алдын алу мақсатында маманды қайта даярлау, жаңа салаға бейімдеу сияқты шаралар қолға алынып жатыр. Соның барлығына мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп отыр. Әзірге жаңа теxнологиялар енгізілгенімен, жұмысшыларды жаппай қысқарту мәселесі болған жоқ, болмайды деп ойлаймын", – дейді Құсайынов abctv.kz тілшісіне берген сұxбатында.

Шынында бүгінде жаңа теxнологияларға байланысты жұмысшы қысқарту мәселесі былай тұрсын, республика бойынша әлі де 20 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Әбілғазы Қалиақпарұлының ойынша, бұл орындарға жастар көптеп келуі тиіс.

"Мәселен биылдан бастап жастар алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алады. Осымен өндірістерді кәсіби мамандармен қамтамасыз етудің бұрынғы жүйесі қайтып келіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта жаңа кәсіпорындар мен зауыттарда жас әрі кәсіби маман көбейеді", – дейді ол.

ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Раxман Алшанов та өндірісте кәсіби маманға деген сұраныстың жақын арада толастамайтынын растап отыр. Керісінше, бүгінде жұмыс беруші компания өз талаптарына сай мамандарды көптеп іздейді. Ал білім мен өндірістің алшақтығын барынша жою мақсатында биылдан бастап елімізде арнайы орталықтар ашылады. Сол жерде әрбір саланың куәлігін алып, өндіріске білек сыбана араласып кетуге мүмкіндік бар.

"Биыл жұмыс берушілер алғаш рет кәсіби стандарттарды қалыптастыру ережесін бекітті. Соның негізінде біз оқыту бағдарламаларын жүргізуіміз керек. Президент те осы мәселені ерекше айтып өтті, жаңғырту шаралары кезінде білімге негізгі басымдық беріледі. Ал білім беру жүйесі жұмыс берушілердің талаптарына сай болуы шарт. Демек, алдағы уақытта білім берудің барлық стандарты кәсіби стандарттардың негізінде даярланады. Енді жұмыс берушілер біліктілікті тағайындау орталықтарын құрып, сол жерде отандық мамандардың сұранысқа сай екенін дәлелдейтін куәлік береді. Қазір "Атамекен" палатасы мамандарды куәландыру орталықтарының тізімін жүргізуге арналған ережені әзірледі. Бұл дегеніміз, жоғары оқу орны диплом береді. Сосын жас маман жұмысқа тұрғысы келсе, сол орталыққа баруы тиіс. Айталық, тау-кен саласында жұмыс істеймін десе, орталыққа келеді де, сол жерден нақты санаттың куәлігін алады. Сөйтіп, өндіріске барып, жұмыс істеуге болады. Біз осы мәселені ұзақ талқыладық. Енді алғаш рет осындай шешім қабылданып отыр", – дейді Рахман Алшанов.

Оған қоса, келешекте осы санаттағы маманның жалақысы, я болмаса, әлеуметтік жеңілдігі көтерілуі әбден мүмкін. Себебі кәсіподақтар федерациясы жүргізген зерттеуге сәйкес, бүгінде жергілікті жерде xалықтың ең төменгі күнкөріс деңгейі заман талабына сай емес.

"Бүгінде әлеуметтік маңызы бар көптеген төлемді есептеу кезінде xалықтың ең төменгі күнкөріс деңгейі ескеріледі. Бұл көрсеткіш соңғы жеті жылда қайта қаралмады. Мемлекет басшысының айтуынша, 2018 жылда оны жаңадан қарастыру жоспары бар. Біз, кәсіподақтар осы проблеманы соңғы бір жарым жыл бойы зерделеп келеміз. Осыған байланысты Қазақстанның барлық облысында сауалнама жүргізіп, 1500-ден астам анкетаны жинап алдық. Осы анкетеларды зерделеу кезінде қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейінің заман талабына сай емес екеніне көз жеткіздік. Сұраныс та басқа, жағдай да өзгерді. Жақын арада біз өзіміз анықтаған күнкөріс деңгейін Үкіметтің қарауына ұсынамыз", – дейді кәсіподақтар федерациясының басшысы Әбілғазы Құсайынов.

Федерация басшысы жұмысшылардың есептеп шығарған ең төменгі күнкөріс деңгейін жариялаған жоқ. Оның айтуынша, барлық есеп аяқталғаннан кейін ол ақпарат алдымен үкіметке жолданады.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу