Жаңа Үкіметті жарға жығатын ауыр фактор аталды

30774

Одан арылу үшін Қазақстан "Канадаға айналуы" қажет.

Жаңа Үкіметті жарға жығатын ауыр фактор аталды Фото: primeminister.kz

Қазақ елін өрге, өркениетті елдер арасына апаратын үздік бастамаларды орындау үшін не керек? Негізінен, оның барлығы қаржыға барып тіреледі. Ал бұл саланы былық-шылық жайлаған.

Қазақстанның кез келген Үкіметі "шаруаға қырсыз қожайын" болады. Себебі, жоспарлау, соның ішінде бюджеттік жоспарлау жағы қатты ақсап тұр.

Ұлттық экономика министрлігі келесі парадоксты жағдайға назар аудартты: Қазақстанның бюджеті сонау бірінші Президент заманынан, 2007 жылдан бері "нәтижеге бағдарланған бюджет" болып табылады. Бірақ нәтижеге бәрібір қол жеткізе алмайды. Неге?

Министрліктің түсіндіруінше, өйткені еліміздегі бюджеттік жоспарлау "әлеуметтік-экономикалық даму болжамына" негізделеді. Алайда мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі құжаттарды әзірлеу кезінде бюджеттің шынайы мүмкіндіктері мүлдем ескерілмейді. Бюджеттің мүмкіндіктерін Республикалық бюджеттік комиссия (РБК) ғана бағамдайды.

Көркем тілмен айтсақ, министрлік бір көлікке мініп алып, Астанадан Алматыға жету мақсатын белгілейді. Ал РБК оған тек Қарағандыға дейін жететінін жанармай береді. Өйткені бюджет тапшы. Қазақстан бюджетінің тапшылығы 2023 жылы рекордтық 3,2 триллион теңгеге жетті.

Яғни, көздеген нысаналы мақсат жайына қалады. Осылайша, Мамин Үкіметінде де, Смайылов Үкіметінде де мақсатты көрсеткіштер толыққанды қаржылай қамтылмады және жүзеге аспады.

Бір мысал келтірелік. 2023-2025 жылдарға арналған жаңа бюджетті қалыптастыру кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мемлекеттік жоспарлау жүйесі (МЖЖ) құжаттарының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу қажеттігін ескере отырып, өз шығыстарын 7,2 триллион теңгеге қаржыландыру керектігін мәлімдеді:

2023 жылға – 3 трлн теңге;

2024 жылға – 2,5 трлн теңге;

2025 жылға – 1,7 трлн теңге. Демек, министрлікке жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін осынша қаржы қажет деп есептейді. Әрине, бұл жерде ведомство "түйе сұра, бие береді" деген қағидатты ұстанып артық сұрауы, немесе жекелеген шенеуніктер қаржыны көбірек қарпып қалуға тырысуы ғажап емес. Бірақ бұл басқа әңгіме.

Қалай болғанда, Қаржы министрлігі мен РБК бюджеттің нақты мүмкіншіліктерін ескеріп, бұл шығыстарды 2,5 трлн теңге сомасында ғана қолдады. Оның ішінде:

2023 жылға – 0,9 трлн теңге;

2024 жылға – 0,8 трлн теңге;

2025 жылға – 0,8 трлн теңге. Осылайша, сұралған ақшаны 4,7 миллиард теңгеге немесе үш есеге жуық азайтып тастады.

Көркем тілмен түйсек, соғым сою қажет болғанда отағасы қой сатып алуға ғана жететін ақша бөлсе, оның баласы тай емес, қой алуға мәжбүр болады емес пе? Қазақстан Үкіметі де осылай жұмыс істейді.

"МЖЖ-ні тиімді іске асырудағы басты бір проблема не? Даму жоспарларын іске асырудың ақырында бөлінетін бюджет қаражаты ауқымымен шектелуі, қаржыға тәуелділігі. Ал қаражат әрдайым жеткіліксіз", – деп мәлім етті экономика министрлігінің сарапшылары.

Бұл қиындықтан шығу үшін министрлер қулыққа басады. Олар өз меморганының даму жоспарына ведомствоаралық немесе өзіне тән емес, бейініне жатпайтын индикаторларды қосады. Егер орындалмай қалса, жауапкершілікті басқаға сырғыта салу оңай. Тіпті аудиторлардың өздері осы жағдай "әрбір меморганның нақты бір индикаторларға қол жеткізбеудегі рөлін объективті анықтауға мүмкіндік бермейді және соның кесірінен жауапкершілік шекарасының шайылуына соқтырады" деп отыр.

Бұл былықтың артуына қаптаған қорлар да өз үлесін қосуда.

"Қазіргі уақытта мемлекет қаржысын есепке алу тек бюджет шеңберінде жүргізіледі. Бірақ сонымен бірге мемлекеттің елеулі активтері бюджеттен тыс пайдаланылады. Себебі, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Жәбірленушілерге өтемақы қоры, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры және басқа да толып жатқан қорлар бюджет қаржысын жұмсайды. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шығыстары да солар арқылы өтеді. Осыған байланысты мемлекеттің нақты қаржылық ресурстары бойынша толыққанды картинаны көру мүмкін болмайды", – деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігі.

Ведомство қазіргі кезде сансыз көп индикаторларды қамтитын қаптаған бағдарламалық құжаттар жүзеге асырылып жатқанын қаперге салды. Бұл қаржылық ресурстарды нақты мақсатқа шоғырландыру орнына, шашыратылуына және тиімсіз пайдаланылуына соқтырады. Оның үстіне нысаналы көрсеткіштің орындалуын мониторингтеу мен бақылауды әбден қиындатады.

Мәртебесі жөнінен жоғары тұрған құжаттардың стратегиялық мақсаттарының бір бөлігі төмен тұрған деңгейдегі құжаттарға кіріктірілмеген, көрініс таппаған болып шықты.

Жағдайды түзету үшін Қазақстанның жаңа Үкіметі Канаданың тәжірибесін енгізуді жоспарлап отыр. Біріншіден, Қазақстан сияқты Канаданың да халқының саны біршама аз (39 млн адам), ұланғайыр жері бар, табиғи ресурстар қоры орасан. Екіншіден, Канадада мемлекеттік басқарудың, оның ішінде жоспарлау мен бағалаудың неғұрлым тиімді жүйесі жолға қойылған.

Шығыстарды басқарудың жақсы жұмыс істейтін жүйесі болса ғана, тиімді және жауапты Үкімет болады. Бұл ретте дәл осы шығыстарды басқару жүйесі Канада Үкіметі қызметінің басты бір элементі саналады.

Канадалық мемлекеттік басқару жүйесі халықаралық бағалау бойынша әлемдегі ең тиімді жүйелердің бірі. Көпжылдық реформалардың нәтижесінде 2003 жылдан бастап, өзара байланысты және тығыз интеграцияланған басқару және жоспарлау жүйелері енгізілді. Ол – шығындарды басқару жүйесінен, ресурстар мен нәтижелерді басқарудан және тәуекелдерді басқару жүйесінен тұрады.

Жалпы, канадалық ресурстар мен нәтижелерді басқару құрылымы мынадай 3 құрамнан құралған: стратегиялық нәтижелер; нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған бағдарламалар; ресурстар мен бағдарламалардың орындалуы туралы ақпарат. Әрбір министрлік өзіне бөлінген қаражатқа нақты не жасалғаны, қандай нәтижелер әкелгені туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынады. Тіпті сарапшылар, тұрғындар арасында сауалнама жүргізеді, олардың пікір, ұсынысын біледі.

Егер Үкімет қандай да бір бағдарлама нәтиже әкелмегенін анықтаса, оған қаржы бөлу тоқтатылады. Соған жетекшілік еткен жауапты тұлғалардың жауапкершілігі анықталады. Сондықтан әрбір мемқызметші өзіне сеніп тапсырылған секторда нақты нәтижеге қол жеткізілуіне мұқият қарайды, жауапты болады. Бұл мысалы, жеке сектордың жұмысына қатты ұқсас: айталық, егер ірі супермаркеттер желісі қандай да бір шағынаудандағы дүкенінің аз кіріс әкелетінін немесе табысы қарқынды өспейтінін білсе, оны жауып тастайды.

Қазақстанда бәрі керісінше: Үкімет бес жылға арналған бағдарлама қабылдайды, тиімділігін көрсетпесе де ары қарай жүзеге асыра береді. Немесе оны әзірлеген министр артынша басқа жұмысқа ауысып кетеді. Жаңа келген министр бағдарламаның тиімділігін бағаламай, ізашарының былықтарына жауап бермеу үшін төл жаңа бағдарламасын ұсынады.

Мысалы, қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тәуелсіздік жылдарында жеті бағдарлама жүзеге асырылған. Тек жалғыз 2022 жылы осы мақсатқа 215 миллиард теңге шығындалды. Бірақ былтыр қалалардың 98,1%-ы және ауылдардың небары 93%-ы ғана орталықтандырылған су торабымен қамтылған. Бұл сан алда тіпті кемуі мүмкін, өйткені ондаған жыл бұрын жаңадан салынған су желілері бүгінде істен шыға бастады.

Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан бірден Канада тәжірибесіне көше алмайтынын, игеруге уақыт қажеттігін нұсқады.

"2025 жылғы 4 тоқсан деген мерзім белгіленіп отыр. Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-қимыл жоспарына сәйкес, жаңа Бюджеттік кодекс жобасын Мәжіліске енгізу мерзімі 2023 жылғы қыркүйекке, ал оны қабылдау мерзімі 2023 жылғы желтоқсанға белгіленген. Осыған байланысты, кодекс қолданысқа енгізілген және оның ережелері қолданылған кезден бастап, жеткілікті құқық қолдану практикасы қалыптасуы үшін кемінде екі жыл қажет деп санаймыз", – деп хабарлады ведомство.

Канадалық үлгіде бюрократиядан арылу Қазақстанда бюджеттік процестің мерзімі мен кезеңдерін 2 есе қысқартады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу