Жаңа жылда жаңа мәртебе

Клара Ларина Клара Ларина
11950

Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы деп танылды.

Жаңа жылда жаңа мәртебе

Тәуелсіздіктің 25 жылында қол жеткізген жетістіктер, мәдени астананың жаңа мәртебесі, сондай-ақ осы ежелгі әрі заманауи қаланың туристік болашағы жайлы abctv.kz-ке Түркістанның әкімі Әліпбек Өсербаев әңгімеледі.

Ширек ғасырдағы Түркістан

Әкімнің айтуынша, негізгі экономикалық нәтиже келесідей. Егер 1991 жылы қаланың бюджеті 2 млрд теңгеге жуықтаса, 2016 жылы 27 млрд теңгеден асып түсті. 1991 жылы Түркістанда 410 шаруа қожалығы жұмыс істейтін, ал бүгінгі күні оның саны 3600-ге жетті. Инвестиция көлемі 1991 жылы 56 млн теңгеден 10,649 млрд теңгеге дейін өсті. Өнеркәсіп өнімі де 253,2 млн теңгеден 8,445 млрд теңгеге дейін жоғарылады.

Сонымен қатар Әліпбек Өсербаев Түркістанда өнеркәсіп саласы қалай дамып жатқаны туралы әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, "Түркістан" индустриялық аймағына 40 га жер бөлінді. Оған инфрақұрылым өткізуге 847 млн теңге жұмсалды. Бүгінгі күні аймақтың аумағы 100 %-ға толтырылды. Бұл жерде 8,865 млрд теңгенің 14 жобасы іске асырылмақ, бұл жалпы 720 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 14 жобаның бесеуі жұмысты бастап та кетті.

Индустрияландыру картасына 18 жоба енгізілді, өткен жылдың 9 айында іске қосылған 12 жоба 1 млрд 220 млн теңгенің өнімін шығарды. 2017-2021 жылдарға арналған индустрияландыру картасына тағы 10 инновациялық жоба енгізу жоспарда бар. Жалпы сома 61 млрд теңге, өндіріс көлемі 6,742 млрд теңге.

Көлік-логистикалық орталықтың құрылысына 20 га жер бөлінді. Онда 200 жаңа жұмыс орны құрылмақ, өндіріс 1,5 млрд теңгенің өнімін алады деп күтіліп отыр.

"Егер 1991 жылы Түркістанда 180 мыңға жуық адам тұрса, қазір бұл сан 260 мыңға дейін артты. Бүгінгі күні қалада 46-дан астам этнос тұрады", – дейді қала әкімі.

Түркістан – түркі әлемінің астанасы

Әліпбек Өсербаев Түркістанның биылғы жылы түркі әлемінің астанасы атанған "жаңа" мәртебесіне ерекше тоқталды. Мұндай шешім өткен жылдың желтоқсанында 2016 жылы осы атаққа ие болған Әзірбайжанның Шеки қаласында өткен ТҮРКІСОЙ тұрақты кеңесінің 34-отырысында қабылданды.

"2012 жылдан бастап ТҮРКІСОЙ мүше-мемлекеттері түркі әлемінің мәдени астанасын таңдайды. 2012 жылы мәдени астана болып Астана қаласы, 2013 жылы – Ескішехир (Түркия), 2014 жылы – Қазан (Татарстан), 2015 жылы – Мары (Түркмения), 2016 жылы Шеки қаласы болған. Осылайша Қазақстан ТҮРКІСОЙ жыл сайынғы мәдени эстафетасын екінші мәрте қабылдап отыр", – деп баса назар аударды ол.

- Әліпбек Шәріпбекұлы, Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы атанған жылы қандай іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр?

- ТҮРКІСОЙ-дың іске асырылатын іс шаралар тізімі мен кестесі бар. Бұл – кең ауқымды бағдарлама, онда "Түркістан – 2017 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы" атты ашылу салтанатынан бастап көптеген ірі іс-шара қамтылған. Ерекше атап өтетін оқиға Наурыз мерекесі болмақ, оған ТҮРКІСОЙ түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының құрамындағы барлық елдің өкілдері қатысады. Бағдарламада театрландырған, музыкалық фестивальдер, Орта Азия қолданбалы өнерінің фестивалі, түркі әлемінің кітап көрмесі, мәдениет пен өнер универсиадасы, түрлі байқаулар мен көрмелер қамтылған.

- Түркі әлемінің астанасы мәртебесі жаңа міндеттер жүктей ме, жоқ әлде қаланы дамыту үшін жаңа мүмкіндік бере ме, осы жайлы пікіріңіз?

- Бәрінен бұрын, бұл жаңа мүмкіндік тудырады. Мәдени эстафетаны қабылдау біз үшін – үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Бұл Түркістанда мәдениет пен өнердің дамуына, алға жылжып, аяғына нық тұруына, сондай-ақ ежелгі қаламызды халықаралық деңгейде мадақтауда түрткі болатынына сенімдімін. Қалалар тек бір жыл ғана түркі әлемінің астанасы атанса да, мұндай оқиғалар қала өміріне мәңгілік із қалдырып, түркі әлеміндегі маңыздылығын айқындайды.

- Өткізілетін іс-шараларды ТҮРКІСОЙ ұйымы немесе мемлекет бюджетінен қаржыландыру көзделген бе? Оларды өткізуге қала қаншалықты дайын?

- Бұл мақсатта дербес қаржыландыру көзделмеген. Оның қажеті де жоқ. Біз барлығын өз қаражатымызбен ұйымдастырамыз. Мәдени іс-шараларды өткізу аса көп қаражатты қажет етпейді деп ойлаймын. Дайындық туралы айтар болсам, біз алғаш рет шетелден қонақ күтіп отырғанымыз жоқ. 2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 1500 жылдығы әлемдік деңгейде тойланған. Ал 2002 жылы Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы өтті. Тәуелсіздік жылдарында елбасымыз Түркістанға 13 рет жұмыс сапарымен келді, оның алтауында өзге республикалардың президенттерімен бірге келген. Осы жолы да біз жоспарланған іс-шараларды халықаралық деңгейде өткізуге көп күш саламыз.

- Онда былай сұрайық: жергілікті қонақ үйлер тиісті деңгейде қызмет көрсете ала ма?

- Бүгінгі күні қаламызда бес жұлдызды қонақ үйлер жоқ, бірақ оларды инвесторлар салып жатыр. Қазір 920 орынға арналған 20 қонақ үй жұмыс істейді. Негізінен бұл орта деңгейдегі қонақ үйлер.

- Барлық турист қонақ үйде демалғанды ұната қоймайды, әсіресе еуропалықтар өңірлік ерекшелікті сезіну үшін жеке үйлерге тоқтағанды жөн көреді. Түркістанда осындай қызметтің түрі бар ма?

- Жоқ, әзірге ондай үйлер жоқ. Бірақ бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қонақ түсетін үй, Түркістанның өткен ғасырлардағы бет-бейнесін еске түсіретін ежелгі үлгідегі мейманхана салуды жоспарлап отырмыз. Сырт пішіні ежелгі шығыс үлгісіндегі бұл ғимараттардың ішкі жағдайы Еуропа талаптарына сәйкес келеді. Бұл – "Көне Түркістан" тұжырымдамасы аясында іске асырылатын негізгі бағыттардың бірі.

Ежелгі әрі заманауи Түркістан

- Бұл тұжырымдаманың мәні неде?

- Бұл бағытта Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің жан-жағындағы 99,6 га аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізіледі және туризм нысандары салынады. Тұжырымдама аясында кесенінің аумағында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Кесененің қорғалатын аумағында орналасқан үйлер туристерге қызмет көрсету үшін пайдаланылады. Оның бір бөлігін жергілікті халықтан сатып аламыз және ол жерге ежелгі мәдениетті еске түсіретін түрлі нысан тұрғызылмақ. Мысалы этноқала, керуен-сарай, шығыс базары, мұражай, жоғарыда аталған қонақ үйлер, шығыс үлгісіндегі тамақтану орындары және өзге нысандар. Нақты не салынатынын әзірге айта алмаймын. Біздің міндет, жергілікті атқарушы биліктің міндеті – инвесторларға инфрақұрылым жүргізуге жағдай жасау. Бірінші кезеңде (жалпы үшеу) алдын-ала есебіміз бойынша шамамен 180 млн теңге қажет. Инвестиция салуға ниет білдіріп отырған Түркияның инвесторлары бар. Жалпы мұның барлығы турист тарту үшін жасалып отыр.

- Түркістандағы туризмнің қазіргі жайын қалай бағалайсыз? ҚР 2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес Түркістан тарихи-мәдени туризмнің орталығы болып белгіленді. "Шымкент" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының есебі бойынша ол жылына 5 млн-ға дейін адамды қарсы алуы мүмкін.

- Соңғы жылдары Түркістанға жыл сайын бір млн-ға жуық адам келіп демалады. Бұл сан жыл санап артып келеді. 2015 жылы қаламызға 1 млн 25 мың адам келсе, 2016 жылдың 10 айының өзінде 968 мың турист келіп кеткен. Жақын жылда Түркістанға бір ғана Түркиядан миллионға жуық адам келгісі келеді. Туристерге ыңғайлы болуы үшін біз кесененің маңынан ақпараттық туристік орталық аштық, онда келушілер сенсорлы экрандардан керекті ақпаратты ағылшын, түрік, қазақ және орыс тілдерінде ала алады. Алайда, өкінішке қарай, жалпы өңірлік өнім құрылымында туризмнің үлесі өте аз – бар-жоғы 5,7%. Біздің алдымызда қала экономикасындағы туризмнің үлесін ең кемі үш есеге көтеру міндеті тұр. Әрине, бұл жағынан алғанда қаланың болашағы бар. Түркістанның 2017 жылы түркі әлемінің астанасы атануы да көп үміт береді.

- Түркістан халқының саны 250 мыңнан асты. Қалада пәтер мәселесі қалай шешіліп жатыр?

- Бүгін қалада пәтер алуға кезекте тұрған төрт мыңға жуық адам бар. Оларға пәтер беру үшін жаңа "Отырар" шағын ауданының құрылысы басталды. Тәуелсіздік тойының қарсаңында ол жерден екі 9 қабатты және екі 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 264 отбасы пәтерге ие болды. Биылғы жылы мұнда 60 пәтерлі 8 үй салынып жатыр, 480 отбасы баспана алады. Кейін кезекте тағы 20 үй тұр. "Отырарда" бас-аяғы 100 үй салынбақ. Бұған дейін Түркістанда 74 көпқабатты үй саналған, тұрғын үй секторы көбінесе бір қабатты жекеменшік үйлерден құралған.

- Бұдан бұрынғы жылдары Түркістанда кәріз жүйесі жоқ екені айтылатын. Қазіргі жағдай қандай, қаланың коммуналды саласында тағы қандай қиындықтар бар?

- Қалада кәріз жүйесі жүргізілді, оның құрылысына 5,5 млрд теңге жұмсалды. Қала тұрғындары бұл жүйенің қызығын көріп отыр. Ал жекеменшік үйлерді кәріз жүйесіне қосу олардың өздеріне жүктелді. Коммуналды салада едәуір қиындықты көріп тұрған жоқпын. Барлығы біртіндеп, кезек-кезегімен шешіліп келеді. Осылайша 2009 жылы орталықтандырылған жылу қызметінің мәселесі шешілді. Осы көпқабатты үйлер, бюджеттік ұйымдар мен коммерциялық нысандар 100% орталықтандырылған қазандыққа қосылған. Халықтың 90%-ы таза ауыз су, 98%-ы электр энергиясын пайдаланады. Газбен қамтамасыз ету көрсеткіші жоғары емес – 11%. Айта кету керек, Түркістанда газбен қамту тек 2014 жылы басталған болатын, ал газ тораптарының құрылысы өткен жылдың соңында аяқталды. Жобаның екінші және үшінші кезеңдері әлі алда. Алдағы екі-үш жылда Түркістан толығымен газбен қамтылады деп ойлаймын.

Қазіргі Түркістан

Қазіргі кезде Түркістанды Қазақстанның және Орта Азия халықтары мен түркі әлемінің рухани астанасы деп атау әдетке айналған. Сондай-ақ Түркістанды Еуразияның рухани астанасы ету туралы ұсыныстар айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу