Жаңа жылда жанкүйерлер жаппай жекешелендіруге куә болады

1842

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметке тосын ұсыныспен шықты. 

Жаңа жылда жанкүйерлер жаппай жекешелендіруге куә болады Фото: inbusiness.kz

Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылы спорт саласын кең ауқымды өзгерістер күтіп тұр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Антимонополиялық орган ілгерілетіп отырған бастама жүзеге асса, онда бұл еліміздегі "спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау" жүйесінің түбегейлі қайта құрылуына әкелуі мүмкін.

Ведомство "Дене шынықтыру және спорт туралы" қолданыстағы заңға заңнамалық түзетулер әзірледі. Ол келесі жылы Мәжіліске енгізіледі деп күтілуде.

Егер қабылданып жатса, онда балалар-жасөспірімдердің спорт мектептері, мамандандырылған олимпиадалық резервтің спорт мектептері, олимпиадалық резервті даярлау орталықтары, жоғарғы спорттың шеберлік мектептері, республикалық спорт интернаттары мен колледждері және басқасы жекешелендірілуі мүмкін.

Себебі, ұсынылып отырған заңнамалық түзетуге сәйкес, Туризм және спорт министрлігі де, барлық жергілікті әкімдіктер де "спорт түрлері бойынша спортшыларды ұстауға, қамтамасыз етуге, даярлауға және олардың спорттық іс-шараларға қатысуына, оның ішінде спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты көрсетілетін қызметтерді" жеке кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алатын болады.

Қолданыстағы заң бойынша бұлардың бәрін министрлік пен әкімдіктер тек "Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардан" ғана сатып алуға міндеттеліп келді.

Антимонополиялық агенттік мұның АҚШ, Қытай, Норвегия, Ұлыбритания, Франция, Нидерланды және басқа спорттық державалардың үлгі-өнегесі екенін алға тартады.

"Осы саладағы алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі көрсеткендей, спортты дамытуға жауапты салалық министрлік бюджет қаражатын алады да, әрі қарай ол ресурстарды спортшыларды даярлаумен маманданған түрде айналысатын мемлекеттік емес, негізінен жеке спорт мекемелеріне береді. Мысалы, Қытайда жоғары жетістік спортшыларын дайындайтын басты ұйымдар – Бейжің спорт орталықтары. Қытайлық жетекші спортшылардың шамамен 60%-ы соларда шоғырланған. Олар бір-бірінен озу үшін өзара қызу бәсекелеседі", – деп түсіндірді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сарапшылары.

Спорт министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде елімізде 180 спорт түрі бар. Оның 59-ы Халықаралық олимпиада комитеті тарапынан мойындалған. Оның ішінде 46-сы – жазғы Олимпиада, 13-ші – қысқы Олимпиада, 17-сі – Сурдлимпиада, 18-і – Паралимпиада бағдарламасына кіреді. Қалған 67-сі – олимпиадалық емес, 11-і – ұлттық спорт түрлеріне жатады.

Үкімет "приоритетизация" аясында осылардың арасынан жүлде әкелетіндерін іріктеп алып, соларды қаржыландыруға басымдық бермек. Тәуелсіздіктің 32 жылында Қазақстан құрамасының спортшылары жазғы олимпиадалық 46 спорттың 13 түрінен жүлде әкеліпті. Жаңадан құрылған министрлік "мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруда тірек және медаль әкелетін спорт түрлеріне басымдық берілетінін, өзге спорт түрлерін қаржыландыру кезең-кезеңімен қысқартылатынын" мәлімдеді.

Бұл ретте елде "спорт саласындағы өзге де қызмет" бағыты бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың саны көп. Астанада – 178, Алматыда – 262 субъект бар.

Айтпақшы, жаһанды Қазақ еліне жалт қаратқан кәсіби спорт жарап тұр. Геннадий Головкин, Шавкат Рахмонов және басқа ұландарымыз еліміздің атын шығаруда. Бұл нағыз дарындарды танып-біліп, баптай алатын жекеменшік ұйымдардың әлеуеті мен қуатын паш етсе керек.

Қазақстанда спортқа құйылатын миллиардтар алда тек арта береді. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, 2025 жылға дейін елімізде 113 жаңа спорт нысаны салынады, қолданыстағы 26 нысан, спорт сарайлары қайта жаңартылады.

Мәселен, Астанада Қазақстан тарихында алғаш рет арнаулы орта білімнен бастап, магистратура мен докторантураға дейінгі оқытудың толық циклын жүзеге асыратын Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Оның колледжінде бір уақытта 500-ден астам, ал ЖОО-да – 2 мыңнан астам студент, 60 магистрант және докторанттар оқи алады. Құрылыстың алғашқы кезеңін 2024 жылы аяқтау жоспарланған.

7 айдан соң, 2024 жылғы 26 шілдеде Парижде XXXIII жазғы Олимпиада басталады. Министр Ермек Маржықпаев Париждегі төрт жылдықтың басты додасына аз уақыт қалғанын ескертіп, барлық жауапты тұлғаларды "бірге, нақты жоспар мен ынтымақтастықта жұмыс істеуге" шақырды. Федерацияларға ұлттық құраманың резервін қалыптастыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Министрлік бас жаттықтырушылармен ақылдаса отырып, "Париж Олимпиадасына команда көшбасшыларын жеке даярлаудың" жоспарын дайындауда. Қазақ спортының ықтимал "жұлдыздары" шетелде, әлемнің ең озық базаларында жетекші бапкерлердің бақылауымен бөлек жаттығатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу