Жаңа жылдан бастап білім беру ұйымдары "цифрлық бухгалтерияға" көшеді

12333

Асхат Аймағамбетов ашықтыққа тағы бір қадам жақындай түсті. 

Жаңа жылдан бастап білім беру ұйымдары "цифрлық бухгалтерияға" көшеді

2021 жылдың қаңтарынан бастап елдегі білім беретін мекемелердің бәрі "Цифрлы бухгалтерия мен қаржы" жүйесіне көшпек. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында осылай деп жазды. 

Министрдің айтуынша, аталмыш жүйеге көшу арқылы білімге бөлінетін  қаражатты ашық игеріп, бюджет ақшасының тиімді игерілуін қоғам болып бақылауға мүмкіндік туады. 

"Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды. Яғни мектептің бюджетіне, оның әрбір жұмсаған теңгесіне қатысты ақпаратқа біздің министрлік, басқа құзырлы мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам өкілдері қол жеткізе алады", – деп жазды ведомство басшысы. 

Қарапайым тілмен айтсақ, енді әр мұғалім өзіне сағат жүктемесіне сай қанша айлық бөлінгенін интернеттен көрсе, ата-аналар білім саласында айналып жүрген қаражаттың қайда және қалай жұмсалып жатқанын қадағалап отырады. Білім беруді жан басына шағып қаржыландыру қолға алынған тұста мұндай ашықтық ауадай қажет. Асхат Аймағамбетов "цифрлық бухгалтерия" облыстар мен аудандардың білім жүйесіндегі қаражатын ашық алаңға шығарады деп сенім артып отыр. 

"Көпшілік мектептерді, балабақшалар мен колледждерді Білім және ғылым министрлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырады деп есептейді. Одан бөлек жалақының уақытылы және дұрыс есептелуі, оқулықтарды сатып алу немесе білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын да министрліктің өзі тікелей жүргізеді деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде олай емес. Заңға сәйкес бұл жұмыс әкімдіктердің құзырында. Елімізде білім беруді басқару органдарының саны 200-ден асады, яғни, қаржыландыру да сол қалалар, аудандар мен облыстардың бюджетінен өтеді. Әкімшілендіру деңгейі әртүрлі әрі көп болған соң, оларды қадағалап отыру өте қиын. Сондықтан тіпті облыстық білім басқармаларының өзі көп жағдайда жалақыны уақытылы төлеуге, оқулықтарды сатып алуға немесе мектеп, колледждерді жөндеу жұмыстарына қатысты проблемаларды бұқаралық ақпарат құралдарына шыққанда немесе шағымдар келіп түскенде біліп отырады.  Бұл мүлдем дұрыс емес. 

Ата-аналар мен мұғалімдерге орын алған проблемаларға "кім жауап беретіні, неге бұлай болғаны" емес, олқылықтардың орын алмауы маңызды ғой. Сондықтан біз жан басына қаржыландыру механизмдерін енгізу және барлық қаржыландыру жүйесін цифрландыру бойынша бастаманы қолға алдық", - дейді министр.

Аталмыш жүйе бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысында ілкі жоба ретінде сынақтан сәтті өткен екен. Ел астанасында ғана осы ілкі жобаның арқасында бюджет қаражатынан бірнеше миллиард теңге үнемделіп, бухгалтерлік және салықтық заңсыздықтар саны айтарлықтай азайған көрінеді. Қазір ел арасында мектепке мұғалім болып кіру үшін өз "ставкасы" бар деген ақпарат желдей есіп жүр. Тіпті кей өңірлерде еден жуатын персонал да парамен жұмысқа алынатыны айтылып қалады. Министр цифрлық жүйе арқылы осы келеңсіздікке де шектеу қоймақшы. 

"Аталған жоба жалақыны дұрыс есептемеу, қаржылық бұзушылықтар, жоспарлау, қаржыландыру кезіндегі субъективизм сияқты проблемаларды шешуге және білім беру мекемелерінің қаржылық жағдайына жедел мониторинг жүргізуге жақсы мүмкіндік береді. Бухгалтериямен қоса бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, тарификациялау, жұмысқа алу процестері де автоматтандырылады. Бұл – білім саласына бағытталған қаржыны ашық әрі тиімді пайдалануды қоғам болып қадағалауға бағытталған тағы бір қадам", – деп жазды ол өз парақшасында.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу