Жанармай станциялары тұйыққа тірелді

2320

Ел үкіметі жанар-жағармай таситын цистерналарды ернеуіне дейін толтыруға тыйым салды.

Жанармай станциялары тұйыққа тірелді

Ал бизнесмендер мұның апатқа соқтыратынын айтып, дабыл қағуда.

Бұл жерде мәселе бензовоздар мен газовоздардың біліктік жүктемелеріне қатысты болып отыр. Қазір қолданылып жатқан заңнама талаптарына сәйкес, біліктілігіне түсетін жүктемесі бір тоннадан асатын көліктермен бөлшек саудаға арналған жүкті тасымалдауға шектеу қойылды. Ал бензин түрлері мен дизельді отын таситын көліктер дәл осы санатқа жатады. 

Осы орайда тасымалдаушылар инвестициялар және даму министрлігіне бұл тыйым құрсауынан өздерін құтқаруды және жеңілдік ұсынуды сұрап, жүгінген. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бизнесмендердің бұл сұрауына түсіністікпен қарау керектігіне назар аудартады. Өйткені толтырылмаған цистерна төңкеріліп қалуы мүмкін. Бұл проблема әсіресе, аумағының көбі алты ай қыстың қыспағында қалатын Қазақстан үшін көкейтесті.

"Біздің алдымызда бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесі тұр, біз соны ойлаймыз. Бензовоздардың жете толтырылмай, жартылай бос жүруі қауіпті: әйтпесе, ішіндегі сұйық отын қатты тербеліс туғызып, көліктің аударылып қалуына әкелуі ықтимал. Біз үлгіге алып отырған еуропалық елдер тәжірибесіне жүгінсек, оларда жүкпен 80%-дан аз толтырылған автоцистерналарды пайдалануға тыйым салынады. Сондықтан "Атамекен" бұл мәселені назарға алып, уәкілетті органмен бірге қазір пысықтауда. Проблеманы біз бақылауда ұстаймыз", – дейді ұлттық палатаның басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов. 

Алайда инвестициялар және даму министрі кәсіпкерлердің айтқанына құлақ асқысы келмей отыр. Ведомство ешкімге бөле-жара қарамай, жеңілдік жасамай, еліміздегі барлық бизнесмендерге тең құқықтар мен мүмкіндіктер ұсыну қағидатын сақтау қажеттілігінде табандауда.

"Салық кодексіне сәйкес, орташа тариф біліктілікке түсетін артық жүктемеге байланысты болып келеді және 1 шақырым үшін 1000 теңгені құрайды. Ал мұнай базасынан жанар-жағар май құю (ЖЖҚ) стансасына дейінгі орташа аралық облыстарда шамамен 200 шақырымға жетеді. Салдарынан, бір рейс жасау үшін ғана салық сыртында, шамамен 200 мың теңге алым төлеуге тура келеді. Бұл сайып келгенде, ЖЖҚ стансаларының табыстылығына кері әсер етуде", – дейді Қазақстан отын қауымдастығы басқармасының төрағасы Болат Ауетаев.

Сарапшының мәліметінше, бұдан бөлек, дәл қазір парламент мәжілісі көлік мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы түзететін жаңа заң жобасын қарауда. Онда тасымалдау кезіндегі талаптарды одан әрі қатайту және біліктілік жүктемесінен асып кететін көлік құралдарына арнайы рұқсатнама беруді алып тастау қарастырылуда. 

"Қазақстан отын қауымдастығы бензовоздар мен газовоздарды өлшеу кезінде әрбір білікке түсетін ауыртпалықты емес, тек жалпы салмақты ғана ескеруді ұсынып отыр. Біздің комитет бұл ұсынысты қолдайды. Өйткені ол ЖЖҚ стансалары (АЗС) мен автогаз құюшы стансалардың (АГЗС) қаржылық шығындарын азайтуға және арнайы рұқсаттар құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бұл салада шынында да проблема бар. Демек, оны ұлттық палата ары қарай да бақылауда ұстап, жәрдем көрсеткені жөн", – дейді ұлттық палата төралқасының мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Данияр Абылғазин.

Оның байламынша, қазір қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұруға тиіс.

Жалпы, мұнай өнімдерін өткізумен айналысатын кәсіпкерлердің бұдан басқа да проблемалары жетіп артылады екен. Соның бірі ЖЖҚ стансаларында "мұнай өнімдерін есептеуіш аспаптарды" орнатуға қатысты болып келеді. Заңнамада қарастырылған бұл ендіру ісі кәсіпкерлер сұрауымен елімізде осымен екі рет кейінге шегерілді. Кейінгісіне сәйкес, аспаптар қою 2019 жылдың 1 қаңтарына қалдырылған.

Оған дейін аз уақыт қалды. Алайда отандық ЖЖҚ стансалары қожайындары тағы да дайын емес екендерін айтып, шағымдануда. Рас, олар есептеуіш атаулыдан ат-тондарын ала қашып отырған жоқ. Тек орнатылған осындай құрылғылардың дұрыс жұмыс жасамайтынына және дәлсіздігіне алаңдайды.  

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бақылаушы есептеуіш аспаптарын орнатпағандарға – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК, орта кәсіпкерлерге – 100 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – мұнай өнімдерін тәркілей отырып, 300 АЕК (757 мың 500 теңге) айыппұл салынады. Егер содан кейін де есептеуіш орнатпаса, қайталама айыппұл екі еселенеді. Бұл айыппұлдар келесі жылы жаппай салына бастамақ. Сондықтан салықшылар ЖЖҚ стансалары қожайындарына бұл аспаптарды тез арада орнатып, тестілеуге шұғыл кірісуге кеңес береді.

Бірақ осыған дейін орнатып үлгергендер осы саладағы елімізде сатылатын аспаптар сапасына шағымданады.

"Біздің "Костанай Нефтепродукт" ЖШС" 10 ЖЖҚ стансасында сол құрылғыны сынақтан өткізді. Қынжылтатыны, есептеуіш аспаптарының көрсеткіштері дұрыс емес болып жатады. Егер бұлай бара берсе, салық органдарымен арада проблема туындайды. Олар айыппұл салуы мүмкін. Алайда оң жағы да бар: операторлар жұмысы жеңілдеді, енді әр машина келген сайын оларға өлшеу үшін сыртқа шығу қажет болмайды, олар пультке қараумен шектеледі", – дейді кәсіпорынның бағдарламашысы Андрей Мукомолов.

ЖЖҚ стансалары иелері бұл аспаптар швейцариялық сағат сияқты дәлдікпен жұмыс жасайтын дәрежеге жетпейінше, оны жаппай ендіру ерте деген ой да айтады.

Сарапшылардың дерегінше, бір ЖЖҚ стансасына бақылаушы есептеуіш құралын орнату шамамен 2 миллион теңгеге түсетін көрінеді. Бұған қоса, ай сайын оған қызмет көрсету үшін ақы төлеп отыру керек.

Тағы бір түйткіл сол, әзірге бұл құралды тек республикалық маңыздағы үш қалада, сондай-ақ облыстық және аудандық маңыздағы қалаларда орналасқан бензин-дизель-газ толтыру стансаларында орнату талап етілуде. Бірақ болашақта ол талап барлық өңірлерге, соның ішінде шалғай ауылдарға да таралмақ. Бұл ретте есептеуіш құралының көрсеткіштері онлайн режимде сол мезетінде серверге жолданып отыруға тиіс. Ал бұл сапалы интернеттің болуы қажетсінетіні мәлім. Әзірге, жауабын күткен сұрақ жетерлік. Сондықтан сала кәсіпкерлері есептеуіштерді ендіруді тағы да кейінге қалдыру ұсынысымен билікке шығуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу