"Жаңажылдық көңілді жалаңаштар бұзады"

3391

Қазақстанға монша туралы жеке ереже қажет пе? 

"Жаңажылдық көңілді жалаңаштар  бұзады"

Кеңес кезінде қанға сіңген әдет болса керек, кейбір адамдар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында отбасы мүшелерін не жора-жолдасын ертіп, моншаға барады. Алайда ондағы азаматтардың әрекеті және монша әкімшілігінің талабы көңілін жабырқатады екен.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Рауан Есқалиев елордалық ең ірі "Керемет" моншасында көргенінен көңілі қалғанын айтады.

"Бүкіл дамыған елдерде, өркениетті әлемде қоғамдық бассейндерде, жуынатын жерлерде адамдардың өзін-өзі ұстауының, мінез-құлықтың жалпыға бірдей ережелері бар. Оған сәйкес, келушілердің жүзу киімі – "купальник" пен "плавкиі" болмаса, ішке кіргізбейді. Ал бізде адамдардың бәрі дерлік моншада жалаңаш жүреді. Біріншіден, бұл ұят, аморальды нәрсе. Нұр-Сұлтандағы "Керемет" моншасында еш лыпасы жоқ еркектер тобырымен ортақ бассейнге кіріп жатады. Олардың бәрі бу бөлмесінде терлеп шыққан. Содан әр адамның микрофлорасы араласып, бассейн әбден ластанады", – дейді ол шағым хатында.

Екіншіден, хат иесі моншаларда коронавирустан қорғауға еш жағдай жасалмағанына назар аудартады.

"Моншаларға барып жатқан Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары да, қонақтары да өз денсаулығы туралы ешқандай анықтама ұсынбайды. Кіреберісте қызу өлшеп тұрған ешкім жоқ. Моншалар арқылы жұқпалы және тері аурулары тарауы мүмкін. Сорақысы сол, "Кереметтің" әкімшілігі келушілерге бассейнге "плавкимен" кіруге тыйым салатын көрінеді. Мен үнемі моншаларға арнайы іш киімнің қосымша жиынтығын ала барамын. Бірі – бу бөлмесіне, бірі – бассейнге арналған. Ал 25 желтоқсанда барғанымда "Кереметтің" әкімшілігі іш киіммен кіруге болмайтынын айтып, қасарысып тұрып алды. Мұндай керемет идея кімнің ойына келгенін білмеймін. Мысалы, бу бөлмесінде мен отырған жерде бұрын отырған адамның жұқпалы кеселдерден сау екеніне ешбір кепіл жоқ. Моншаларда мұндай былық жылдар бойы жалғасып келеді", – деп қамығады Р.Есқалиев.

Ол шағымын елорда әкімі Алтай Көлгіновке жазған екен.

"Бұл өтініш Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің құзырына жатпайды", – деп жауап қайырды кеше әкім.

Заңгер Рустам Бекмурзаев бұл мәселенің еш меморганның құзырына кірмейтінін айтады.

"Әрине, санэпидемқызметіне (СЭС) шағым түсіруге болады. Бірақ олар тек моншаны әртүрлі ауру қоздырушы бактериялар мен микробтардың бар-жоқтығына, сондай-ақ КВИ-ге қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталғанына ғана тексере алады. Ал монша ішінде адамдар жалаңаш жүрмесін деп шектеу қоя алмайды. Бұл посткеңестік кеңістікте ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр ғой", – дейді ол.

Монша-саунада денеге жабысатын киім кимеудің медициналық негізі бар көрінеді. Жоғары температураның ықпалымен ағза қарқынды түрде тер бөледі. Термен бірге денедегі зиянды заттар шығады, сонымен бірге тер адамның терісін шектен тыс қызып кетуден сақтайды. Ал киім терді тез сіңіріп алады да, тері салқындамайды. Содан дене қызуы күрт көтерілуі мүмкін. Бұл әсіресе, артериалды гипертониямен ауыратын адамдарға қауіп деседі.

Әлеуметтік желілерде біздің адамдардың моншадағы шектен шыққан басқа бір қылығы сөз болуда: кейбір қыз-келіншектер ішке кең қалпақ – шляпа алып өтетін көрінеді.

Қалай болғанда, дәрігерлер азаматтардың моншаларда тері ауруларын, зең-грибокты, қышыма ауруларын, аллергиялық, жұқпалы дерттерді жұқтырып қайтуы мүмкін екенін ескертеді.

Демек, жаңа жыл қарсаңында не содан кейін моншаға бару-бармау – әркімнің өз таңдауында қалады. Дәстүр денсаулыққа сеп болса, жөн.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу