Өткен жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Жапонияға барып, император Акихито мен премьер-министр Синдзо Абэмен кездесті. Ал 2015 жылы Синдзо Абэ Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстаннан кейін Астанаға ат басын бұрған болатын. Бұл сапар қазақ-жапон байланысына сәл де болса оң әсерін тигізді деп есептейміз. Алайда қос мемлекеттің барыс-келісі, жалпы қарым-қатынасы әлі де болса көңіл көншітпейді.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Жапонияны үлгі тұтып, Қазақ елін 20-25 жылда әлемнің дамыған мемлекетіне айналдыруды алдына мақсат етіп қойған. Өйткені Мэйдзи бағдарламасының арқасында Жапония артта қалған аграрлық елден 21 жылдың iшiнде әлемнiң жетекшi мемлекетiнiң бiрiне айналды. Бір қызығы осыдан бір ғасыр бұрын алаш арыстары үлгі тұтқан жапон елі әлі күнге бізге үлгі болып отыр. Олардың экономикалық-әлеуметтік және ғылыми дамуы ғана емес, сонымен қатар рухани адамгершілік қағидасы да әлем елдерін өзіне тәнті етіп келеді.
Көршінің ықпалынан Жапония құтқарады
Қазақия сынды жас мемлекетке Қытай мен Ресей секілді алпауыттың ортасында өмір сүру оңай емес. Бірақ көршілеріміз қауіпті екен деп ұлан байтақ жерімізді тастап, басқа жаққа көшіп кете алмаймыз. Ендеше амал-айланы бірінші орынға қойып, көршілерімізге ұлттық мүддемізді таптатпауымыз керек. Бұл үшін "жауымыздың жауы – досымыз" деген ежелгі қағиданы берік ұстануымыз қажет тәрізді. Ал Қытай мен Ресей ежелден Жапониямен қырғи-қабақ, бәсекелес болып келеді. Жапония 1905 жылғы соғыста Ресейді тас талқанын шығарып жеңсе, Мұстафа Шоқай "Қытай өзінен 7 есе кіші Жапонияның алдында тізесі дірілдеп отыр" деп тектен-тек жазған жоқ. Ұзын сөздің қысқасы Қытай мен Ресейдің елімізге деген теріс ықпалын Жапониямен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы сейілте аламыз.
Әлем халықтары туралы ел аузында әртүрлі жағымсыз сөз айтылып жатады. Мәселен мұсылман мемлекеттерінің өзінде қандай да бір апаттан кейін ұрлық-қарлық болатыны айтылады. Мысалы күні кеше қырғыз елінде болған апаттан кейін ұрлық жасалды деген ақпарат пайда болды. Ал Жапонияда бір емес, бірнеше рет цунами болды, бірақ онда бірде-бір зат ұрланбаған. Себебі олардың ішкі мәдениеті ислам мемлекеттері еш ойланбастан жасай беретін қылмысты жасауға жол бермейді. Жапония таңғажайыбы – осы шығар.
Жапониямен барыс-келіс көңіл көншітпейді
Негізі Жапония таңғажайыбы туралы ұзын сонар етіп мақала жаза беруге болады. Әйтсе де, біздің мақсатымыз – қазақ пен жапонның экономикалық және рухани байланысы туралы болып отыр. Экономист Бауыржан Исабековтің айтуынша, күн шығыс елімен байланысымыз әлі де болса кемшін түсіп жатыр. Айталық, Жапония соңғы 10 жылда елімізге тек 5 миллиард доллар ғана инвестиция салған.
"Қазір жалпы ішкі өнімі жөнінен 16,7 трлн-мен АҚШ бірінші орында, Қытай 16,4 трлн доллармен екінші орында тұр. Ал Жапонияның жалпы ішкі өнімі 15,7 трлн АҚШ доллары болып үшінші орынға түсіп қалды. Бірақ әлемде жалпы ішкі өнімі жөнінен үшінші орын алатын мемлекет үшін 5 млрд доллар инвестиция өте аз. Жапонияда жинаған тәжірибем бойынша еліміздегі реформалардың жүзеге аспай жатуының негізгі себебі – рухани өзектің болмауынан болып отыр. Мен мұндай таза әрі мәдениеті жоғары халықты өмірімде көрген жоқпын. Барлығы бірдей заңды құрметтейтін әрі өте кішіпейіл халық екен. Егер біз Жапониямен тығыз қарым-қатынас орната алсақ, бұл біз үшін өте керемет болар еді", – дейді Бауыржан Исабеков.
Расында Жапонияның соңғы 10 жылда небәрі 5 млрд доллар инвестиция аударуы өте аз. Мәселен 2015 жылы Синдзо Абэ Өзбекстанмен 8,5 миллиард, ал Түркіменстанмен 18 миллиард доллардың келісім-шартын жасасқан. Сондай-ақ бұл мемлекет Қырғыз еліне 0,1%-бен 120 млн доллар несие берген. Ал Қазақстанға жасаған сапарында қандай сомаға келісім-шарт жасалғаны мүлде айтылған жоқ. Мұның себебі неде?
"Біздің экономикамыз негізінен сыртқы фактордың арқасында жұмыс істейді. Біз өзіміздің мүмкіндігімізге көңіл аудармай, сырттан инвестор тарту арқылы жұмыс істеуге айрықша назар аударамыз. Бұл біздің экономикамыздың әлжуаздығынан, тек шикізат өндіруші ел болып отырғанымыздың салдарынан болып отыр. Ал Өзбекстан мен Түркіменстан ішкі фактордың негізінде экономиканы дамытып отыр. Кез келген инвестор әлеуеті жоғары мемлекетті сыйлайды. Нақтырақ айтсам, неғұрлым потенциалы жоғары мемлекет болса, соғұрлым сонымен серіктес болғысы келеді. Жапонияның біздің елге қарағанда Өзбекстан мен Түркіменстанға көбірек инвестиция салуының себебі сол деп ойлаймын", – дейді экономист.
Қайтпек керек?
Бауыржан Исабековтің айтуынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы саясат жүргізуі дұрыс. Алайда ол Жапониямен бұдан да терең қарым-қатынас жасай түсу керек деген пікірде. Ал Жапония Ресей және Қытаймен салыстырғанда қауіпсіз бе?
"Жапонияны қауіпті немесе қауіпсіз деп айту қиын. Өйткені тәуекел мен қауіп барлық жерде бар. Оның үстіне бизнес болғаннан кейін міндетті түрде қауіп болады. Өткен жылы елбасы Жапонияға барғанда олар ерекше құрмет көрсетті. Жалпы Жапонияның бізге келіп, бірлескен кәсіпорын ашу үшін бізде тұрақтылық болуы керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "2020 жылға дейін президент боламын" деген сөзі шетелдік инвесторларға "алаңдамай, жұмыс істей беріңдер" деген белгі болатын. Осы сөзден кейін жапондар бізбен бірлескен кәсіпорындар аша бастады. Екіншіден олар біздің елге қытай мен кәрістің ықпалы артып бара жатқанын көріп отыр. Ал жапон мен қытай ежелден бір-бірімен қырғи-қабақ бәсекелес болып келеді. Үшіншіден Жапония шикізат өндірісін тоқтатқан. Сондықтан оларға міндетті түрде шикізат керек. Осы негізгі үш себеп жапонның қазақпен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыс істеуіне себеп болып отыр", – дейді Бауыржан Исабеков.
Өткен жылы жер дауы өршігенде кейбір ұлтшыл азаматтар "қытайға емес, жапонға жер беріп, оның технологиясын меңгеруіміз керек" деп айтты. Бұл сөзді ұлтшыл азаматтардың айтуы, шынында, қызық жағдай. Өйткені Жапония құдайы көршілерімізге қарағанда аса қауіпті емес. Әрине Жапония керемет екен деп, ұлттық мүддемізді мүлде ұмыт қалдыруға тағы болмайды. Бұл арада Абай Құнанбайұлының "өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап" деген қанатты сөзін қаперде ұстаған жөн.