Жапония мен Қытай басшылары соғысушы елдердің астаналарына барды

2050

Кисида Зеленскиймен кездесті. Ал Батыс мемлекеттері, Ресей Бейжіңге арқа сүйеп отырған шақта, Украинаға тағы миллиардтаған доллармен бірге танктерін тездетіп жөнелтетінін жариялады. 

Жапония мен Қытай басшылары соғысушы елдердің астаналарына барды

Си Цзиньпин мен Владимир Путин Қытай мен Ресей арасындағы достықты нығайтып, Украинаны тағы 16 миллиард долларға жуық қаржылық көмекпен қолдайтынын және оған жауынгерлік танктерді жылдам жеткізетінін жариялаған Батысты бірлесіп сынады.

Қытай төрағасының Мәскеуге сапарын Кремль өзінің ең айбынды досының қолдауының көрінісі ретінде ұзақ уақыт бойы жарнамалады. Және де осы жолғы кездесуде Си мен Ресей президенті бір-бірін "қымбатты достар" деп атап, экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге уәде беріп, екі мемлекеттің қатынастары бұрын-соңды болмаған ең жақсы деңгейге көтерілгенін мәлімдеді.

Бірлескен мәлімдемеде Батысқа қарсы белгілі айыптауларға орын берілген. Мәселен, Құрама Штаттар жаһандық тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, НАТО Азия-Тынық мұхиты аймағына басып кіріп жатыр дегендей. Айта кетсек, бүгінде Батыс Мәскеудің Украинаға әскер кіргізуіне байланысты Ресейді оқшаулауға тырысып келеді. Ал Путинді Халықаралық қылмыстық соттың тұтқындау ордері күтіп тұрса, оның үкіметі мен экономикасына әлемдік санкциялар жарияланып жатыр.

Путин Си Цзиньпинді Украинада бейбітшілік орнату жоспарын ұсынғаны үшін мақтап, Киев пен Батысты оны қабылдамады деп айыптады. Бірақ сәрсенбіде Мәскеуден Бейжіңге оралуы тиіс Си Цзиньпин Украина проблемасын аса қозғамастан, Қытайдың бұл мәселеге қатысты "бейтарап ұстанымы" бар екенін атап өтті.

Алайда, Ақ үй Қытай ұстанымының бейтарап еместігін ескертіп, Бейжіңді  Украина аумағынан Ресей әскерін шығару үшін Кремльге қысым көрсетуге шақырды.

КИЕВКЕ АҚША МЕН ТАНК

Вашингтонда БҰҰ бақылауындағы және  негізінен АҚШ қадағалайтын Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) бірнеше айға созылған келіссөздерден кейін Киевке шамамен 15,6 миллиард долларлық төрт жылдық несие пакетін беру туралы алдын ала келісім жасалғанын хабарлады.

Бұл ақша Ресейдің бір жылға созылған басқыншылығы кезінде инфрақұрылымы мен экономикасына орасан зиян келген Украинаны нығайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, ХВҚ Украина экономикасы 2023 жылы -3%-дан 1%-ға дейін өседі деген болжамын жариялады.

Бұған қоса, Америка Құрама Штаттары Украинаға күзге дейін 31 "Абрамс" жауынгерлік танкін жеткізуді тездетуді көздеп отыр. Мұны Пентагонның баспасөз хатшысы бригада генералы Патрик Райдер журналистермен өткен брифингте хабарлады.

Осы мәселеден хабардар конгрессмен көмекшісінің айтуынша, Вашингтон аталған танктерді Украинаға жоспардағы мерзімнен бір жыл ерте жіберейін деп отыр.

Президент Владимир Зеленский болса, Украинаның одақтастарынан тағы да көбірек әскери көмек, соның ішінде оқ-дәрі беруді және оны кешіктірмей жеткізуді өтінді.

"Әрқашан басты назар аударатын мәселелердің бірі - оқ-дәрілер мен серіктестеріміздің қолдауы. Біз өзімізге қажет нәрсенің көбейгенін және дәл қазір жеткенін күтіп отырмыз", - деді ол сейсенбі күні жасаған видео үндеуінде.

Дүйсенбіде белгілі болғандай, Еуропа Украинаға келесі жылы 1 миллион артиллериялық снаряд жөнелтуге уәде берген. Киев күштері мұндай снарядты тез тауысып жатса, одақтастар оны жеткізіп үлгере алмай жатыр.

ТОСЫН САПАР

Си Путинмен кездесіп жатқанда, Қытайдың Азиядағы қарсыласы –Жапония премьер-министрі Фумио Кисида сейсенбіде Киевке тосын сапармен барды. Мамырда "Үлкен жетілік" саммитіне төрағалық ететін Кисида Ресей армиясының бейбіт тұрғындарға жасаған қатыгездігінің символына айналған Буча қаласында болып, қаза тапқандардың басына гүл шоқтарын қойып, Зеленскиймен кездесті.

"Бучаға сапарымда қатыгездікке қатты ренжідім. Оның салдарынан жақындарынан айырылғандарға, жараланғандарға Жапония халқының атынан көңіл айтамын", - деді Күн Шығыс елінің үкімет басшысы.

АҚШ-тың Жапониядағы елшісі Рахм Эмануэль болса, екі түрлі еуропалық-тынық мұхиттық серіктестікті "Кисида бостандықтың, ал Си соғыс қылмыскерінің жанында тұрды" деп сипаттады.

Кисида Нью-Делиде Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен кездескеннен кейін Польшаға ұшып, одан соң Киевке пойызбен жеткен.

Қытаймен де, Ресеймен де аралдар үшін дауласып келе жатқан Жапония Бейжің-Мәскеу қатынасына мейлінше алаңдаулы. Бұған қоса, екі алып держава Жапония жағалауының маңында бірлескен әскери жаттығулар өткізген.

Кисида - қарулы қақтығыс жүріп жатқан елге кірген Жапонияның соғыстан кейінгі алғашқы лидері.

Өзінің пацифистік принциптеріне байланысты Жапония Украинаға ажал қаруын бермей, гуманитарлық көмек жеткізумен ғана шектелді. Бүгінге дейін Токио Киевке 7 миллиард доллардан астам қаржы бөліп, қатаң иммиграциялық саясатына қарамастан, 2000-нан астам украиналық босқынды қабылдаған екен.

Сонымен қатар, Токио АҚШ пен Еуропа елдеріне қосылып, Ресейге басқыншылық үшін санкция салды. Керісінше, Қытай Мәскеудің агрессиясын айыптаудан бас тартып, Батыстың санкцияларын сынап, НАТО мен Вашингтонды Путинді әскери әрекетке итермеледі деп кінәлап отыр.

АЗЫҚ ПЕН СУҒА КЕЗЕК

Украина қарулы күштерінің бас штабы сейсенбі күні Бахмут пен оңтүстіктегі Авдеевка маңында ең ауыр ұрыс жалғасып жатқанын хабарлады. Ал, зымырандық шабуылға ұшыраған Часов Яр тұрғындары Төтенше жағдайлар қызметі жеткізген су мен азық-түлікке кезекте тұр. Ресей армиясы Бахмутты алып жатса, бұл елді мекенді шабуылдауға кіріседі деген болжам бар.

Мәскеу жаңадан шақырылған жүздеген мың резервші мен сотталғандарды пайдаланып, жаппай қысқы шабуылды бастаған еді. Алайда, екі жақ та "ет тартқыш" деп сипаттаған ең қанды майдан шебінде соңғы төрт айда айтарлықтай ілгерілеу байқалмай отыр. Қаңтар мен ақпанда орыс күштері Донецк облысында кейбір елді мекендерді басып алғанымен, Бахмутты әлі толық жаулай қоймады. Украина әскері болса, жермен-жексен болған бұл қаладан кетпеу туралы шешім қабылдап отыр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу