Жапония мен Оңтүстік Корея сауда соғысын жүргізіп жатыр ма?

3756

Азияның ірі экономикалық алпауыттары Жапония мен Оңтүстік Корея сауда соғысы алдында тұр.

Жапония мен Оңтүстік Корея сауда соғысын жүргізіп жатыр ма?

Ресми Сеул алдағы жеті жыл ішінде жергілікті материалдар, бөлшектер мен жабдықтарды зерттеу үшін 6,48 млрд доллар бөлмек. Мұндағы мақсат – жапондық импортты қысқарту. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Оңтүстік Кореяның өнеркәсіп министрі Сон Юн Моның айтуынша, Сеулдің бұл қадамы құрылғы және  материал өндірісін дамыту үшін дағдарысты ұтымды пайдалану мақсатында жасалып отыр.

Оңтүстік Корея дисплей, аккумулятор, автокөлік және басқа да құрылғылар өндірісінде қолданылатын негізгі 100 компоненттің "өзін-өзі қамтамасыз етушілігін" алдағы бес жылда жеткізілімді тұрақтандыру мақсатында арттырмақ.

Өткен аптада Жапонияның министрлер кабинеті Оңтүстік Кореяны минималды сауда шектеулері бар мемлекеттердің "ақ тізімінен" шығарып тастаған еді. Бұл құжат 28 тамызда өз күшіне енуі тиіс. Яғни енді Токио мен Сеул арасындағы алыс-беріс бәсеңдейді деген сөз. Жапония тауар экспорттау үшін бірқатар қосымша әкімшілік рәсімдерден өтуге тиіс. Құжат экспортқа рұқсат алуды айтарлықтай күрделендіріп жібереді.

Сонымен қатар 4 шілдеден бастап Оңтүстік Кореяға экспортталатын фторланған полиимид , фторлы сутегі мен резистке арнайы жеке өтініш тапсырылуы тиіс.

Сеул не үшін мұндай қадамға барды?

Бұған дейін Жапония билігі Кореяны "ақ тізімнен" шығарып тастап, жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті бірқатар химиялық заттың экспортына тыйым салды. Мұның ресми себебі бар. Жапонияның ойынша, Оңтүстік Корея Пхеньянға зымыран жасауда қолданылатын тауарларды сатып келген.

Шиелініс неден басталды?

Сеул мен Токио арасындағы сауда дауының өршуіне Оңтүстік Кореяның Жапонияға қойған талабы әсер етті. Яғни 1910-1945 жылдары аралығында Жапония отарлығында болған Корей түбегіндегі халықты мәжбүрлі түрде жұмысқа салғаны үшін өтемақы талап еткен.

Алайда Күншығыс елі кінәні мойындап, қаражат бөлуден ат тонын ала қашып отыр. Ресми Токионың айтуынша, Оңтүстік Кореяның бұл кінәраты қисынсыз. Өйткені бұл мәселе 1965 жылғы келісім негізінде шешіліп, үкімет Оңтүстік Кореяға 500 млн доллар көлемінде өтемақы төлеген.

Yonhap news агенттігінің дерегі бойынша, Оңтүстік Кореяның Жапониямен алыс-берісіндегі дефициті 2018 жылы 24,1 млрд долларды құраған. Оның 22,4 млрд доллары өнеркәсіптік материал, құрылғы және қосалқы бөлшектерді сатып алуға кеткен. 

Азия алпауыттары арасындағы дау кімнің пайдасына шешілетіні белгісіз. Бірақ бірқатар сарапшы бұл текетірес Азия экономикасына кері әсерін тигізеді деп топшылап отыр.Алайда салдары АҚШ пен Қытай арасындағы шиелініске қарағанда жеңілірек болатыны сөзсіз.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу