Аймақта құрылыс жұмыстарына пайдаланатын қарапайым шегенің өзі сырттан тасымалданады. Осы олқылықтың орнын енді жас кәсіпкер Ерсін Өтеев толтырмақ. Алдымен "Бастау бизнес" жобасы бойынша 1 айлық курс оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген Ерсін "Қызылорда өңірлік инвестициялық орталық" арқылы 5 млн теңге несиеге қол жеткізеді. Бұл қаражатқа өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, алғашқы өнімдерін шығара бастады.
"Кішкентайымнан темірге үйір болған соң, осы жобаны таңдадым. Бұл жобаның қазіргі таңда Қызылорда облысында баламасы жоқ. Қазақстан бойынша 4-5 өңірде ғана бар. Сондықтан зерттей келе, осы жобаны қолға алдым. Кәсіпкерлік палатасының тегін оқуының арқасында білімімді шыңдап, жобамды сәтті қорғағанымның арқасында грантқа ие болдым. Бір ғана шегемен шектелмей, қоршауға арналған тор мен тікен сымда шығарып жатырмыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, қондырғымыз минутына 260 дана шеге шығарса, тікен сымның бір сағатта 60-70 метрін шығарады, тор сеткіні де сол уақытта 60-70 метр өнімді дайын күйінде шығарып береді", – дейді Ерсін Өтеев.
Негізгі шикізат Қытай мен Ресейден келетіндіктен, қазір цех толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Дегенмен бұңдай құрылыс материалдарына өңірде сұраныстың жоғары екенін айтады кәсіпкер.
"Шикізаттың негізі қалың немесе орташа, қатты немесе жұмсақ сым. Оны біздің елімізде бірнеше зауыт шығарады. Біз негізінен Ресейден алдыртуға тырысамыз. Өйткені Қазақстандағы бағамен шетелдегі бағада айырмашылық бар. Бірақ карантиннің кесірінен шикізат әкелу жолдары қиындап, жұмыс уақытша тоқтап тұр. Ал сұранысқа келсек, аудан халқынан-ақ тапсырыс көп. Өйткені көлемі 70-тен 150 мм шегелер кез келген құрылысқа қажет",– дейді кәсіпкер.
Отбасылық бизнестің іргетасына айналған кәсіпте Ерсін темірден түйін түйсе, інісі Ермек – ағаш шебері. Тұрмысқа, кеңсеге қажетті жиһаздардың кез келген түрін жасайды. Ермек "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша былтыр несие алып, кәсібін кеңейтіп, қосымша заттар сатып алды. Қазіргі таңда ол ауыл тұрғындарының сұранысын толықтай қамтамасыз етіп отыр.
"Кәсібімді кеңейту мақсатында жаңа станоктар алдым. Ағаш кесіп, ою салам. Тапсырыстарды түрлі нақышта жасаймыз", – деді ағаш шебері Ермек Өтеев.
Қазір оның жиһаз цехында 3 жігіт жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты – сапалы дүние шығару, сондықтан да тапсырыс жиі түседі екен. Кәсіп иесі алдағы уақытта тағы да бірнеше станоктар алып, өндірісін ұлғайтпақ.
Нұрбек Дәуренбеков