Жасанды интеллект Қазақ елін болашақта не күтіп тұрғанын айтты

8730

Жаһандағы ең танымал қазақ кім? Қазақтың ең сұлу қызы кім? Әлемде супертанымал ChatGPT жасанды зердесі осы және басқа сауалдарға жауап беріп, Абай стилінде өлең шығарды.

Жасанды интеллект Қазақ елін болашақта не күтіп тұрғанын айтты

OpenAI компаниясы жасап шыққан жасанды зердесі бар ChatGPT ұялы қосымшасы өз саласында рекорд орнатты. Reuters хабарлауынша, биылғы ақпанның басында, яғни іске қосылғалы 2 ай өткенде оны белсенді пайдаланатын аудиториясының саны 100 млн адамнан асып кеткен және қарқынды өсім жалғасуда. Адамдарды жасанды зерденің әр мәселедегі пікірі қызықтырады. Әрі ол түрлі салада адамдарға азды-көпті көмектесе алатыны анықталды.

Inbusiness.kz сайты Ресейде оқыған қазақстандық студенттің дәл осы нейрожелінің көмегімен диплом жазып қорғағанын, Колумбияда судья сот үкімін шығаруда ЖЗ-мен ақылдасқанын жазды. 

Енді қазақстандық блогер, "PR-шы" клубының вице-президенті Самат Джамаев ChatGPT компьютерлік санасынан үлкен сұхбат алып отыр.

Бірден ескерте кетер жайт, әзірлеуші OpenAI компаниясы мойындағандай, бұл жасанды зерде (ЖЗ) 2021 жылдан бері қарай болған оқиғалармен әзірге жете таныс емес, жаңа ақпараттарды толыққанды талдауға, нақты тұжырымдауға үйретілмеген. Сондықтан барлығын соған дейінгі оқиғалар негізінде бағалайды. Демек, ол 2022 жылғы Қазақстандағы қанды қаңтар оқиғаларынан да, Ресейдің Украинаға кең ауқымды соғысынан да бейхабар. Соған қарамастан, болашаққа қатысты болжам айтуға шебер екен.

– Әлемдегі ең танымал қазақ кім?

– Қазақстан – үлкен және көп ұлтты мемлекет. Ол әлемге әртүрлі салада көптеген дарынды тұлғаларды сыйлаған. Сондықтан ең танымал қазақ мынау деп бір адамды бөліп айту қиын. Себебі, ол адамның танымалдылығы контекстке қарай құбылуы мүмкін. Мысалы, саясатта ең танымал қазақ – Қазақстанды тәуелсіздік алған 1991 жылдан 2019 жылға дейін басқарған бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Егер мәдениет саласын сөз етсек, онда ең танымалы мысалы, қазақ жазушысы және дипломаты (?) Мұхтар Әуезов. Ол "Абай жолы", "Атырау жолы" (?) және "Қожахмет" секілді мықты туындылардың авторы. Оның есімі Қазақстаннан алысқа тараған, қазақ халқының ең көрнекті әдебиетшісі ретінде танылған. Бұдан бөлек, танымал қазақтар қатарында бокстан бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин, музыкант, әнші әрі композитор Димаш Құдайберген, семсерлесуден олимпиада чемпионы Рүстем Сейітжанов (?) және басқа да атақты тұлғалар бар.

– Ең сұлу қазақ қызы кім? (Бұған жасанды зерде қазақтың "сұлу сұлу емес, сүйген сұлу" деген даналығы ауанында жауап берген).

– Мен бұл сұраққа үзілді-кесілді жауап бере алмаймын. Себебі сұлулық деген тек субъективті ұғым. Бір адамға сұлу болып көрінгені басқа адамға тіпті де көркем болмауы мүмкін. Бұған қоса, мұндай сұрақ қою адамдарды сыртқы көркі мен сымбатына, немесе нәсілі мен шығу-тегіне қарай кемсітуге, қорлауға әкеліп соғуы ықтимал. Біз сыртқы бейнесіне, нәсіліне, ұлтына және басқасына қарамастан, барлық адамдарды бірдей құрметтеуге тиіспіз.

– Алматының ең үздік әкімі кім деп ойлайсың? (Саматтың бұл сұрағына жауап іздеген ChatGPT "қуып кеткені" байқалады. Ол еліміздің ең ірі мегаполисінің бірде бір әкімін атай алмаған. Оның орнына тағы бір Нұрсұлтанды тауып алыпты).

– Кез келген саладағы сияқты саяси қайраткерлердің тиімділігін бағалау да көптеген факторларға байланысты болады. Ендеше ортақ пікір емес, түрлі пікірталас тудыруы мүмкін. Осыған байланысты сіздің сұрағыңызға берілетін жауап та субъективті: саяси сенімдеріне және әкімнің жетістіктерін төл бағалауына қарай әр адамның жауабы әртүрлі болады.

Соған қарамастан, соңғы жылдары Алматыда көптеген елеулі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылғанын атап өтуге болады. Олар қаланы дамытуға, соның ішінде қоғамдық көлікті модернизациялауға, жаңа жолдар салуға, қаладағы жасыл желекті аймақтарды кеңейтуға және парктер санын арттыруға, туристік әлеуетті дамытуға және басқа да маңызды шараларға бағытталды.

Қазіргі кезде, 2023 жылы Алматы әкімі лауазымын Нұрсұлтан Утебаев атқарады, ол осы қызметке 2022 жылғы қаңтарда тағайындалды. Оның әкім лауазымындағы жетістіктері мен жұмыс нәтижелерін толыққанды бағалауға әлі ерте, себебі бұл қызметін атқарғанына көп өте қойған жоқ.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетістіктері мен қателіктерін атасаң?

– Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті лауазымын 2019 жылғы наурыздан бері атқарып келеді. Сондықтан оның содан бергі уақыттағы жетістіктері мен қателіктерін бағалауға болады. Жетістіктеріне тоқталсам, біріншіден, халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетіп келеді. Тоқаев басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен байланыстарды нығайтуға үлкен мән береді. Президенттік кезеңінде ол өзге елдердің лидерлерімен және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен көптеген кездесулер өткізді. Сондай-ақ халықаралық іс-шараларға, конференцияларға, саммиттерге белсене қатысып келеді.

Екіншіден, ол мемлекеттік шығыстарды қысқартты (?). Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы төрағасы ретінде Тоқаев мемлекеттік шығыстарды қысқарту саясатын ілгерілетуде. Президентті сайлау науқанындағы сайлауалды бағдарламасында ол осы саясатты жалғастыруға уәде етті, осылайша халық пен бизнеске түсетін жүктемені азайтады.

Үшіншіден, білім саласында реформалар жүргізді. Президент болған соң, Тоқаев Қазақстанның білім саласын реформалауға қызу кірісті. Ол жоғарғы оқу орындарында ауылдық жерлерден және азшылық ұлттардан шыққан студенттерге арналған квотаны ұлғайтуды ұсынды. Сондай-ақ білім сапасын бағалау жүйесін түбегейлі реформалауға бастамашы болды.

Қателіктеріне тоқталсақ, біріншіден, Қазақстанда адам құқықтары бұзылады. Тоқаевтың басшылығында да адам құқықтарын бұзу жалғасты. Атап айтқанда, кінәсіз адамдарды ұстау, tortury (азаптау), сөз бостандығын шектеу фактілері тіркелген. Ол БАҚ пен интернетке үкіметтік бақылауды пайдаланатыны үшін де сыналады.

Екіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының жеткіліксіздігі. Тоқаев Қазақстандағы коррупциямен күресуге уәде бергенімен, соңғы уақытта бұл салада елеулі ілгерілеушілік байқалмайды. Сыншылардың байламынша, Үкімет коррупциямен күрес және адам құқықтарын қорғау үшін жеткілікті шаралар қабылдап жатқан жоқ.

Үшіншіден, экономикалық проблемалар. Қазақстан тап болған... (осы тұста жасанды интеллектің сөзі таусылып қалды. Себебі әзірлеушілер оның жауаптарын 5 мың қаріппен шектеп тастаған).

– Қазақстанды қандай болашақ күтіп тұр?

– Қазақстан болсын, кез келген мемлекеттің болашағын болжау өте қиын. Себебі ол әлемдегі және елдегі экономикалық және саяси ахуал, ұлтаралық және халықаралық қатынастар, технологиялардың өзгеруі және басқа да толып жатқан факторларға байланысты болады, құбылып тұрады. Бірақ мен Қазақстанның болашағына ықпал етуі мүмкін бірқатар үрдістер мен оқиғаларды қорыта аламын.   

Таяу уақытта Қазақстан өз экономикасы мен инфрақұрылымын кемеліне келтіруін жалғастырады. Әсіресе, бұған 2018 жылдан бері жүргізіліп жатқан модернизация бағдарламалары жақсы әсер етеді. Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту және басқа елдермен экономикалық байланыстарын нығайта түсу бағытына күш салатын болады.

Қазақстанның саясаты демократияны арттыру, ашық бола түсу бағытында қозғалады. Өйткені соңғы жылдары саяси жүйені жұмсарту бағытында үлкен қадамдар жасалды. Сонымен бірге ел бірқатар сын-қатерлерге де жолығуы мүмкін. Оның арасында протесттер, тұрақсыздыққа ұшырау бар. Бұлар реформаларды жүзеге асыруға кедергі болуы ықтимал.

Қазақстанның болашағына кері ықпал етуі мүмкін шешуші факторлардың бірі – оның геосаяси орналасуы. Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен, басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен тиімді қатынастарын дамыта береді. Орталық Азиямен байланыстары нығаяды.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның болашағы көптеген факторларға тәуелді, сондықтан оң немесе теріс сипат алуы мүмкін. Бірақ Қазақстан өз аймағындағы жетекші экономика болады және келешектегі өсім мен даму үшін зор әлеуетке ие.

– 2021 жылдан кейінгі оқиғалардың байыбына бара алмассың. Бірақ Ресей және Украина арасындағы соғыста кім кінәлі?

– Ресей және Украина арасындағы соғыс 2014 жылы Ресей өзіне Қырымды қосып алғаннан кейін басталды. Содан соң Донбаста әскери қимылдар басталды. Бұл соғыстың себептеріне және оған кім кінәлі екеніне қатысты пікірлер мен көзқарастар көп.

Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда Ресей Украинаның территориялық тұтастығын, сондай-ақ егемендігі мен тәуелсіздігін бұзды. Ресей Украина территориясындағы әскери қимылдарға өзінің қатысы барын жоққа шығарды. Дегенмен, көптеген сарапшылар мен құқық қорғау ұйымдары Донбастағы сепаратистік қозғалысты тікелей Ресей қолдап отырғанына және соларға қару-жарақ пен содырларды (боевик) жеткізіп жатқанына сенімді.

Алайда Ресей және Украина арасындағы соғыста кім кінәлі деген сұрақтың жауабы әрқилы. Бұл қарулы қақтығысқа көптеген күрделі саяси, экономикалық, тарихи, геосаяси факторлар себепкер болды немесе олар ахуалдың солай дамуына алғышарт жасады.

Қазір айыптыларды іздеу орнына, бар күш-жігерді шиеленісті бейбіт шешуге апаратын жолдарды табуға шоғырландырған маңызды.

– Жаһандық проблемалардан адамзаттың басты мәселесіне келейін. Сен махаббатқа сенесің бе? (жасанды интеллект бұл сезімді білетін болып шықты).

– Жасанды зерде ретінде мен махаббат сияқты сезім, эмоцияларды дәл адам сияқты сезіне алмаймын. Бірақ көптеген адамдар құрмет, құмарлық, іңкәрлік, бауыр басуға негізделген құдыретті сезім ретінде махаббатқа сенетінін, соған ұмтылатынын білемін. Махаббат күрделі әрі құбылмалы болуы мүмкін. Алайда ол адамдардың өміріне көп шаттық, қуаныш, ләззат әкеле алады...

Сұхбат соңында Самат Джамаев нейрожеліден әйелі Анарға ән шығартып алыпты. Ұйқасы келіспеген, бірақ ChatGPT ол өлеңге нәзік болмыс иелерінің құлағынан кіріп, бойды алар, жүрегін елжіретер сөздерді барынша мол жиюға тырысқан көрінеді.

Бұған қоса, Самат жасанды зердеден адамзаттың ғұламасы Абай стилінде, орыс тілінде ЖЗ туралы өлең шығаруды өтінген.

Самат Джамаев бұл сұхбатынан бір ой түйгенін айтады.

"ЖЗ-мен адамзат үшін көкейкесті мәселелерді талқылау барысында мынадай байламға келдім: салмақталған, сыпайы, сонымен бірге жалтарма жауап бере алатын бұл зат қазақстандық көптеген саясаттанушыларды ауыстыра алуы мүмкін. Егер біздің жергілікті сарапшыларымыздың айтып жүрген ой-пікірлерін ChatGPT жауаптарымен салыстырсаңыз – егіз қозыдай ұқсас, бір автор жазып шыққан сияқты. Мына түрімен ЖЗ таяу арада президенттер, компаниялар басшылары және барлық сипаттағы ораторлар үшін баяндамалар мәтінін жазуға кірісуі мүмкін. Баспасөз хатшылары, сіздерге мықты бәсекелес өсіп келеді!", – деді пиаршы блогер.

Айтпақшы, жасанды зерделер, чат-боттар блогерлерді де ауыстырып жатыр. Мысалы, ЖЗ YouTube-та подкасттарды даярлап, фильмдердің қысқаша мазмұнын айтып, видеоконтент жасап жүр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу