АҚШ Қорғаныс министрлігінің Перспективті зерттеу жобалары агенттігі AlphaDogFight жарысы аясында бұрын-соңды болмаған тосын сынақ жүргізді. Модельденген, шынайы өмірге барынша жақындастырылған виртуалды майдан даласында жасанды зерде (ЖЗ) басқаратын және білікті, тәжірибелі ұшқыш тізгінін ұстаған жойғыш ұшақтардың өзара шайқасы өткізілді. Бұл ретте тірі ұшқыштар шаршап қалғандықтан, бірін-бірі ауыстырып отырды.
Қос тарапқа да мол мүмкіндік беруі үшін шайқас бірнеше раундтан тұрды. Қорытындысы қандай? ЖЗ ең майталман ұшқыш адамдарды 15:0 есебімен (!) ұтты. Бәрінде де ол пенделер мінген жойғыш ұшақты аяусыз соққылап, тып-типыл қылып талқандаған. Бұл масқара нәтиже әскерилердің төбе шашын тік тұрғызды. Сарапшылардың ортақ пікірінше, ЖЗ тек адамнан жақсы соғысумен шектелмеген. Ол "мүлдем басқаша" соғысқан.
Мысалы, жол бермеуге бекініп, өзара тайталасқан қошқарлардай, қос ұшақ бір-біріне бетпе-бет келіп, қарсы ұмтылғанда, Heron Systems жасанды зердесі алдыңғы блоктан ату тәсілін қолданған. Пилоттарды даярлау кезінде мұндай атысқа тыйым салынады. Өйткені алдағы көрініс бұлыңғырланып, қарсы ұшқан истребительдер бір-бірімен соқтығысуы мүмкін. Мұндай шайқаста бастысы бір-бірін сүзе құлау емес, жақындағанша қарсыласты жарып жіберіп, өзінің бұлтаруына, кілт маневр жасауға мүмкіндік қалдыру болмақ. Ал ЖЗ-ның "жанары" адамға қарағанда қырағы. Ендеше қалаған тәсілді еркін қолданады, әскери ұшақтың барлық мүмкіндігін пайдаланады.
Сорақысы сол, мамандар жасанды интеллектке толық қуатта соғысуға мүмкіндік бермепті: оған 200 миллисекунд кідіріс түрінде шектеу қойды. Себебі адамдар арасындағы ең үздік мамандарға да ойлау мен шешім қабылдау үшін ең құрығанда осынша уақыт қажет болады. Егер сол кідірісті алып тастаса не болмақ?
Шайқастан салы суға кетіп, естен танардай әбден жүнжіп шыққан ұшқыштардың бірі ЖЗ әлеуетін "адамға бұйырмаған қабілет" деп бағалады. Жасанды интеллект бір секундтың ішінде үстемелете әрі жоғары дәлдікпен атыс жүргізе алатын көрінеді. Ол әрбір оғын, снарядын қалаған нүктеге дөп тигізеді. Айталық, он шақырым қашықтан масаны атып түсірер еді. Мұндай дәлдік ешбір адамның қолынан келмейді деген байлам жасалды.
Тағы бір үрейлі жайт: Америка Қорғаныс министрлігінің Перспективті зерттеу жобалары агенттігі Heron Systems жасанды зердесін дәл осындай тәсілдермен, жаңа тактикамен шайқас жүргізуге ешкім бағдарламағанына назар аудартты: "ол оны өзі ойлап тапқан".
ЖЗ жүйесінің адамнан жақсы соғысып қана қоймай, тіпті әлдебір жатпланеталықтар сияқты адамнан басқаша соғыс өнерін ойлап табуы оның майдан даласында барлық артықшылықты иемденіп алуына мүмкіндік береді.
Америкалық жаңа қауіпсіздік орталығының (Center for a New American Security) зерттеулер жөніндегі вице-президенті, осы тақырыпқа арналған "4 майдан: жасанды зерде дәуіріндегі билік" (Four Battlegrounds: Power in the Age of Artificial Intelligence) кітабының авторы Пол Шарре (Paul Scharre) қазірдің өзінде ЖЗ артықшылықтарын қолданатын армиялар майдан даласында өз мүмкіндіктері мен қабілетін бірнеше есе тиімділікпен қажетке жарата алатынын жеткізді.
Айтпақшы, АҚШ Украинаға көмектесу аясында контршабуылдарды жоспарлауға жасанды интеллектті жұмылдырып жатыр. Бұл ресейлік әскер күтпеген тактикаларды түзуге де көмектесуге тиіс.
Пол Шарренің мәліметінше, бүгінде Америка ЖЗ-ны екінші ұшқыш ретінде де пайдалана бастады. Яғни, ол да шешім қабылдауға қатыса алады.
"Бірақ ЖЗ адамға қарағанда мүлдем басқаша ойлайды. Олар серіктесе жұмыс істеуі үшін ЖЗ-ның бірегей қуатының оң және теріс тұстарын түсіне білу қажет. Осы мақсатта ұшқыштар, жауынгерлер ЖЗ жүйелерімен бірлескен жаттығулар, әскери ойындар, сынақтар өткізіп, оны мүмкіндігінше егжей-тегжейлі тануы шарт. Бұл оларға жасанды зерденің соғыстағы әлеуетін, тәсілдерін ұғынуға мүмкіндік береді", – деді П.Шарре.
Ол AlphaZero жасанды интеллектін мысалға келтірді: ол интернетке қосылысымен, шахматты өз бетінше үйреніп алады. Содан соң шахмат гроссмейстерлерін жаппай жеңе бастады.
Шахмат эксперттерінің мойындауынша, AlphaZero шахмат тақтасында қарсыластың патшасына қарсы адамның ақылына симас шабуылдар ұйымдастырады. Мысалы, ол болашақтағы жеңісті жүріс үшін ойын бастала сала, ертерек фигураларын құрбандыққа шалады. Яғни, келешекте көбірек мүмкіндік беретін, артықшылықтар ұсынатын жүрістерді бірден таңдайды. Салдарынан, онымен ойнаған гроссмейстерлердің өзі белгілі бір фигураның не үшін құрбандыққа шалынғанын бастапқыда түсіне алмай дал болған. Жасанды зерде сол арқылы қарсыласының патшасына шабуыл жасау үшін жақсы позиция ашып алғанын көп кейін біліп, өкініштен бармағын шайнаған екен.
Жалпы, қазіргі кезде ЖЗ-ны бұл ойында жеңетін пенде қалмады деуге болады. Сондықтан шахматшыларға енді бірін-бірі жеңгеніне мәз болу қалады.
Сарапшының байламынша, ойында болсын, майдан даласында болсын, ЖЗ ұтқырлық жөнінен алдына қара салмайды, лезде шешім қабылдайды, шабуылдардың бірнеше комбинациясын қатар қолданады.
Сонымен бірге ЖЗ адам сенбес дәлдікті, қарқындылықты, координацияны паш етеді. Алаңда ғана емес, айналада не болып жатқанын қатар бағамдайды, соның негізінде үйлесімді шешім қабылдайды. Қолында бар ресурстарды босқа рәсуаламай, ұтымды, орынды, оңтайлы пайдаланады. Адамға тән аяушылық оған жат, егер бағдарламасында нақты шектеу болмаса, адамзат аиуандыққа теңер агрессивтілік танытуы мүмкін. Тәуекелге бейім, ЖЗ өлемін деп қорықпайды.
П.Шарренің пікірінше, бұл артықшылықтар қабыса келе, теңдессіз, алапат жиынтықты эффект береді және ол кез келген қарсылас үшін жойқын, күйретуші сипатқа ие болады. Жан шақ келтірмейді.
Мысалы, Соғысты зерттеу институтының (ISW) хабарлауынша, Украинадағы соғыста қарсыластар тәулігіне 10 мың снарядқа дейін шығындайтын кездері болады екен. Соның ішінде шабуылдаған бір танкті жою үшін ондаған снаряд атылуы мүмкін. Соның өзінде жарылған әскери техника ішіндегі экипаж сыртқа сау етіп, қашып үлгереді. Ал егер артиллерия ЖЗ басқаруында болса, оған бір снаряд та жетер еді: танктің ең талмау тұсын және экипаждың бірін қалдырмай жоятын осал жерін дәл анықтап, оқ-дәріні сол жерге дөп қадар еді.
Әзірге ЖЗ жасаушылар әскери мақсаттағы осы өнімдерін StarCraft II, Dota 2 сияқты компьютерлік атыс-шабыс ойындарында сынап, өнімділігін тексеріп жатқан көрінеді. Яғни, компьютерлік ойындар сынақ полигонына айналды.
Бір ғана дерек: жасанды зерде өзіне қарай атылған оқтың не снарядтың ұшу траекториясын тез есептеп, одан жалтара алады. Адамда мұндай қабілет жоқ.
Шахматта гроссмейстерлер тек 15–20 жүрісті алға оза бағалап отыра алады. AlphaZero болса, секундына 60 000 позиция ілгері ойлайды. Соғыста әрбір секунд маңызды, ал адамға тән ойлау қабілеті мен рефлекстердегі шабандылықтан жасанды зерде ада. ЖЗ майдан даласында жаудың барлық әскери объектілері мен жауынгерлерін қатар нысанаға алып, барлығын бір мезгілде жоя алады.
Inbusiness.kz таяуда Илон Маск, Стив Возняк және Юваль Ной Харари сияқты мыңнан астам эксперт жетілген жасанды зердені (ЖЗ) әзірлемес бұрын ЖЗ-ны шектейтін "қауіпсіздік хаттамаларын" жасауға шақырып, ашық хат жариялағанын жазды. Бірақ артынша Илон Масктың өзі төл жасанды интеллектін әзірлеуге кіріскені белгілі болды. Бұл жаппай жарыстың соңы жер бетінен адамзаттың жойылуына соқтырмасына еш кепіл жоқ.