Жастар баспанасы бағдарламасының кемшілігі неде

14481

Бағдарламаның қағидалары қайта қарауға жіберілуі мүмкін.  

Жастар баспанасы бағдарламасының кемшілігі неде

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың биылғы жылғы 29 тамыздағы №318 бұйрығымен "Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары" бекітілген болатын.

Бұл шара 2019 жылы Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасын іске асыру аясында қабылданды. Жыл болса аяқталуға таяу. Алайда жастар өздеріне тиесілі баспаналарға қол жеткізе алмауда.

Өйткені бағдарламаның қаптаған шектеуі осыған зәру қаншама жасты шеттетуде. Біріншіден, "жұмыс істеп жүрген жастарға" тек 29 жасқа толмағандар ғана кіреді. Екіншіден, өтініш берушінің ай сайынғы табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен (2019 жылы – 101 мың теңгеден) аз болмауға тиіс. Ал елімізде 28 жасқа дейінгі жас жұмысшылардың көбі бұдан көп еңбекақы алмауы ықтимал.

Үшіншіден, тіпті сәйкес келгеннің өзінде тек балдары көптері өтеді.

Балды қалай көп жинауға болады?

Жас маман "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша нарықта сұранысқа ие 100 кәсіп тізбесіне сәйкес бір кәсіпті меңгерсе, оған 10 бал беріледі.

Үйленген болса, 5 бал және некеде тіркелген әрбір жылы үшін 2 балдан қосылады. Оның үстіне 1 баласы болса, 1 бал және одан басқа балалары болса, онда әрқайсысы үшін 2 бал олжалайды.

Жеке кәсіпкер (ЖК) болып тіркелгеніне ең кемі 1 жыл толса 5 бал, одан кейінгі әрбір жыл үшін 1 бал. Түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болса, тағы 2 бал. Бюджеттік ұйымдарда еңбек етсе, 5 бал, өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балдан.  Егер банкте депозиті болса, жинақтардың әрбір жылы үшін 2 балдан үстемеленеді.

Ең жоғарғы көрсеткіш – 100 бал. Жеңіске жеткен үміткерлер айына небәрі 5 мыңнан 15 мыңға дейінгі жалдау ақысын ғана төлеп, жаңа пәтерге қол жеткізеді.

Алайда ол баспаналар барлығына бірдей қолжетімді емес көрінеді.

"Бағдарламада бір кереғар талап бар. Мәселен, 2 жыл бойы қалада тұрақты тіркеуде болуың керек. Мен елордада 4 жылдан бері тұрақты тұрып келемін. Бірақ баспанасы жоқ адамда қайдан "тұрақты тіркеу" болсын?! Уақытша тіркеліп қана жүрмін. Сондықтан уәкілетті органнан тұрақты тіркеуім болмаса да, астанада үнемі тұратынымды растайтын басқа дәлелдер ұсынсам, соның негізінде құжаттарымды қарауға мүмкіндік беруді сұраймын", – дейді Дария Саматова.

Ол мысалы жұмыс орнынан осыны растайтын анықтама, ал БЖЗҚ-дан көшірме құжат әкелуге дайын. Себебі зейнетақы қоры жас маманның бірнеше жыл бойы барлық жарналарды үздіксіз тек елордадан аударып келгенін растай алады. Алайда мұндай құжат бағдарлама қағидаларында көзделмеген. Д.Саматова 2 жыл тұрақты тіркеуде тұрғаны туралы құжатты таба алмайтынына қамығады.  

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл жағдайда көмектесе алмайтынын алға тартты. Себебі оның бұйрығымен бекітілген "Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары" Үкімет қаулысымен бекітілген "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы талаптарына сай дайындалыпты.

Тиісінше, баспана алғысы келсе, жас адам 2 жыл тұрақты тұрғанын растайтын құжат табуы міндет.

"Тұрақты тіркеусіз, бірақ Нұр-Сұлтан қаласында тұратынын растайтын өзге дәйектемелерді ұсына отырып, құжаттарды қарау мүмкіндігі "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы талаптарына сай келмейді. Әйткенмен, Елбасы тапсырмасына сәйкес, жұмысшы жастарды баспанамен үш қалада 3 жыл бойы қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады. Ендеше мұндай азаматтар биыл ілікпегенімен, 2020 және 2021 жылдардағы конкурстарға қатысып, құжат тапсыруына болады", – дейді Д.Абаев.

Индира Ильясова да осындай қиындыққа кезігіпті.

"Жастарды қолдаймыз дегесін, неменеге тіркеу бойынша шарттармен кедергі құрып отырғанын түсінбеймін. Мен Астана қаласында 7 жыл бойы тұрақты тіркеуде тұрдым. Алайда үй иесі мені құлағдар етпей, тіркеуден шығарып тастапты. Тек мекенжай анықтамасын алу қажеттілігі туындағанда ғана тіркеуде жоқтығымды білдім. Осы уақытта мен басқа қалада тұрақты тіркелген емеспін. Шекарадан асып, Қазақстаннан кеткен жоқпын. Сол оқиғадан кейін 2015 жылдан бері бір мекенжайда тұрақты тіркеуде тұрдым. Биылғы шілдеде қожайыны тағы да құлағдар етпей, тіркеуден алып тастапты. Неге мен осыған бола бағдарламаға құжат тапсыру құқығымнан айырылуға тиіспін? Мемлекет бізді жәбірлеп жатыр", – деп ашынады Индира Ильясова.

Осындай тұйыққа тап болған, жетімбұрыш жағалаған жастар жетерлік. Онсыз да тауы шағылып жүрген баспанасыз жас ұрпақты билік ары қарай мазақ қылғандай, бағдарламаға қатысуға да жібермейді.

Жұмысшы жастар басты шарт ретінде жас маманның әлдебір үйде тұрақты тіркеуде тұрғаны емес, үш мегаполистің бірінде тұрақты салық төлейтін кәсіпорында 2 жыл қатарынан жұмыс жасағаны неге ескерілмейтініне назаланады.

Бұл ретте мегаполистердің бірінде туыстары бар жастар ғана солар арқылы амалдап бағдарламаға өте алуда.

Жас бизнесмен Еркін Ғабделов бағдарламаның тағы бір олқылығына назар аудартады.

"Жасым 27-де. Үйленгенмін. Құжаттар қабылдауы 5 қарашада бастау алған жастарға арналған арендалық баспана бағдарламасына қатысқым келді. Менің 2017 жылы ашылған төл бизнесім – "Autoproject" ЖШС-ым бар. Шағын болғанымен, тұрақты айналымға ие. Бірақ әділетсіздікке маңдай соқтым. Өйткені бағдарлама тек ЖК (ИП) иелеріне ғана бал береді. Ал zhilfondnursultan мамандарының айтуынша, бұған ЖШС-лар ілікпейді. Бағдарлама басқа нысандағы бизнесі бар жастарға неге қырын қарайды?" – дейді Еркін Ғабделов.

Мұндай шағымдар жауапты мемлекеттік органға және әкімдіктерге көп түсуде.

"Бұл ұсыныс-пікірлер ескеріледі. Біз оларды бейінді салалық ведомство – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бағыттаймыз. Қаралу кезінде оң шешім қабылданса, онда тиісті қағидаларға өзгерістер енгізілетін болады", – дейді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Алматы әкімдігі жұмыс жасайтын жастарға Алатау ауданындағы Көкқайнар ықшамауданында орналасқан 249 пәтерді бөлгенін хабарлады. Ал үміттенушілер саны бұдан он еседей көп.

Нұр-Сұлтан қаласында жұмысшы жастардың жалдауына Уәлиханов – Сейфуллин – Бөгенбай батыр – Жангелдин көшелері ортасында орналасқан, "Артем" базары жанындағы жаңа заңғар үйлерден таза әрленген 1 050 пәтер бөлінуде. Оның ішінде 848-і – 30–45 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерлер. Қалған 202-сі – 46–70 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерлер. Жалдайтындар айына 5–15 мың теңгені және коммуналдық төлемдерді төлеуі тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу