Жастардың 90%-ы партиялардан ат-тонын ала қашты

1661

Қазақстанда биыл жастардың саны 2 миллионға күрт артты. Оның себебін inbusiness.kz тілшісі анықтады.

Жастардың 90%-ы партиялардан ат-тонын ала қашты Фото: martebe.kz

Жастар саясатпен айналысқысы келмегендіктен, онымен саясат айналысты. Бұрынғы билік үшін сән-салтанатты ірі шараларға жастардың қаптап қатысуы – міндетті элемент, өзіндік бір фетиш сияқты еді. Бірінші Президент қатысатын барлық ірі шараға қалың нөпір халықтың жиналғанын бейнелеу үшін жастар "массовкасы" жұмылдырылатын. Бас қаладағы Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, ЭКСПО кешені, сонымен қатар өзге өңірлердегі басқа да алып залдарды партиялық, волонтерлік жастар ұйымдарының өкілдерінен құралған өзіндік "элита" толтыратын. Оларға арнайы киім, сыртқы киім (куртка), рюкзактар үлестірілетін, кейде тіпті кейтеринг арқылы тамақтандырылатын.

Ал "бұқара жастар" елордадағы Қазақ елі монументінің, Бәйтеректің алды сияқты сырттағы алаңдарда өтетін іс-шараларға тартылушы еді немесе бұрынғы Мемлекет басшысының ұзынсонар кортежі өтетін жолда дәліз түзіп, қыста үскірік аязға, жазда ми қайнатар ыстыққа төзіп, жаңбыр астында малмандай су болып тұратын, "қуана" күліп, шыңғыра шаттанып, жалаушаларды биік желбіретуге мәжбүр болатын.

Осы жастар нөпірін қалалардағы әр университет пен колледж кейде кезек-кезек, кейде бір мезгілде бөлуге міндеттелді. Әсіре белсенділік танытып, билікті қоштауда жастар ресурсын асыра пайдаланған қаншама ректор марапатқа қарық болып, марқайды, бірқатары мансап сатысында өсті. Ал мұндай саясаттан қашық болғысы келіп, қашып кетуге бейім тұратын студенттерді кураторлары, оқу орны басшылары оқудан шығарумен қорқытып, жуасытатын.

Сондай ерікті-мәжбүрлі шаралар мемлекеттің жастар саясатының ұстынын құрады. Бертінде Тоқаевтың командасы жастарды жаппай жұмылдырудан бас тартты, көбіне мемлекеттен қолдау көретін, гранттық қаражатты игеретін жастар ұйымдарының белсенді өкілдеріне жүгінеді.

Онжылдықтар бойы ағалардың өзін төл саяси мақсатына жетудегі "ойыншығы" ретінде теріс қолданғанынан жалықты ма, әлде зәрезап болды ма, кім білсін, қазақстандық жастар саясат десе, ат-тонын ала қашады екен. Олардың тоқсан пайыздан астамы партиялардың ешқайсысын жақтамайтынға ұқсайды. Бұл туралы "Қазақстанның мемлекеттік жастар саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының" жаңа жобасында атап көрсетілген. 

"Жастардың елдегі қоғамдық-саяси процестерге тартылуы олардың мемлекеттік басқару жүйесіне қатысуымен, саяси партияларға мүше болуымен, Мәжілісте және мәслихаттарда өкілдік етуімен, сондай-ақ жастар ұйымдарының қызметіне белсене атсалысуымен айқындалады. Алайда жас қазақстандықтардың басым бөлігі – 90,9%-ы саяси партиялардың ешқайсысына мүше емес. Мәжілісте 2022 жылы 35 жасқа дейінгі 7 депутат болды. 2021 жылы сайланған мәслихат депутаттары арасындағы жастардың үлесі небары 8% немесе 3276 депутаттың 264-і ғана", – делінген ресми құжатта.

Қазіргі кезде бірнеше жаңа партия құрылуда. Демек, жастар саясаттан жаппай жеріп жатса, алда жастардың серкесі саналатын саяси белсенді, лидер жастардың тапшылығы туындауы ғажап емес.

Осыған қарағанда, Президенттің әйелдермен бірге жастарға алдағы Мәжілісте барлық депутаттық мандаттың 30 пайызы көлемінде квота бөлуі асығыстық болғанға ұқсайды. Жастардың 90,9%-ы мүше болуға қызықпайтын партиялардың атынан сайланған жас депутаттардың жастар алдында беделі қайдан болады?

Қынжылтатыны сол, Парламентте отырған жас депутаттардан 2021 жылдан бері елдің, ең болмағанда жастардың жағдайын күрт жақсарта алатын ілкімді идеялар, тегеурінді бастамалар, жасампаз жобалар байқала қоймағаны жасырын емес.

Бірақ бұл қазақ жастарын бәрі қанағаттандырады, олардың бәріне көңілі тоқ дегенді білдірмейді. Өкінішке қарай, мұны "қасіретті қаңтар" оқиғалары паш етті. Бас прокурор Берік Асыловтың мәліметінше, қаңтар оқиғалары кезінде негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгі жігіттер, қыздар болған.

Бүгінде жастардың үлкен бөлігі, соның ішінде сом білек спортшылардың біразы жат ағындардың жетегінде жүргені құпия емес, қорқыныш тудыратын жайт. Бұған әрине, тосқауыл қойылғаны жөн.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де қазақстандық жастар саясаттан қашық деп санайды. 

"Қазақстандық жастардың құндылықтары мен бет қойған негізгі бағдарлары негізінен саяси емес салаларда жатыр. Ал дағдарысты оқиғаларды қоспағанда, жастардың саяси жаңалықтарға деген қызығушылығы бірқалыпты, ұстамды күйде қалып тұр. 2021 жылдан бері жастардың саяси жаңалықтар мен оқиғаларға деген қызығушылығының төмендеуі байқалады. Оған олар негізінен анда-санда ынта-ықылас білдірумен тынады. Елде саяси реформалар мен жаңғырулардың қарқынды жүріп жатқанын ескерсек, бұл көрсеткішті төмен деп бағалауға болады", – деп мәлім етті министрлік.

Яғни, министрлікте бұрын жастар саясатына жауап берген тұлғалардың жұмыс қорытындысына да төмен баға қоюға болар.

Ведомство "мемлекеттік қызметте және биліктің өкілді органдарында жастардың үлесі азайып бара жатқанын" қосты. Бұрын депутаттар хабарлағандай, мемлекеттік қызметшілер арасында жастардың үлесі – 22 пайызға, ал ауылдық жерлерде – 18%-ға дейін құлдырап кеткен.

Бұл ретте Қазақстанда жастардың саны күрт артты. Себебі 2022 жылдың соңында қабылданған жастарға қатысты жаңа заң бойынша жастар санатына жататын азаматтардың жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. 2022 жылдың 26 желтоқсанында Президент Қ.Тоқаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Нәтижесінде, 2023 жылдан бастап, республикадағы жастар саны былтырғы 3,7 миллионнан 5,7 миллион адамға дейін артып шыға келді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тұжырымдауынша, бүгінде қолданыстағы қоғамдық бақылау институттарын сөз жүзінде емес, шынайы жұмыс істейтін тетіктерге трансформациялау қажеттілігі туындап отыр. Бұл үшін оларға жастар арасынан шыққан қоғамдық пікір көшбасшыларын енгізу керек. Ал жастардың саяси процестерге, шешім қабылдауға қатысуы жергілікті өзін-өзі басқару тетігі арқылы іске асырылуға тиіс. Атап айтқанда, "қалалық және ауылдық жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мәслихатқа, әкім лауазымына адал, бәсекелі сайлау өткізу және оларға жастардың қатысуы протестік қоғамдық әлеуетті соған тартуға мүмкіндік береді".

Жастарды саясатқа тарту үшін министрлік әкімдіктер жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестерді реформалауды ұсынып отыр.

"Бұл кеңестердің қызметінде бірқатар проблема жинақталды. Нақтыласақ, кеңес құрамының жастар саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен сыбайласуы орын алады. Яғни бұл кеңестердің төрағасы әкім, ал қатысушылары – әкімдік қызметкерлері. Кейбір жағдайда кеңес формальды түрде, қағаз жүзінде құрыла салады немесе мүлдем жоқ болып шығады. Сондай-ақ кеңестердің қызметін БАҚ-та жарияламау олардың жұмысының ашық болмауына соқтырды", – деп түсіндірді ведомство.

Кеңестерді қайта құру аясында оның мүшелерінің ротациясы енгізілмек. Бұған қоса, оның құрамында түрлі әлеуметтік топтар мен кәсіп иелерінің, мысалы, азаматтық сектор, бизнес, медиа, ғылым, білім, денсаулық сақтау, спорт, өнер және басқа салалардың өкілдерін қамту қарастырылады.

Кеңес өз төрағасы саналатын әкімнің айтқанына бас шұлғи бермей, жастармен кері байланысты жолға қойып, әкімдікте тек соларды мазалайтын жергілікті мәселелерді ілгерілетуге тиіс.

Бұл ұйым Жастар ісі жөніндегі кеңес аталғанымен, онда да аға ұрпақ өкілдері жетерлік. Сондықтан алда жаңа кеңестер құрамы тек 18-35 жас аралығындағы азаматтардан ғана құралуы керек деген талап белгіленеді.

Құрамын қалыптастыру кезінде жастар саясаты мәселелері жөніндегі кураторларға, журналистерге, кәсіпкерлер мен азаматтық белсенділерге, "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының, "Дарын" сыйлығының иегерлеріне басымдық бері ұсынылады.

Кеңес төрағасы 1 жылдан аспайтын мерзімге дауыс беру арқылы сайлануға тиіс. Бұл ретте іс басындағы шенеунік, квазимемлекеттік ұйымның қызметкері немесе жергілікті мәслихаттың депутаты, Қоғамдық кеңестің өкілі төраға бола алмайды.

Жалпы, жастарды саясатқа тартуда көрші Өзбекстан бізге үлгі бола алады. Өзбек елінде шенеуніктер, депутаттар және басқа да билік өкілдері қазақстандық әріптестеріне қарағанда аз жалақы алады. Соған қарамастан, оңтүстік көршіде билік қарқынды жасаруда. Онда 35 жасқа дейінгі жастар арасында сұрау салынып, "Ижтимоий фикр" атты әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Оның қорытындысы көрсеткендей, респонденттердің 49,4% билік органдарда жұмыс істеуге құлшыныс танытыпты. Әсіресе, бойжеткендердің құлшынысы керемет: өзбек қыздарының 55,6%, ал жігіттерінің 44,6% биліктегі тұлға болуға дайын екенін және соған ұмтылатынын мәлімдеген. Сұралған өзбек жастарының әрбір екіншісі осы арқылы мемлекетті басқарудың маңызды шешімдерін қабылдауға қатысқысы келетінін жеткізген. Оларды сондай-ақ осы арқылы Өзбекстанды дамытуға, мемлекет пен қоғамды өркендетуге өз үлесін қосу мүмкіндігінің мол болатыны қызықтырады екен.

Жалпы, Өзбекстанда 2021 жылдың өзінде мемқызметтегі жастардың үлесі 25%-дан асты және тек өсіп келеді. Соның ішінде биліктегі биік лауазымды орындардың 15%-ы – жастардың қолына берілген.

Қазақстанда да бүгінде ілгерілеушілік бар. Бүгінде Смайылов Үкіметінде 2 жастар өкілі пайда болды. Біріншісі – Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов. Ол 1990 жылы 10 ақпанда Павлодар облысында туған. Екіншісі – Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова. Ол 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ал жаңа Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев былтыр бұл санаттан шығып қалды. Ол 1987 жылғы 4 шілдеде туған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу